Жаңалықтар 

Аманбек Ақайұлы есеп беру кешін өткізді

Аманбек Ақайұлының шығармашылық кеші “Қазығұртым-киелім” әнімен шымылдығын түрді

Ғалым, ақын-композитор Аманбек Ақайұлы тұңғыш есеп беру кешін өткізді.

Шымкентте, Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының сахнасынан тамашаланған шығармашылық кеш сазгердің “Қазығұртым – киелім” әнімен шымылдығын түрді. “Ән арнадым халқыма» тақырыбы аясында өрбіген шараға өнерсүйерқауым көп жиналды. Айта өтейік, асқаралы алпыстан асқан аптал азамат бүгінге дейін жұртшылыққа 2 ән, 4 жыр жинағын сыйлап үлгерген. Шығармашылық кеш барысында сазгердің өмір жолынан сыр шертетеін бейнеестеліктер де ұсынылды. Бұл күні көпшіліктің құрметіне ие болған Аманбек Ақайұлына мәдениет басқармасының алғыс хаты тапсырылды.

Академик, профессор, биология және экономика ғылымдарының докторы, халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Ясин» технологиясы «Қазығұрттану» ғылыми-зерттеу институтының Президенті Аманбек Ақайұлы 1970 жылдардан бастап өнерге бет бұрыпты. Сондай-ақ сазгердің тұщымды әндерін тіпті дүлдүл әнші Мәдина Ералиева да ерекше ықыласпен шырқаған екен. Атаулы кеште әнші Мәдинаның орындауындағы естелік болған әндердің бейнематериалдары да көпшілік назарына ұсынылды. Өнер иесінің замандастары да өнердегі әріптестері ән жиынға гүл шоқтарын алып, үлкен құрметпен келіпті.
Ұлбосын Тәжібаева, ҚР мәдениет қайраткері: «Аманбек өте қарапайым, адал жар. Отбасын да танимыз. Сондықтан, бұл кісі жайлы айтатын дүниелер көп. Өте мейірбан қарапайымдылығымен ерекшеленетін жан ғой. Жалпы өмірдегі мінезі ашық-жарқын. Ешқашан дүниеге қызыққан емес. Анығырақ айтсам, бұл кісі дүние емес, білім жинады. Сондықтан құрметтеуге лайықты адам деп білемін. Қанша дегенімен осыншалықты жетістікке жетіп, бүгінде еліне қадірлі азамат болу – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Менің ойымша бүгінгі той – Аманбектің жасаған жұмыстарының жемісі! Әрдайым өнердегі әріптестер болып бас қоссақ болды, барлығы да Аманбектің адамдық қасиетін – адамгершілігін айтып шыға келеді. Сол дос-жараны білетін Аманбектің табиғатын бүгінде елі біледі. Бүгінгі мерекеге келген көпшілік те Аманбек Ақайұлын сыйлап, құрметтеп келіп отыр. Бәрінен бұрын Аманбек қарапайымдылығымен орны ерек. Келген көпшілікті құшақ жая қарсы алып, бауырындай көңіл аударады.Сондықтан болса керек, сазгер есеп беру кешін де халқына арнап отыр. “Ән арнадым халқыма” деген кеш тақырыбы тектен-текке осылай аталмаса керек?!”
Шығармашылық кешке замандас-достары, Оңтүстіктік өңірінің жұртшылығы көп жиналды. Лық толған көрермендер залы қол соғып сазгер мерейін үсем етті. Өнер иесі қуаныштан алғысын білдіріп, арнайы орнына барып отырды.

