ОҚО бойынша 16 мыңнан аса түйе бар. Республикалық көрсеткіш орта есеппен 150 мыңды құрайды. Десек те, түйе шаруашылығы әлі де кенжелеп тұр. Жануардың сүтін сауып, көл-көсір пайдаға кенелудің жолын таппай-ақ қойдық әйтеуір. Ғалымдардың пайымдауынша, қымыранды жоғары технологиямен өңдеу ісін жолға қоя алатын болсақ, онда біздің экономикалық өрлеуімізге оң ықпал болатын көрінеді.
Себебі түйе сүтінің құны мұнай өнімдеріне қарағанда 38-40 есеге қымбат. Мысалы, халықаралық биржада 1 баррель мұнай 110 доллар, 1 тонна мұнай 800 доллар. Ал қымырынның 1 литр сатылу құны Қазақстанда 400-700 теңге аралығында. Демек, шетелге шығатындай жағдай болса, әлбетте кем дегенде 2-3 есе қымбатқа сатылары сөзсіз. Сондықтан, мұнаймен салыстырғанда қымыраннан түсетін пайда айтарлықтай көп. Экономикалық пайдасы былай тұрсын, ұлт саулығы үшін де бұл сусынның пайдасы көл-көсір.
Бiр литр қымыран ересек адамның В1, В 12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін қанағаттандыра алады. Дәстүрлi сусын сонымен қатар iшек, бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Айран мен сүтке қарағанда, тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары болады екен. Қымыз және сиыр сүтiнен жасалатын өнiмдерге қарағанда, қымыранның құнарлы заттары көп. Мәселен, бiр литр түйе сүтiнде 911 ккал болса, бие сүтiнде 528, сиырдікі 660 калорияны құрайды.
Тағамтану академиясының директоры Төрегелді Шарманов «қымыранмен өкпе құрты, бауыр ауруларын, холециститтi, өт жолдарының бiтелiп қалуын емдеуге болады» дейді. Бүгінде екі адамның бірінде кездесетін дисбактериоз дертіне таптырмас ем. Күнделікті тағам рационына қымыранды қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, қуатыңыз арта түседі. Жоғарыда айтылғандай түйе сүтінің құрамы ерекше, яғни маңызы мол. Содан болар, ілгеріде ауыз бекіткен қариялар кешке дейін тоқ жүру үшін қымыранды сәресіге ішіп отырған. Оның үстіне иммундық жүйені көтеріп, ағзаның физиологиялық күшін арттырады. Күш демекші, бүгінде ер азаматтардың сырқаты сан алуан.
Әсіресе еркектік күш-қуаты 27 жастан кейін-ақ, сыр береді. Ал қымыран қымыз секілді белсіздіктен қорғай отырып, түрлі аурулардың алдын алады, еркектің эрекциялық қабілетінің сапасын арттырады. Никотин, алкоголь сияқты зиянды элементтердің ағзадан тез шығуын қамтамасыз етеді.
Арақтан уланған жағдайда, қымыран бүкіл ағзаны тазалап шығады. Бұл дәлелденген терапия. Оның үстіне қымыранды дайындау барысында микрофлор ашытқысының көмегімен, түйе сүтінде күрделі биохимиялық өзгерістер жүреді екен. Соның арқасында В1, В6,В12 дәрумендерінің құрамы екі есеге артып, С дәрумені де қалыптасады. Бұл мықты денсаулықтың кепілі. Сондай-ақ, тыныс алу, ас қорыту, гастрит, бауыр аурулары, өт жолдары, тоқ және тiк iшек ауруларына, сусамыр және басқа түрлi жараларды емдеуге қолдануға әбден болады. Барлық жастағы адамдар денесiне жара шыққанда оны ем үшiн iшсе де жараның беті қайтады. Ұмытшақтық, ауруына шалдыққандар да пайдалана алады. Әйелдердегі климакс кезеңінің жеңіл өтуін қамтамасыз етеді.
Бірақ түйе сүті қымыз секілді көп уақытқа дейін сақталмайды. Бір күннен кейін-ақ ашып, құрамы өзгеріп шипасы болмайды. Дайындау технологиясын қатаң сақтамаса, күндік жерге қымыранмен жету тым қиын.
Отырар ауданы Шілік ауылында «Гүлмайра» шаруа қожалығы бар. «Отырар шұбаты» деген сауда белгісімен қымыран өндіріп жүрген оңтүстіктегі жалғыз қожалық осы. Құрылтайшысы – Оразәлі Мұстафин. 2003 жылы түйе сүтін өндіріске шығаруды қолға алған ол бұл күнде мақсатына жеткен деп айтуға әбден болады.
