Қазақ жалқау емес

Бүгіндері қазақты жабыла кеп «жалқаусың» деп сынаушылық белең алып кеткен. Қит етсе қазақ анау, қазақ мынау, жұмыс істемейді, істеуге құлқы жоқ дегенді жиі естиміз. Қазақты «жалқау» деп сыпыра сынай салу оңай. Мықты болсаң соларды оңға бастап іске қос. Мәселе осында. Егер халық жалқау болса, жалдануға жұмыс іздеп, қала-қаланы шарлап, арқасына есектің жүгін арқалап, арамтер болып несі бар? Біз кейде өз қазағымызды жөнді-жөнсіз күстаналап, қарапайым халықтың қолынан тек қана қара жұмыс істеу келеді деген ұшқары сөздерді жиі айтатын болып алдық. Расында да, қала, ауыл халқы, қарадомалақ – қазағымыз соншалықты жалқау ма?

 Бүгіндері қап арқалаған қазақтар әлі күнге қала, қала берді базар жағалап, арлы-берлі сабылып жүр. Деректерге сүйенсек, дағдарыс әжептеуір тұралатып кеткен елімізде жарты миллионға жуық жұмыссыздар бар екен. Ауылдағы еркек біткен Астана мен Алматының құрылысында арқасына ауыр жүкті арқалап, аурушаң қазақтың қатарын еселеп көбейтіп, өлместің қамын жасап, әйтеуір әлі де жан бағуда. Соған да ризамыз. Ащы да болса, айтуға ауыр болса да қазіргі шынайы өмірдің шынайы көрінісі осы. Ерлерді қойшы, отбасының шырайын кіргізетін әйелдер де қалаға барып шемішке сатып, құрт сатып, болымсыз пайданың соңынан өкпесі өше қуалап, өз үйі өлең төсегінен безетін амалсыздық күйге жеткен. Кімнің мақсатсыз алашапқын болғысы келеді дейсіз. Үй іргесінде, ауыл аймағында түрлі жұмыстар ұйымдастырылып жатса тау асып, тас басып не жыны бар, алыстан арбалағаннан, жақыннан дорбалағанның дұрыс екенін кім білмейді дейсіз. Бірақ, амал не…

2012 ж. маусым айындағы есеп бойынша Қазақстандағы жұмыссыздар саны 469,2 мың адамға жетіпті. Жұмыссыздық деңгейі халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 5,2%-ын құраса керек. 2012 жылдың маусым айының соңында еліміздің жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар саны 62,9 мың адамды немесе халықтың экономикалық белсенді санының 0,7%-ын құрайды екен. Бұл тек ресми ғана дерек. Статист мамандардың үнемі саннан жаңылысып жүретінін ескерсек, тасада көрінбей қалған жұмыссыздар армиясының өте көп екенін байқауға болады. Ал енді өз өңіріміздегі жағдайға келсек, 1 тамызға дейінгі мәліметтерге сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысында 12657 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Мамандардың пікірінше, олардың қатары 70.3 мыңнан асып кетеді.

Пилоттық жоба ретінде былтыр қолданысқа енгізілген «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына жұмыссыздар мен өзiн-өзi жұмыспен қамтығандарды және аз қамтамасыз етiлген отбасы мүшелерiн тарту көзделгені белгілі. Бағдарламаны ОҚО-да жүзеге асырып, жұмыссыздар армиясының қатарын сирету үшін биыл қазынадан 9,6 млрд. теңге қарастырылыпты. Өткен жылы аталмыш бағдарламаға 3.7 млрд. теңге бөлінген болса, биылғы қарастырылған қаржының 3 есеге жуық өскенін байқауға болады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылардың мәліметіне сүйенсек биыл «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына 24 мыңнан астам жұмыссызды қатыстыру жоспарланған. Тамыз айына дейін 20735 адам тартылыпты. Жастар практикасы бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасатындарға 17,2 айлық көрсеткіш, атап айтсақ 28730 теңге көлемінде жалақы төленеді.

