Шымкенте Оралхан Бөкей атындағы облыстық көркемсөз оқу байқауы өтпек

757
Шымкентте Оралхан Бөкей атындағы облыстық байқау өтпек

Биылғы «Бір ел – бір кітап» акциясының жыл таңдауы жазушы Оралхан Бөкейдің шығармалары болғандықтан, Шымкентте түрлі әдеби шаралар қолға алынып өткізілуде. Әсіресе, кітапханаларда үзіліссіз шаралар, қаламгердің туындылары дәріптеліп жүр.

Осы орайда, ағымдағы жылдың қыркүйек айында облыстық Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» әңгімелер жинағына арналған көркемсөз оқу байқауы өтеді деп күтілуде. Жастарды кітапқа баулу мақсатында қолға алынған шараға өңіріміздегі 16-25 жас ерекшелігіндегі кез келген адам үміткер болуға мүмкіндігі бар.

Байқауға қатысушылар сайыстың бірінші бөлімінде Оралхан Бөкейдің прозалық, драмалық шығармаларынан және монолог оқиды, екінші кезеңінде «Қайдасың, қасқа құлыным» повесі бойынша талдау жасауы қажет. Ал үшінші айналым жазушының және жергілікті қаламгерлердің шығармаларынан сауалнамаға жауап беру (үміткер ұяшықты таңдап, ашылған сұраққа жауап береді) шарты қойылады. Байқауға қатысушылардың оқылатын мәтін көлемі 5-6 минуттан аспауы керек. Сондай-ақ дайын фонограммаларды пайдалануға тыйым салынады.

Сондай-ақ сарапқа ұсынуға таңдап алынған мәтіндерді жатқа білулері қажет. Байқаудың сарапшылары үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтін оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, мәтінді талдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына назар аударады. Сондай-ақ ұйымдастырушылар алқасы үміткерлердің өнерлері қайталанбауы тиіс және қазақша киім үлгісінде киіну міндет емес. Айта өтейік, байқау жеңімпаздары жүлделермен және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Сондай-ақ жеңімпазға ақынның туындылары жазылған кітаптармен қатар, Республикалық байқауда бақ сынауға мүмкіндік беріледі. 

«Қара қасқа құлынды іздедім, амал не жоқ… Мүмкін кейінгі биелерден ондай қара қасқа құлын қайтып тумайтын шығар» деген қаламгердің  күмәні де орынды. Қазақ әдебиетінің көркем шығармаларының төрінен орын алған еңбектері ел есінде мәңгі жатталары сөзсіз.

Ляззат Бақытжанқызы, ОҚПИ-дың студенті: «Мен былтырғы жылы қатысқым келіп, ниет еткеніммен кешігіп қалғанмын. Сондықтан биыл Оралхан ағамыздың шығармаларын жаттап жүрмін. Өзімнің мамандығым да қазақ тілі мен әдебиеті болғандықтан, ақын-жазушылар, қазақ әдебиеттернің алыбтары жайында білімімді арттырғым келеді. Бүгінннің өзінде жазушының еңбектерін оқып, өмірге деген көзқарасым өзгеріп жүргенін жасырмаймын. Адамгершілікке, инабаттылыққа және мәдениетттілік пен жақсылық жасауға баулитын туындылары мәңгілік екеніне көзім жетті».

Зәкира Пәрімбекова, ОҚО А.С.Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапхана директорының орынбасары: «Бүгін өңірдің ақын-жазушылары мен мәдениет қайраткерлері жиналып, байқау турасында ой-пікірлерін айтуда. Бұл өнер додасын жыр сүйер жастардың да асыға күтіп жүргенін білетінбіз. Сондықтан, оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылғалы жатыр. Шарттарын да ұсынуда, себебі талантты жастар дайындықтарын бүгіннен бастағаны жөн. Сондай-ақ биылғы «Бір ел – бір кітап» акциясы дәл осы Оралхан Бөкей еңбектеріне арналып отырғаны да қуантып отыр».