Úı ANONS Жоспар: Әлі 5 мыңға жуық пәтер беріледі

Жоспар: Әлі 5 мыңға жуық пәтер беріледі

фото ШӨКҚ

Қалада баспаналы болғандардың қатары артты. Бүгін Бозарық шағынауданынан тағы 30 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Олардың қатарында көпбалалы аналар, жетім балалар мен бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Жыл соңына дейін шаһарда тағы қанша адам үйлі болады?

 

Қаламызда күнде қоныс той. Бүгін тағы 30 отбасы баспаналы болды. Соның бірі — Ұлбасын Абылаева. 6 баланың анасы осыдан 5 жыл бұрын үй кезегіне тұрған. Ол биыл жеңілдетілген несиелік бағдарлама арқылы көптен күткен арманына қол жеткізгенін айтады.

 

ҰЛБОСЫН АБЫЛАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бірінші өтінім келді дегенде қатты қуанғаннан қайын сіңіліме қалай жалаңаяқ жүгіріп барғанымды білмей қалдым. Ерекше сезім болды менде. Кейін одобрение берді дегенде де қатты қуандым. Барлығына жұғысты болсын. Көпбалалы ана ретінде осы кезекпен үй алып отырмын»

 

Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге арнайы келген қала басшысы Ғабит Сыздықбеков жаңа пәтер иелеріне кілтін салтанатты түрде табыстады. Әкім жауапты мамандарға үйдің сапасын жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Ал тұрғындарға қандай да бір кеткен кемшілік болса, тез арада түзетілетінін жеткізді.

 

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: ««Жігіттер байланыста болады. Жаңа үй болғандықтан бір мәселелер шықса, байланыста болды. Арасында келіп, істеп береді»

 

Жаңа пәтер Бозарық шағынауданынан беріліп жатыр. 9 қабатты заманауи насын. Мамандар мұнда тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдайдың барлығы жасалғанын айтады.

 

Жалпы, қалада 90 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр. Тұрғындарды баспанамен қамту қарқыны жыл сайын артып келеді. Мәселен, жыл басынан бері 2 жарым мыңнан астам отбасы үйлі болса, жыл соңына дейін тағы 5 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

Әсел Мәлік