Ауыл сусыз отыр

Тері, қоқыс, малақ дейсіз бе, бәрі осында
Өйткені елді мекенге ауыз су осы жерден тарайды

Төлеби ауданына қарасты Төңкеріс ауылының халқы жылдар бойы ауызсудың азабын тартып келеді. Өткен жылы елді мекенге су құбыры тартылып, жұрт қуанып қалған болатын. Алайда төңкерістіктердің қуанышы көпке созылмады. Белгілі болғандай, жаңадан тартылған құбыр жылға жетпей істен шығып, екі айдан бері су ақпай қалған.

Төңкеріс ауылының тұрғыны Асқар Аманов күнде ескі бұлақ сағасына барып, өздігінше тазалап қояды. Өйткені елді мекенге ауыз су осы жерден тарайды. Ал бастаудың басы қоқысқа толып кеткен. Мұнда мал суғарылады екен. Асқардың айтуынша бұл жер өте лас. Тері, қоқыс, малақ дейсіз бе, бәрі осында. Бұлақ басына бір кездері құбыр тартылған екен. Алайда, тозығы жеткен қондырғыға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тазаланбай қалып қойған. Қазір құбырлар жарылып, істен шығып жатқанға ұқсайды. Салдарынан тұрғындар лас су ішуге мәжбүр болып отыр.

Тері, қоқыс, малақ дейсіз бе, бәрі осында

Ауыл тұрғындары ауызсу келетін трубаның ішіне кейде тышқан, құрбақа тұрып қалатынын айтады. Лай болып келеді екен. Құмы бар, тасы бар. Ал оған ақша төле дейді екен. «Лас суына не деп ақша төлейміз, тазалап берсін. Сосын төлейміз» дейді ашынған халық.

Тұрғындардың айтып отырғаны суға басшылық ететін мекеме халықтан ақша жинауды талап етуде екен. «Есептегіш құралын орнатыңдар, не болмаса адам басына 150 теңгеден төлеңдер» деп ескертіпті. Ал суға жауапты «Ленгір Су» мекемесінің басшысы болса су қоймасында тазалықтың жоқтығынан аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары айыппұл салғанын айтып ақталды. Енді олар аудандық бюджеттен жөндеу жұмыстарына 4,5 млн. теңге сұрап отыр.

Қажетті қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенше төңкерістіктерге арықтағы лай суды іше тұрудан басқа амал болмай тұрған сыңайлы. Ал, бұлақ басындағы таза судың ауыл тұрғындарына қашан тартылары әзірге белгісіз.

Сіз не дейсіз?

Дүйсекүл Сеңгірбаева, Төңкеріс ауылының тұрғыны: «Екі айдан асып кетті су жоқ. Судың келгенінен келмегені көп. Су таза емес. Сондықтан балалар ауырып жатыр. Олар тұрмақ өзіміз де ауырып қаламыз.Пайғамбар жасына келгенде сонау Балдыберектен тасып жатырмыз».

 

Нұрбол Өмірбаев, «Ленгір Су» МКК-ның директоры: «Қыркүйек айының аяқ жағында мәслихаттың сессиясы болады. Сол кезде бюджеттен ақша бөлу туралы ұсыныс бермекпіз. Қаражат бөлінсе Төңкеріс елді мекеніндегі су бұлағының қоршау және тазалау мәселелері шешіліп қалар деген ойдамыз».