Басталған іс аяқсыз қала бере ме? «Самал-1» шағынауданының тұрғындары арнамызға осылай шағымданып келді. Айтуларынша, сондағы О.Малқаров көшесі асфальттау үшін қазылып тасталып, іс аяғына жетпей жатып астаң-кестеңі шығуда.
Соңғы екі-үш айдан бері сондағы тұрғынның бірі Жанат Қожабаева өзі төрайымдық ететін О.Малқаров көшесінің бүгінгі аянышты халі үшін зыр жүгіріп жүр. Түсіндіруінше, «Самал-1» мен «Самал-2» шағынаудандарының шекарасы саналатын орталық көшені сәуірде асфальттаймыз деген құрылыс бөлімі, жарты жолға келгенде жұмысты тоқтатып қойған. Енді жол да жоқ, қазылған жер беті де ойық-ойық. Шұрық тесік. Ал бұрқыраған шаңның әңгімесі тіпті бөлек.
Жанат ҚОЖАБАЕВА, «Самал-1» шағынауданындағы О.Малқаров көшесінің төрайымы: «Қайбір күні жаңбыр жауып көше лайланғанда шулап кетті адамдар. Батпақтап қатты әбіржідік. Көлік тұрмақ, адам жүре алмайтын жағдайға жеттік».
Жұмысты жалғастыруға тиісті қаржы биылдыққа бөлінген жоқ. Құрылыс бөлімі тұрғындарға осындай жауап қайтарған. Себебі, қаланың бюджеті көтермейтін болып шешіліп, сессия шешімімен іс уақытша тоқтатылған. Мұны әкімдіктегілер де растап отыр. Сондықтан қаржы мемлекеттік бюджеттен келуі тиіс. Ал оның қашан бөлінері белгісіз. Сөйтіп, О.Малқаров көшесіне жақын арада асфальт төселмейтіні анық болғандай.
Еркін ЖАЛДАНОВ, Қалалық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары: «Самал-1» шағынауданының ішкі орамдық жолдарына жалпы сметалық жоба бойынша 1 млрд. 616 млн. теңге қаралған. Оның 74 млн.ы 2011 жылы бөлініп, ол толығымен игерілген. 2012 жылға, яғни бүгінгі таңда «Самал-1″ шағынауданына қаржы қаралған жоқ. Сондықтан бұл жерде уақытша құрылыс монтаждау жұмыстары тоқтауда».
Негізінен, «Самал-1» шағынауданының ішкі орамдық жолдарының 50-уі қажетті жөндеуден өткізілуі тиіс дейді мамандар. Оның бүгінде 7-не ғана тисті жұмыстар жүргізілген. Қалғаны тиісті ақшаның бөлінбеуіне байланысты қолды байлап отыр. Өйткені, жергілікті бюджеттің қалтасы мұны көтермейді дейді құрылыс бөлімінің мамандары.