Газетіміздің «Қайдасыз?» айдарының бұл жолғы кейіпкері — Исмат Тұрсынқұлов.
Ол- ОҚО, Қазығұрт ауданы, «Алтынтөбе» кеңшарында 1941 жылы туылған. Қазақ Ауылшаруашылығы институтын бітірген соң, еңбек жолын өз мамандығы бойынша «Сельэнерго» электр жүйелерінің Жамбыл, қаратау басқармаларында бастады. Сосын Шымкент облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Ленгір аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитеті қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Алғабас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық ауыл-шаруашылығы департаментінің бастығы қызметтерін атқарған.
– Исмат аға, көрінбей кеттіңіз ғой, қазір қайда жүрсіз?
– ҚСД «Ауыл» партиясынын ОҚО-дағы бөлімшесіндемін.
– Бұл партия тарап кеткен шығар деп ойлаушы едім…
– Неге?
– Аса көріне бермейді ғой…
– Біздің белсенділігіміз әсіресе сайлау науқаны кезінде арта түсетіні рас. Дегенмен сені партияның тыныс-тіршілігі қызықтырмайтынын сезіп тұрмын. Неге іздедің?
– Асқаровтың №1 көмекшісі қайда жүргенін, немен айналысатынын оқырман білгісі келеді…
– Жоқ, мен жайлы емес, әңгімені Асанбай ағамыз жайында айтайық.
– Өзіңіз жайлы айтуға неге сараңсыз?
– Мен жайлы көбірек білмек болсаң «Шуақты өмір» атты кітабымды сыйға берейін, соны оқып танысарсың. Ал оқырманыңа Асанбай Асқаров жайлы көбірек айтқан орынды болар.
– Онда айтыңызшы, Асанбай аға басшы ретінде қандай еді?
– 1978 жылдан 1980 жылға дейін Асанбай ағамыздың көмекшісі болдым. Менен кейін ол кісіге, әр жылдары Жармахан Тұяқбаев, Жеңісбек Мәуленқұлов, Әбдіқадыр Мәмбетов көмекші болды. Бәлкім, сосын да шығар, ел мені Асқаровтың №1 көмекшісі деп жүргені. Жалпы басшы ретінде Асанбай ағамыз өте сауатты, көп қырлы азамат болатын. Ол кісі барлық саладан хабары болуымен ерекшеленетін.
Өзі ауылшаруашылық саласын жіті меңгергендіктен болар, бір ғана біздің облыстың жағдайын талдай отырып, «мысалы дәл осындай жағдайда отырған Алматы облысында былай екен, Жамбыл облысының көрсеткіші мынадай екен» деп өзге облыстардан дәйек, дерек, мысал келтіріп отырушы еді. Мұнысы біздің мамандарға үлкен өнеге, сабақ болғаны рас. Облыстағы шаруашылықтарды аралап жүрген бір сапарымызда «Талдықорғанда жүгері егіп, мол өнім жинап, табысқа жетіп отыр. Дәл сондай климаттағы біздің өңірде неге осы жүгеріні қолға алмасқа» деді. Мамандар мұның мүмкіндіктері барын мойындады. Соның арқасында біздің облысымызда да жүгері егумен айналысатын шаруашылықтар пайда болды.
– Естелік кітаптарын оқып отырсақ, Асқаровтың тарихқа, әдебиетке қызығушылығы үлкен болғанын аңғарамыз. Өмірде шынында да сондай ма еді?
– Ия, ол кісі өте көп оқитын. Айтып отырмын ғой, сұхбаттасқан адамымен кез-келген тақырыпта әңгіме-дүкен құра алатын. Тарихты өте жақсы білетін. Ал, әдебиеттен Лермонтовты, Пушкинді, Есенинді жиі оқитыны есімде. Ол жылдары кітап сөрелерінде орыстілді әдебиеттер көп болушы еді ғой. Соған қарамастан қазақша әдеби кітаптарды іздестіретін. Абайдың, Әуезовтың шығармаларын бірнеше қайтара оқып жүргенін байқағаным бар. Шығыс шайырларының да шығармаларын іздеп оқитын-ды. Фердауси, Әлішер Науаи шығармаларынан үзінділер айтып отыратын.
Әлі есімде Бабырнаманың екі томдығын Өзбекстаннан арнайы тапсырыспен алдыртқаны бар. Ал өздеріңіз білесіздер, Асанбай ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң да осы әдетінен жаңылған жоқ, тарихымызды, өнерімізді түгендеуге мұрындық болды. «М.Х.Дулати атындағы» қор құрып, өмірінің соңына дейін сол қорды басқарды. Бұл игі ісінен де ілік іздеушілер табылмай қалған жоқ. «Өзі Дулат болған соң, Дулати қорын құрды, соны басқарды» деген ой-санасы таяз азаматтар табылды. Тарихқа жүгінетін болсақ, М.Х.Дулатидың заманында қазақтың рулық жүйесі әлі қалыптаса қоймағаны белгілі. Осыны білмейтіндер Асанбай ағамызға күйе жағуға тырысты.
