Ауруханадан орын таппайсың

Портал дегеніміз — жоспарлы ауру қабылдау болып табылады
Портал дегеніміз — жоспарлы ауру қабылдау болып табылады

Қазекемнің «күнімді дәрігерге қаратпасын» дейтін наласы бар. Біліксіз, парақор дәрігер мен сапасыз емдеуді көріп, әбден нала болғаннан айтқан шығар. Қадым заманнан жемқорлық пен барамақ басты, көз қысты әрекеттерге толы осы бір саланы бір жүйеге түсіріп, халыққа тиімділігін, қолжетімділігін арттыру әлі күнге дейін мүмкін болмай-ақ келеді. Сол баяғы орын тапшылығы, ұзын сонар кезек, дәрі жоқ деп науқастарды сандалту. Соңғы екі жыл көлемінде науқастарды ауруханаға портал арқылы жатқызу жүйесі қолданысқа еніп, онсызда оңып тұрмаған медицина саласын тіпті қолжетімсіз етіп тастады деуге болады.

Портал бойынша ауруханаға алдымен, шұғыл түрде 24 сағат бойы дәрігердің қадағалауы керек болып, өміріне қауіп туған науқастар жатады. 

Бұл жүйе бойынша ауруханаға алдымен, шұғыл түрде 24 сағат бойы дәрігердің қадағалауы керек болып, өміріне қауіп туған науқастар жатады. Екінші, ол адамның жан-жағына зияны болса немесе жұқпалы дертке, жүйке ауруына шалдықса қабылданады. Үшінші, емді тіпті диагностиканы стационардан басқа жерде жүргізе алмайтындар жата алады. Және де жедел жәрдем арқылы келіп түскен науқастар. Олардың өзі жағдайы дұрыстала салысымен үйіне қайтарылуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда өлімші боп келсең ғана мемлекеттің емханасынан ем табасың.

Ал қалған аяғымен жүре алады-ау деген науқастардың барлығы ең кемінде екі күн, науқастар көп болса бірнеше күн кезектен кезек күтіп, дәрігерлердің нұсқауымен кабинеттен кабинет шарлауға мәжбүр. Дәрігерге көрінбес бұрын тапсыратын әртүрлі анализдеріңіз тағы бар. Оның өзінде таңғы 10-ға дейін тапсырып үлгерсеңіз жақсы. Үлгермесеңіз тағы да ертеңге қалады. Ал, анализіңіз болмаса дәрігер қабылдамайды, ауруыңыз «өлтіріп» бара жатса да жата алмайсыз. Одан соң порталды күту.

Бейшара халық оны айлап күтуге мәжбүр. Айлап күтiп жүргенде ауру мәйiтке айналып кетуi де ғажап емес. Реформашыл медицина саласына енгізілген жаңалықтардың ең сорақысы осы болып тұрған сияқты. Себебі осыған қатысты қарапайым халықтың зығырданы әбден қайнап, тасып жатыр десе де болғандай.

Осылайша әупірімдеп жүріп ауруханаға жата қалғанның өзінде кейбір дәрілердің жоқтығын айтып зар қаққан дәрігерлер алдыңыздан шығып, қолаңсып тұрған көңіліңізді одан сайын жабырқатуы мүмкін. Таяуда Ордабасы аудандық ауруханасында екі-үш күн кезек күтіп, әупіріммен күндізгі стационарға әзер жатқызылған атын атамауды өтінген бір жігіт ауруханадағы келеңсіздіктер туралы айтып берген еді. Қуығы суықтап келген жігіттің айтуынша анализ тапсыру мен УЗИ-ге түсу үшін, одан кейін дәрігердің қабылдауында болып, порталға тіркеліп, орын бос болмауы себепті келесі күні келіңіз деп жүргенде үш күн өтіпті. Әсіресе УЗИ алдындағы кезек жанына қатты батқан ұқсайды.

«Алдында 30-ға жуық адам кезек күтіп тұрғанын көре тұра ондағы дәрігерлердің еш асықпайтынына қайран қалдым. Әр науқасты кемінде 20 минут тексерген шығар. Күтіп тұрғанның бәрі қай жетсікеннен тұр дейсіз, шал кемпір, аяғы ауыр әйелдер, бала-шаға барлығы шаршап тұр. Ауру қысқан адам ашуланшақ. Оның ашуын елеп жатқан дәрігер жоқ. Әй, болсаңдаршы деп кабинетке бас сұққан әжейге бөлме ішінен «не дей бересіңдер, күтсеңдерші!» деп зекіген дауыс шықты.

