Түркістан облысында сыныптасын зират басында соққыға жығып, өліміне себеп болды деп айыпталған төрт оқушыға қатысты сот үкімі шықты. Негізгі айыпталушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған үш жасөспірімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қайғылы оқиғаның мән-жайы қандай? Жәбірленуші тарап қандай өтемақы талап етті?
Түркістан облысындағы Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сыныптасын зират басына апарып, ұрып-соғып өлтірді деп айыпталған төрт оқушыға қатысты үкім шығарды. Олардың үшеуі Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ал негізгі айыпталушыға бұл баппен қатар «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша да айып тағылып, сот үкімі шықты.
«Кәмелет жасқа толмаған сотталушыға 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Кәмелет жасқа толмаған салтталушыларға 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ
Адам өліміне алып келген қайғылы оқиға өткен жылдың қараша айында болған. Сотталушылар өздерімен бірге оқитын 9-сыныпта оқитын 22 оқушыны болмашы себеппен зират маңына жинап, сапқа тұрғызған. Кейін әрқайсысы бір-бірден олардың көкірек тұсына жұдырықпен соққы жасаған. Мұнымен тоқтамаған басты күдікті екінші қайтара жұдырықтай бастағанда бірі құлап, оқиға орнында қайтыс болған. Прокурор соттан оны жеті жарым жылға соттауды сұраған.
«Сотталушылар кінәсін толық мойындап, шын ниетпен өкініп, істі тоқтатуды немесе бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Кәмелетке толмаған 21 жәбірленуші және олардың заңды өкілдері сотталушыларға кешірім беретінін, оларға қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ
Дегенмен қайтыс болған Жамбыл Жабаев атындағы мектептің оқушысы Мейіржан Нұржанұлының ағасы сотталушылардың біріне кешірім берген. Ал үшеуінен 30 миллион теңге моральдық зиян өндіруді талап еткен. Бірақ сот олардан 200 мың теңге моральдық шығын беруді міндеттеді. Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.
Дилара Иса