– Күйе жағу дегеннен шығады, 1986 жылғы желтоқсанның ызғары Асқаровты да айналып өтпегені бар. Абақтыға жабылғанын көзіқарақты оқырманның барлығы біледі. Бұл қуғындау Асқаровтың №1 көмекшісіне де өз салқынын тигізген болар? Сосын Асанбай ағаны өзінің қоластындағы қызметтестері «сатты» деген сөз бар. Арызға қол қойғандар кімдер еді? Солар туралы айта аласыз ба?
– Жоқ!
– Неге?
– Оны Асанбай ағамыз өзінің кітабында айтып қойған жоқ па? Қызыққан адам сол кітапты оқып-ақ біле жатар. Асқаровтың өзі-ақ жазып кеткен кімнің кім екенін. Кімдер адал болғанын, кімдерге сенім артқанын.
– Ия, ол кітапты оқығанмын. «Осыларға дәйім сенім артамын» дегендердің сапында Сіздің де аты-жөніңіздің барын білуші едім. «Асқаровтың сенімді өкілі» болғаныңыз үшін кейін қуғын көрген жоқсыз ба?
– Тікелей «Асқаровпен жақын болғаның үшін» деп айтпаса да, түрлі қысымдар жасалғаны рас. 1985 жылы Мәскеуден келген тергеушілер құйтырқы әрекеттермен, әбден тергеуге ала бастады. Бірақ, менен ешқандай ілік таппады. Сондықтан да болар, мен одан әрі қарай ауданда қызметімді жалғастыра бердім. Дегенмен, мені қудалау 1988 жылы, облысқа Төлебеков басшы болып келген соң басталды. Облысқа кадрлар солтүстік жақтан келе бастады. Өзіміздің мықты, іскер жігіттер лауазымды қызметтерінен айырылып, іске жарамсыз деп танылып жатты.
Орыстілді кадрларға басымдық берілді. Мен басшылық жасап жүрген Алғабас ауданының көрсеткіштері төмендеп кетті деп дәйексіз айыптаулар айтылып, сын тағыла бастады. Кейін білдім ғой, Алматыда қарап отырыпты, «Асқаровтың адамдарынан кім қалды, кім кетті?» деп. Қисынсыз сын тағыла бастаған соң, «орным керек болған шығар» деп түйдім де, қызметтен кету туралы арызымды жазып, кетіп қалдым. Алматыға жолым түсіп бір барғанымда, мені қудалаған сол кездегі лауазымды қызметкердің қабылдауына арнайы кірдім. «Сонда неге маған қисынсыз шүйліктіңіз?» дедім. Білгім келді, шынымен де мен басқарып отырған ауданда кемшілік болмаса да, не себепті қудалағандарын өз аузымен айтса екен дедім.
– Сонда не деді?
– Не дейді, заман солай еді ғой, саясат басқаша болды ғой деп міңгірлейді…
– Абақтыдан ақталып шыққан соң Асанбай ағамен қарым-қатынасыңыз қандай болды?
– Жақсы. Сол баяғыдай. Абақтыда жатқан кезінде де Асанбай ағаның үйіндегі Фатима апаймен хабарласып тұратынмын. Ағаның түрмеден жазған хаттарын оқып таңғалатынмын. Фатима апайды жігерлендіріп, жұбатып жазатын. «Түбінде бәрібір мен ақталамын, бала-шағаға бас-көз бол, солар жаман жолға түспесін» деген қамқорлыққа толы хаттары Асқаров әулетіне ғана емес, барлығымызға жігер, күш бергені рас. Түрмеде де неше түрлі қылмыскер, баскесерлермен бір торда жатып, оларға руханият, әдебиет, тарих, өнер турасындағы ойларын айтып отырады екен. Пушкин, Есенин, Абайдың өлеңдерін жатқа оқып беріп, оларды таңқалдырғанын кейін өзі күліп еске алатын-ды. «Абақты абыройымды көтерді» дейтін қалжыңдап.
– Асқаровтың Оңтүстік үшін жасаған жақсылығы көп екенін білеміз. Көптеген зәулім ғимараттар, мәдени орындар сол кісінің тұсында салынған. Осындай азаматтың ісін қайталағандардың сапында облыстың кейінгі басшылары арасынан кімдерді ерекше атар едіңіз?