Аманбек Ақайұлы, ақын-сазгер: “Жасыратыны жоқ, мен өмірге қайта келсем де өнер жолында еңбек етер едім деп ойлаймын. Себебі мен басқа салаға бет бұрғаныммен өнерімді тастай алмаймын. Екі жанр менің қос қанатым іспетті. Бүгінге дейін талай еңбектерді өмірге әкелдім. Сонда да арқамды кеңге керген емеспін. Халқымның алдында әлі атқарарым – ауыр жүгім бар секілді. Тағы қандай дүниелермен қуантсам болады, не сыйласам болады? Осындай сауалдар санамда сайрап жатады. Бәлкім ән-жырым арқылы жандарына жұбаныш, көңілдеріне қуаныш болып енермін деп те ойлап жүремін. Жалпы айтқанда ой үстінде жүруді әдетке айналдырғанмын. Халқымның қамы үшін бар жігерімді жұмсаудан жалықпаймын. Жуырда тағы бір ғылыми жаңалығымды жарияламақпын. Алайда бұл жаңалықтың әзірге құпия болғанын қалаймын. Әйтеуір, елімнің болашағына қандай болсын өзіндік септігімді тигізсем екен. Өскелең ұрпақ жаңалықтарды бір кәдесіне жаратса игі. Сонда ғана менің жаным жай табады. Сол үшін мен ізденіп, болашаққа бағдаршам болар еңбектер қалдыруым міндетті деп есептеймін. Ал дәл қазір мен өз атқарағымды жасағаным бір тоғыз дей аламын, сонда жасамағаным… Ұрпағымыздың Ұлы көке ергенін қаласақ, аянбай еңбек етіп, өмірде, өнерде, ғылымда өзіндік қолтаңбамыз бен мамант болар еңбегімізді қалдыруымыз қажет-ақ. Ендеше, еліміздің ертеңіне өз үлесімді қосуыымды паразам деп санаймын!”

Бақыт Мейрамбекқызы, көрермен: “Біз бұл кісіні құрметтейміз. Жасаған жұмыстары ұшан теңіз. Өзін емес, елін ойлаған халқының перзентін қалай мақтап, қалай мойындасақ та жарасады. Бүгін міне қолымдағы гүл шоқтарын да Аманбек Ақайұлының шығармашылық кешіне арнайы әкелгенмін. Көксегенім – осы кісінің әндерін тыңдап, рухани азық алу. Бүгінгі киген кастюмі де жанына жақын болса керек. Әппақ, жан дүниесі де ақ қой бұл кісінің. Жаман пиғылдан бойын аулақ ұстаған сазгер бүгінгі кейпі өзіне жарасып-ақ тұр. Сахна төріне отырған кезінде де  біздің көңілімізді ойлап, халықының алдында бас иді. Сондықтан, мұндай аптал ағамызға неге құрмет көрсетпеске?!”

Маржан Тілеубаева, көрермен: “Қаншама жылдар бойы біз осы кешті күттік қой. Қазығұрттың киесін жырларында жырлап, әндерінде шарықтатқан Аманбек ағамызға ризамыз. Бұл аз десеңіз, ғылымның тереңін бойлаған жан ғой бұл. Қаншама тың жаңалықтар ашып жүрсе де өзін “менмін, Аманбекпін” деп сөйлегенін немесе кеудесін кергенін көрген жоқпыз. Алдына барсақ та бізден бұрын, қол созып амандасатыны тағы бар… Не деген қарапайымдылық, халық үшін жаратылған жан. Осындай ақ көңіл, мейіріміділігін көргенде бас иемін алдында. Кезінде Мәдина Ераливаның өзі Аманбек Ақайұлының әні деп айтып болып әндерін шырқайтын. Бұл да болса марқұм әншінің сазгерге деген құрметін көрсетеді.  Жаны жарқын, көңілі таза, пейілі кең өнер адамына деген ризашылығымыз – біздің бұл кісіге тіліген ақ тілегіміз дер едім”.

Бұл күні көпшіліктің құрметіне ие болған Аманбек Ақайұлына мәдениет басқармасының алғыс хаты тапсырылды. Алдағы уақытта өнер иесі көпшілікті жаңа еңбектерімен қуантуды жоспарлап отыр.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz