Қайырымдылық қорлары алаяқ боп шықпасын

1520
Қайырымдылық қорларына халық күмәнмен қарайды

Қазақ қайырымды халық. Өзінен бұрын өзгені жарылқап, тағдыры талқыға түскен ағайынына қолда бар дүниесін, ауызындағы асын жырып беретін дархан мінезді кең пейіл ұлт. Қай заманнан бері осылай. Кешегі өткен ашаршылық, репрессия жылдарында осында келіп, қилы заманның теперішімен қуғындалып жер аударылған сан түрлі ұлт өкілдеріне қолда бар асын беріп, баласын бауырына, жесірін өз жұртына қабылдай білді.

Заман жаңарып, елдіктің туы тігілгелі бері де ұлтымыз қайырымшыл мінезінен айырыла қойған жоқ. Бүгіндері әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар мен жетім-жесір, ауру-сырқауларға, тосыннан жәрдемге зәру болып қалғандарға көмек қолын созуға дайын тұратын небір ұйымдар, қайырымдылық қорлар пайда болған.

Қайырымдылық қор демекші, дәл қазір мұндайлардың саны елімізде мыңдап саналады екен. Әртүрлі бағытта жұмыс істейтін бұлардың негізгі мақсаты біреу-қайырымдылық жасау, сол қайырымдылыққа керекті қаражат жинау. Осы арқылы шешімін таппай жатқан кейбір әлеуметтік топтардың мәселелеріне кішкене де болса қолдау көрсету. Мақсаттары айқын, міндеттері бір. Дегенмен, халық арасында осы қайырымдылық қорларының жұмыстарына сенімсіздікпен қарайтындар да баршылық. Олардың пікірінше, қорды ұйымдастырушылар ақшаны жиып алып, өз мүдделеріне керегінше жұмсап, содан қалғанын қажетті нысанға үлестіреді. Көрсеткен қызметі үшін де белгілі бір бөлігін өздеріне алып қалатын көрінеді.

Жалпы осы қорлардың жұмыс істеу тәртібі қалай, мемлекет бұлардың кіріске түскен қаржысын есептеп, мақсатты пайдаланылуын қадағалап отыр ма? Біз осы сауалдың жауабын қуалап Оңтүстік Қазақстан облыстық Әділет департаментіне хабарласқан болатынбыз. Департамент бастығының орынбасары Балжан Әліпбекова қайырымдылық қорларын ресми түрде тіркейтіндерін, алайда ары қарай олардың жұмысын қадағалап, ақшаны мақсатты жұмсайтын, жұмсамайтындығын тексеруге құзыреттерінің жоқтығын айтты. Соңғы 1-2 жылдан бері оңтүстікте ресми тіркеліп, тұрақты жұмыс істеп тұрған қорларының саны 73-ке жетеді екен. Яғни, жоқ-жітікке, кедей-кепшікке қол ұшын беретіндердің саны әжептәуір деген сөз. Соған сай қорға түсетін қаржының да көлемі қомақты екендігін ұғуға болады.

4-5 жылдан бері оңтүстікте ресми тіркеліп, тұрақты жұмыс істеп тұрған қорлардың саны 73-ке жеткен.

Мұндай қорлар әсіресе табиғи апаттар орын алған кезде құрылып жататыны белгілі. Естеріңізде болса, жыл басында облысымыздың бірнеше аудандарында су тасқыны орын алып, бірнеше ауыл-аймақты су шайып кеткен еді. Әсіресе Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылы қатты зардап шегіп, осындағы үйсіз, күйсіз қалған қандастарымызға жәрдем болсын деп бүкіл облыстың қалталы азаматтары қор ұйымдастырып, оған бірнеше миллион теңге түскен. Естуімізше әлі күнге ақша аударып жатқан қайырымды азаматтар бар екен. Алайда жергілікті тұрғындар бір-екі мәрте азық-түлік таратылғанын, одан бөлек қайырымдылықтың ұшын да көрмегендерін айтуда. Тіпті, үйі су астында қалған зардап шегушілерге берілуі тиіс мемлекеттен бөлінген өтемақы да әділ үлестірілмепті. Кімнің әкімдікте, немесе бағалаушы мекемеде таныс-тамыры бар болса, солар көп ақшаға иелік еткен.

Осындайларды естігеннен соң қайырымдылық қорлары төңірегінде де сыбайлас жемқорлардың бар екеніне еріксіз сенуіңе тура келеді. Ұсталмаған ұры еместігін білген соң, анау жеп қойыпты, мынау жымқырып кетіпті деп қолмен көрсетіп айтуға тіліміз қысқа. Әйтпесе сондай қорлардың басы-қасында жүргендердің науқан бітісімен қымбат көліктерге қонжиып, ең болмағанда үйінің шатырын ауыстырып жататынын талай көргенбіз. Біреулерге бос сөз болып естілуі мүмкін, бірақ ішіңіз айтып отырған мәселенің растығына мойын шұлғитынына сеніміміз кәміл. Кешегі өртке оранған «Бекжан» базарындағы зардап шеккен сатушыларға жәрдем көрсету үшін де қор ұйымдастырылғанын жақсы білесіздер. Бір күндік еңбекақыларын аударғысы келмей қарсылық көрсеткісі келгеніне қарамай бюджеттік мекемелердің қызметкерлері жоғары жақтың көз алартуынан қорқып, бала-шағасының ауызынан жырып, ақша аударды. Білуімізше қорға түскен қаржы 125 млн. теңгеден асып жығылған. Және де саудагерлерге түгел үлестіріліп берілген. Түскен қаражаттың қаншалықты түгел үлестірілгенін салық органдарына жасалынатын есептен кейін белгілі болмақ.

Соңғы жылдары халыққа қайырымдылық жасауда тек отандық қорлар ғана емес, сонымен қатар шетелдіктер де атсалыса бастаған. Сондайлардың бірі «Сорос қоры». «Сорос- Қазақстан» Республикамызда ашық қоғамның орнауы және дамуына ықпал етуді мақсат етіп, өз қызметін негізінен мәдениет, білім, ғылым, құқық, экономика, экология, денсаулық сақтау тағы басқа да гуманитарлық салаларда жүргізіп келеді. Бұл қордың еліміздегі ауқымды істері өте көп. Мәселен, «Тәй- тәй», «Мектептерге көмек», «Оқулықтармен қамтамасыз ету», «Оқулықтар», «Ағылшын тілі», медицина, жоғары білім беруді қолдау, мәдениет пен өнер, мәдени байланыстар, кітапханаларға қолдау, Орталық Азия форум, Құқықтық реформа, Ақпараттық орталық» деген секілді бағдарламалар бойынша қайырымдылық мақсатқа жыл сайын 5,5 миллион доллар бөліп келеді.

Осы жұмыстардың барлығының бастамашысы әйгілі қаржыгер Джордж Соросты жақтырмайтындар ол бұл ұйымды АҚШ-тың рухани экспансиялық саясатын жүзеге асыру мақсатында ойлап тапқан пысықтығы деседі. Демократияны тықпалау мақсатында халыққа қайырымдылық жасап жатырмыз деген желеумен елдің ойын, біртұтастығын бүлдіріп жатыр екен-міс. Тіпті бұл ұйымның астарлы қитұрқы сая- саты бар деп білетін елдер оны ел аумағында жұмыс істеуіне рұқсат бермей қойған. Қалай болғанда да шетелдік қайырымдылықтың артында не мақсат жатқанын ешкім де дөп басып айта алмайтын сияқты. Себебі оларға іс жүзінде мынадай деп айып тағып, елден алас-тау әл-әзір мүмкін болмай тұр.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