Не керек, ол күні кезегім жетпей басым салбырап үйге қайттым. Ертеңіне түстен кейін барып таныс дәрігердің беделін пайдаланып жүріп зорға УЗИ-ге түсіп шықтым ау. Әрең дегенде күндізгі емдеу бөліміне жату бақыты бұйырды. Оған да тәубе деп барсам «орын жоқ, ертең кел» дейді. Ертеңіне барсам тырнағының маникюрін егеп отырған жап-жас Айгүл есімді дәрігерсымақ бір қыз «уколдарды араластырып салатын физраствор жоқ, сатып әкелмесеңіз болмайды» деп бақырайып отыр. Дәрінің бәрі тегін деп телевизордан айтатындарың қайда десем «өөөөйй.. айта береміз ғой. Жоқ деген соң жоқ. Алып келіңіз, болмаса маған бәрібір, осылай жүре беріңіз» дейді.

Амал жоқ онысын да орындадық. Қарық қып емдеген де жоқ. Қайдағы бір арзанқол, күші жоқ дәрілерді егіп, денемді бекерге тескілеп тастады. Оншақты күнім осылайша порталдағы орын мен сансыз кезектер күтумен, сапасыз емделумен босқа кетті. Ақыры жекеменшік ауруханаға жатып, құлан таза емделіп шықтым, бүйткен порталына да дамып жатыр дейтін медицинамызға да рахмет».

Адамның жан-жағына зияны болса немесе жұқпалы дертке, жүйке ауруына шалдықса қабылданады. 

Расында да бүгіндері дәрігерге барып бірден көріне салу мүлдем мүмкін емес. Алдымен барлық анализдеріңді тапсыруың керек. Бүкіл кедергі осы жерде басталады. Тек қан тапсыру үшін ғана соншама кезекті көресің. Оның үстіне қаннан анализ тапсыру ертеңгі сағат сегіз бен тоғыздың, ары кетсе онның арасында ғана жүргізіледі. Одан кешіксең, келесі күнге қаласың. Зәрдің анализі, басқа кабинеттердегі кезек тағы бар.

Осындай шұбатылған кезектерді көргеннен кейін ойланасың. Сосын «құрысыншы, мүмкін жазылып кетермін» дейсің де сүйретіліп үйіңе қайтасың. Ауылды жерде аурухана көп те емес. Жалғыз ғана. Оның өзі қабылдай қоймағасын және емханадағы кезектерді көрген соң амалсыз ақылы болса да жеке клиникаларға баруға тура келеді. Әрине мұндай ауруханаларға жатуға екінің бірінің қалтасы көтермесі белгілі. Әйткенмен, «жаныңнан артық не бар» деп, соңғы тиыныңды жинап, қарызға ақша алып жекеменшік ауруханаға тартасың. Бүгіндері «Қой, ауырмай қоя тұр, ауырсаң аурухана да алмайды» деген жұрттың наразылығын жиі естуге болады.

Сонда бұл қалай болғаны? «Портал» деген не пәле өзі? Ауырып, онсыз да қиналып жүрген адамды одан әрі әуреге салып­ қоятын мұндай нәрсені ендіргенде жоғарыдағылар не ойлады екен?

 Осы жүйені жасағандардың түсіндіруінше портал дегеніміз — жоспарлы ауру қабылдау болып табылады. Яғни науқас адам алдын-ала ауруы бойынша анализдерін тапсырады. Анализдер бойынша ауруы дәлелденсе, ауруханаға жату үшін нөмір беріліп, кезекке қойылады. Сонымен қатар, ол адам аурухананы өзі таңдайды. Міне, осылайша өзі қалаған ауруханада орын босаған кезде ол адамға хабар беріліп, ауруханаға қабылданады. Ал мұның бәрі республикалық ақпараттық-аналитикалық орталықта тіркеліп отырады екен. Мұндай орталықтар жұмысы әрбір облыста, ауруханаларда ұйымдастырылған. Қарап отырсаңыз бұл жүйеге сәйкес сіздің науқасыңыз тек қауіпті шекке жеткенде ғана мемлекеттің тегін емін ала аласыз деген сөз. «Майда-шүйде» аурумен науқастансаңыз порталдан үміт күтпей-ақ қойғаныңыз дұрыс.