Жалпы қаншама бағдарламалар түзіліп, жұмыссыздықты еңсеру жолында толымды еңбектер атқарылып жатса да, өңірімізде жұмыссыздар армиясының мүлдем азаймай тұрғанын байқаймыз. Әншейінде жұмыссыздықпен қарқынды түрде күресіп жатырмыз дейтін сала мамандарының берген деректері өздері айтатын «қарқынды» әрекеттерін көрсете алмай тұрған сыңайлы. Десек те, қай елде болмасын, қай қоғамда болмасын негізгі мәселе ол жұмыссыздық екенін білеміз. Шаруашылығы мен байлығы, халқының тұрмыс-тіршілігі талайды тамсандыратын АҚШ пен Жапонияның өзі де жұмыссыздық мәселесімен оңтайлы түрде күресудің жолын таба алмай бастары сарсаңға түсуде. Олардың жанында біз кімбіз өзі тәйірі дейін десек, аз ғана халықты жұмыспен қамтамасыз ете алмау деген өзіміз мақтануға құмар «экономикасы қарқынды дамып жатқан» мемлекетіміз үшін ұят нәрсе емес пе?

Дәл қазір жұмыссыздықтың зардабын қатты тартып жатқан бұл – жастар. Күректей дипломдарын қай жерге жаратарларын білмей, кірерге жұмыс, берерге пара таппай, алып ұшқан көңілдер су сепкендей басылып жатыр. Білімді де алғыр, тепсе темір үзетін жігіттер шетінен. Аяйсың. Қоғамның, нарықтық заманның қаталын-ай деп налисың. Жастардың көпшілігі осылайша үйде жатып жүйкесі шаршап, арақ пен нашаға әуестеніп, бұзақылық жасап, басқа да қиын мәселелерді одан сайын ушықтыруда. Жұмыспен қамту бөлімінің мамандары: «жастардың жұмысқа орналасуына көбіне еңбек өтілінің болмауы мен тәжірибесіздігі кері әсерін тигізуде. Осы олқылықты жою мақсатында оқу орнын бітірушілерді «Жас-тар практикасына» жіберу өз жемісін беріп отыр» дейді. Алайда халықтың аталмыш бағдарламаға көңілдері толмайтынын баса айтқан жөн. Себебі, айлығы шайлыққа да жетпейді екен.

Елдің әлеуетін көтергіміз келсе жұмыссыздықтан құтылудың амал-айласын ауқымды түрде ойластыру керек-ақ. Пәленбай шаруашылықтар мен ұжымдары, кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары қағаз жүзінде ғана түтін түтетпей нақты дүрілдеп, ырғаққа түсіп, жүріп кеп берсе олқылықтың да орны толары кәміл ғой деп пайымдаймыз.

Екі қолына бір күрек берсе қазақтың жалқау еместігіне көзіміз жетер еді…

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Тілші түйіні:

Адамды дұрыстап пайдаланса, іске қосса екі қолы жасамайтын керемет жоқ. Ел басқарып отырғандар, атқамінер алыптар осы жағдайды ескерсе екен дейміз. Ақшасын әлдебіреулердің 50 жылдық, 70 жылдық мерейтойларына, ұлан -асыр асы мен көкпарына шаша бермей, кедей-кепшікке көмек қолын созса, ауыл-аймаққа, жұмыссыздары мыңдап саналатын қалаға жәрдемін тигізсе екен деген сұранысымыз бар. Кішігірім болса да шаруашылық ашып, ағайынына жәрдемін жасаса. Қолында бар қаржысын шетел асыра бермей, халықтың, өз жерінде отырып үнемі өгей ұлдың күйін кеше беретін қарапайым қазақтың қамы үшін қиса дейміз. Пайдасыз да қалмас еді-ау…

Сөз соңында айтарымыз, қазақ жалқау емес, оған дұрыстап жұмыс ұйымдастыруға көмектесу керек!