Әр ауданнан 10-15 үй жаңартылады

Шымкентте әр ауданнан 10-15 үй жаңартылады

Шымкентте әр ауданнан 10-15 үй жаңартылады

Елбасы Н. Назарбаев биылғы Жолдауында «Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші — тұрғын үй жайлылығының деңгейі» деп атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ ел Үкіметіне жедел түрде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаң­ғырту бағдарламасын іске асыруды міндеттеген еді.

2011-2020 жылдарға арналған аталмыш бағдарламаның жай-жапсарын халыққа түсіндіру мақсатында Шымкент қалалық әкімдігінде «Басқарудың тиімді әдістерін қолдану, инновациялар мен энергия үнемдеу технологияларын енгізу негізінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту» тақырыбында конференция өтті.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту орталығының ОҚО бойынша филиал директоры Әбдімәлік Балбаевтың айтуынша өңіріміздегі 3374 көпқабатты тұрғын үйдің 1796-і күрделі жөндеуді талап етеді. Бағдарламаны іске асыруға облысымыздың үлесіне 25 млрд. теңге аударылған. Бұл қаржыға қол жеткізу үшін барлық аудандағы тозығы жеткен тұрғын үйлер Әділет басқармасына кондоминиум нысаны ретінде тіркелуі керек көрінеді. 1784 тұрғын үй аталған талаптарды орындапты. Шымкент қаласында — 1326 үй, Кентау қаласында — 48, Қазығұрт ауданында — 10, Түркістан қаласында — 6, Төлеби ауданында — 3, Отырар ауданында — 22 үй. Енді қалған аудандар да осы тапсырманы созбалаңға салмай, дер кезінде орындаулары керек болып тұр. Өйткені 2013-2015 жылдар аралығындағы бағдарлама бойынша біздің облысымызға 1 млрд. 625 млн қаржы бөлінген. Атқамінерлер тиісті құжаттарын тезірек дайындамаса, қаржыдан құр қол қалулары мүмкін.

Бүгінгі таңда 7 үйдің сараптама құжаттары дайын тұр. Енді қалған үйлердің сараптамасы осы айдың соңына дейін әзірленіп, жөндеу жұмыстары басталуы тиіс.

Жөндеу жұмыстарының бір шаршы метрінің бағасы 48 теңгеден аспауы қажет. Яғни, әр ауданда 10-15 шақты үй жаңартылады деп күтілуде.

Бүгінгі таңда 2012 жылдың жоспары бойынша Д. Қонаев даңғылындағы №13 үй мен Г. Ильяев көшесіндегі №37 үйге жөндеу жұмыстары басталған. Екі үйді қоса есептегенде 39 млн. теңге жұмсалады екен. Сонда бір шаршы метр 38 теңгеден түседі деп есептеп берді мамандар.

Былтырғы жылы Пилоттық жобаға бөлінген 343 млн. толықтай игеріліп, қаладағы 6 көпқабатты үй жаңа кейіпке енді. Қазір бұл үйлердің бағасы 20-30 пайызға қымбаттап кетіпті.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғы саласында атқарылып жатқан осынау маңызды іске тұрғындардың жан-жақты қолдау көрсеткендері абзал. Тұрғындарға көп мәселеге бас қатырудың қажеті жоқ. Мемлекет тарапынан үстемесіз несие алып, жүзеге асырса болады. Ол үшін көп қабатты үйлердегі тұрғындардың ортақ келісімі керек екен.

Көп қабатты тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу жөніндегі дәл осындай тәжірибе Батыс Еуропа және Балтық жағалауы елдерінде кеңінен қолданылатын көрінеді. Бұл жоба жүзеге асатын болса, шұрқ тесік шатырлар бүтінделіп, қанша жылдан бері жөндеу көрмеген тұрғын үйлердің жағдайы түзеліп қалар еді.

Әйгерім БЕГІМБЕТ