Соңғы жылдары халқымыздың өмір жасының ұзақтығы қысқарып, өлім жітімнің көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Рак, жыныс жолдарының ауруымен ауыратындардың саны еселеп артып барады деп дабыл қағылғалы қай заман. Дәрі-дәрмектер бұдан былай түгел тегін болады дегенді естіп қуанғанымызбен, ауруханаларда сол баяғы жетіспеушілік. Әсілі адам баласы ауруханаға не үшін баруы мүмкін? Ең бірінші басталып келе жатқан ауруының алдын алып емделу үшін, кейін созылмалы дертке шалдығып қалмас үшін бармай ма? Дәрігерлердің, жалпы медицинаның басты мақсаты да сол аурудың алдын алу емес пе? Қанша жерден өркениетке бет бұрдық дегенімізбен қарапайым халық ауруханаға жатпай өздігінен үйінде жатып емделе қоюы екіталай.

Біріншіден инелерді егетін тәжірибелі маман керек. Екіншіден дәрі дәрмекті қадағалап ішкізіп отыру керек. Әртүрлі терапиялар қолданылмаса кейбір ауру түрлері қарапайым емге көнбейтіні тағы белгілі. Ал біз тілге тиек етіп отырған науқастарды ауруханаға портал арқылы жатқызу жүйесі тек ауыр науқастарды емдеуге бағытталған.
Халықтың да жанайқайын түсінуге болады, қазіргі уақыт тек ауыр науқастар ғана емделетін соғыс кезі емес.

Жылдан жылға ауруханалардың да дәрігерлердің де саны артып, жағдайлары түзеліп келеді деп қуанғанымыз болмаса солардың пайдасын, игілігін қарапайым халық әлі күнге көре алмай келеді. Алға жылжимыз ба десек, қайта кері кетіп бара жатқандаймыз. Болашақта мүйізі қарағайдай сала басшылары осы мәселелерді жөндеп зерттеп, елдің наласына қалмау жағын көбірек ойласа екен дейміз. Өлімші боп келген науқасты сол жағдайға жеткізбей алдын алып емдегеннің сауабы да мемлекет үшін пайдасы да көп болары сөзсіз емес пе?!

Даурен Әбдраманов
Суретті түсірген Тимур ЖҰМАБЕКОВ

  • Сіз не дейсіз?

Күләйім Ешназарова, госпиталдау Бюросы ОҚО филиалының басшысы:

– Халықтың расымен де ауруханаға портал арқылы жатқызу жүесіне көңілдері толмай жүр. Бірақ артықшылығын айтар болсам, жоспарлы госпиталдаудың тәртібінше, пациент өзі таңдаған емханасына ауруына байланысты шағыммен шығады. Егер денсаулығы жедел түрде госпиталдауды қажет етпейтіндей болса, емхана дәрігері госпиталдауға дейінгі тексеруден өткізеді, аурудың қай емханада емделгісі келетінін анықтайды.

Пациенттің таңдауы бойынша госпиталдау бюросы белгіленіп, стационарда бос орынның бар-жоғы анықталады. Орын болған жағдайда дәрігер портал арқылы жоспарлы госпиталдауға тапсырыс береді де, ауруға автоматты түрде жекелендірілген код белгіленіп, осы код тіркелген талон беріледі. Пациенттің жеке мәліметтері құпия сақталады. Тапсырыстың тіркелген мерзімінен 2 күн ішінде стационар порталда жоспарлы госпиталдаудың алдын-ала күнін анықтайды. Госпиталдау күні белгілі болғаннан кейін дәрігер аурудың қолына жолдама береді, ол өзі таңдаған ауруханаға жоспарлы түрде стационарға жатады.
Жоспарлы госпиталдау – ауруды стационарда созылмалы және өміріне қауіп тудырмайтын аурулары бар жағдайда емдеу.

Жоспарлы госпиталдау портал бюросы арқылы жүзеге асырылады. Бұл күнделікті талдау жасауға және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Жоспарлы госпиталдаудың арқасында пациенттерді жоспарлы түрде аймақаралық және республикалық клиникаларға жатқызуға мүмкіндік туды. Бұрын мұндай клиникаларда емделу тек қана ақылы түрде немесе квотамен жіберілген жағдайда болатын. Ауыл тұрғындары үшін де стационарлық көмекті облыстық және республикалық клиникада алудың мүмкіндігі кеңейді. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің басты мақсаты – медициналық ұйым мен дәрігерді ерікті түрде таңдау, сондай-ақ азаматтардың сапалы және уақытылы медициналық көмек алу құқығын жүзеге асыру.