Оразәлі Мұстафин, «Гүлмайра» шаруа қожалығының құрылтайшысы
– Біздің шаруашылықта қазір 126 түйе бар. 12 адам жұмыс жасайды. Күніне 500 литр сүт сауамыз. Ауыл адамдарынан да сүт қабылдайтын қосымша бөлімшеміз бар. Бала күнімізден қымыран ішіп өскендіктен бе, ауру-сырқау дегенді білмедік. Жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Шұбатты ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол – әрі сусын, әрі тамақ. Шипалы сусынды ел игілігіне жаратсақ деген ой келді. Содан бері, Аллаға шүкір, өндірісіміз жүріп жатыр. Жасау технологиясы Алматыдағы ғалымдар көрсеткен үлгі бойынша дайындалады. Екі аптадан артық сақтауға болмайтын өнім болғандықтан, ережені өте қатаң ұстаймыз. Өтпей қалып, цехқа қайта келіп жататын тауар болған емес. Демек, елге қажет. Тіпті дүкеншілерден «жұрт сұрап ішеді» дегенді естиміз. Ендігі жылы өндірісті ұлғайтсақ па деген ойымыз бар.Түйені бағу да жеңіл. Табиғатынан шыдамды жануар. Аяғы да ұзын. Өріске тез барып, тез тойынады. 15-20 шақырым жерге жайылып барып қайту түйеге түк емес. Суыққа да, шөлге де төзімді. Пайдасы да мол. Түйенің жүнін де өткіземіз. 1 келісін мың теңгеден сатамыз.
Ғалымдармен пікірлесіп, Алматыға дейін барыпты. Ол жерде қымыранды ұзақ уақытқа дейін сақтауға болатын технологиямен танысып, ақыры 2010 жылы шағын цех ашады. Көп ізденістің нәтижесінде Оразәлі Файзуллаұлы мен ғалымдар тобы түйе сүтiнен балқаймақ және шалап айыруды жүзеге асырыпты.Дайындалған балқаймақта майлылық 15%-ға дейiн жеткен. Ал спирт 1% мөлшерiнде. Әзiрленген шұбат өнiмдерi балаларды тамақтандыруға өте қолайлы өнім болып шықты.
Қымыранды негiзiнен 14 күнге дейiн сақтауға болады екен. Ал, оны экспортқа шығару үшiн мiндеттi түрде шұбатты кептiру технологиясын қолданған жөн. Ал, шұбаттың құрғақ ұнтағы үш жылға дейiн жарамды болып есептеледi. Қымыранның таблетка түрiндегi тәжiрибелiк үлгi тұңғыш рет Шымкентте шығарылды. Оның 1 таблеткасында 1,24 грамм қымыран бар. Яғни, қымыранның бiр таблеткасы табиғи «биологиялық белсендi қоспа» секiлдi. Әсiресе, оның емдiк қасиетi жоғары. Таблетканы ойлап шығарған ғалымдар тобы iшiмдiктен емдеу және бас жазудан айықтыру жөнiндегi тәжiрибенiң де нәтижелi болғанын айтады.
Ер азаматтардың күш-қуатын арттыру үшiн мұндай таблетканың бiр-екеуiн пайдаланса жетiп жатыр. Сондай-ақ біздің ғалымдар құрғақ шұбат әзiрлеу әдiсiн ғарышкерлерге тамақ өнiмдерiн дайындау жөнiндегi Таллин қаласындағы жабық өндiрiсте болғанда үйренгенiн атап өткенiмiз жөн. Осы сапардан кейін бiрнеше жыл бойы осы технологияны жасауға кiрiскен шымкенттiк ғалымдар алынған құрғақ қымыранның ұнтағын ҚР Ұлттық академиясының тағамтану академиясына жiбередi. Нәтижесi көңiл қуантады. Құрғақ қымыран өзiнiң қасиеттерiн сол күйi жоғалтпай сақтап қалған. Алайда, қымыранды таблетка түрiнде әзiрлеу технологиясы көп шығынды қажет ететiнi анықталды. Оған көлемдi инвестиция керек. Дүниежүзiн таңқалдыратын жаңалықты ашу үшiн толыққанды жұмыс iстеу мақсатында ғалымдарға көп қаржы керек болды. Өкінішке қарай, қаржының тапшылығы қолбайлау болып, идея игерілмеген бойы тұралап қалды.
Егер қаржы құйылса, Шымкенттік ғалымдардың аты әлемге әйгілі болатын еді. Шипалы шұбат өндiрiсiне Жапонияның, Еуроодақтың, АҚШ және Австралияның тауар өндiрушiлерi қазiрден бастап қызығушылық танытып отыр екен. Қазақтың емдiк қасиетi мол сусыны ұлттық брендке айналатын өнiм болуы да ғажап емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сауықтыратын медициналық сусын деп бағалап отырған қымыранның пайдасын ертеден-ақ білген дана халқымыз қазіргі нарықтық заманда да дәстүрлі сусынымыздың қаржылық пайдасынан қағылмаса екен дейміз. Өзгеден бұрын өз кәсіпкерлеріміз бен фермерлеріміз түйе шаруашылығына ден қойса, халқымыздың денсаулығы да жақсарып, экономикамыз да ілгерілей түсер еді.
Ақмарал Мырзахметова