– Облысты басқаруға келген азаматтардың барлығы да өз хәлдерінше өңірді түлетуге тырысқанын жасыруға болмайды. Бердібек Сапарбаев әкім болғанда «Асанбай ағамен хабарластым. Осында келгенімді айттым. Облысты түлетуде айтқан кеңестерін құп алдым» дегені бар. Негізі Бердібек Мәшбекұлы көп іс тындырды. Ал Асқаровтай құрылысты жандандырған басшылардың бірі – Болат Жылқышиев. Болат облысты басқарған тұста Д.Қонаев гүлзары даңғылға айналды. Көркейді, көріктенді. Бүгінде көз қуанышымыз болып отырған «Нұрсәт» шағынауданы бой көтерді.
Одан кейін басшы болған Өмірзақ Шөкеев аз уақытта талай өзгеріс жасағанын ерекше атап айтқан жөн. Облыс орталығы гүлденіп, реңі ашылды. Бұл Өмірзақтың елеулі еңбегі. Бүгінгі облыс әкімі Асқар Мырзахметовке риза болатыным Асанбай ағамыз ашқан Дендросаябақты ретке келтіріп, қаншама жылдан соң қайта түлетті. Қазір қала тұрғындары кеш түсе сол жаққа барып, серуендеп, тынығып жүреді. Ел игілігі үшін жасалған істі осылай баянды ету керек қой. Сонымен бірге Асқар Исабекұлы келгелі гүлзарлар салынып, саябақтар жақсарып жатыр. Бұрын базардан көз ашпағанымыз рас қой. Облысты басқарған азаматтардың қай-қайсысы болмасын облыстың көркеюіне үлес қосты. Қосып та жүр.
– Аға, сұхбатыңызға рахмет! Қайда жүрсеңіз де аман болыңыз!
– Сендерге де рахмет. Оқырмандарың көбейе берсін. Бұған дейін орыс тілінде жарық көретін «Рабат» газетін оқып тұрушы едім, енді «Оңтүстік Рабатты» оқитын болдым.
Сұхбаттасқан – Жәмила МАМЫРӘЛІ
Байдулла ҚОНЫСБЕК, ОҚО Құрметті азаматы, журналист:
– Мен әңгімені 1988-1990 жылдардан бастамақпын. Қазақтың нар тұлғалы азаматтарының бірі, облысымызды өзінің іскерлігімен, талапшылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетінің молдығымен өрге сүйреген Асанбай Асқаровқа мәскеуліктер қара қарғаша шүйлігіп, жан-жақтан желеу іздеп, қаралап жатқан кездерде Исекеңнің басына да қара бұлт үйіріліп, тергеудің астына алынды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасым Қажыбайұлы Төлебеков шақырып:
– Қызметіңнен өз еркіңмен босану туралы арызыңды жаз, – дейді.
– Менің кінәм болса айтыңыз. Ауданның экономикалық көрсеткіші жаман емес. Жылдан-жылға көтеріліп келеді. Асекеңнің қарамағында жұмыс жасадым. Ол кісі бізді тек адалдыққа, тазалыққа, іскерлікке баулыды. Мен Асекеңмен бірге қызмет жасаған күндерімді шуақты, айшықты күндерім деп санаймын,-деген Исматқа бірінші хатшы аңтарыла қарап қалды.
Міне, Исмат осындай азамат. Ақты ақ, қараны қара дей алатын. Асанбай Асқаровтың сенімді көмекшісі бола білген,адал жігіт.
Шәріпбек Жамалбекұлы , «Нұр Отан» ХДП-ның ОҚО партиялық-бақылау комиссиясының төрағасы:
–Желтоқсан айының ортасы, 1982 жыл. Аудандық партия комитетінің пленум мүшелері ғана кең мәжіліс залына жиналып, кірер есікке жалтаң-жалтаң қарап отырмыз. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың жарқыраған кең маңдайы көрінді. Залдың ішінде шыбынның ызыңы естілер тыныштық орнады. Асекең маңғаз қимылдап, жаймен президумға жайғасты. Қасында ортадан жоғары бойы бар, бидай өңді, қара қасты, дөңгелек жүзді әдемі жігіт бар. Мен оны бірден таныдым.
Ол Асекеңнің көмекшісі, Түлкібас аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін соңғы жылдары атқарған, Асекеңнен көп тәлім-тәрбие алып, едәуір ысылып қалған, елдің аузына «іскер жігіт» деген атаққа ие болып үлгерген Исмат Тұрсынқұлов болатын.
Асанбай Асқаров өзіне тән, әбден жарасып тұратын қоңыр даусымен залда отырғандарды өзіне қаратып:
– Облыстық партия комитетінің бюросы Алғабас аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Тұрсынқұлов Исматты ұсынатынын айтып, оның өмірбаянымен таныстырды.
Исекеңді содан бері жақсы білемін. Исмат ағаның жасы үлкендерге құрметі мен қызметі, жасы кішілерге, соңынан ерген інілеріне қамқорлығы қандай лауазымға ие болып жүрген кездерінде де өзгерген емес.