Бестік баға келмеске кетпек

12 жылдық білім беру жүйесіне көшу Қазақстанның білім беру саласын жаңғыртудың маңызды басымдықтарының біріне айналып келе жатқаны белгілі. Бұл да болса оқушылардың сапалық деңгейін одан әрі көтере түсудің бір жолы екендігі анық. Қазіргі таңда еліміздің 104 мектебінде 12 жылдық оқыту моделіне көшудің сынақ жұмыстары жүргізілуде.

Жан-жағымызға қарар болсақ әлем бойынша 12-13 жылдық оқыту жүйесі арқылы білім беретін елдердің саны анағұрлым көп екен. Атап айтсақ, бұл жүйе 136 елде жүзеге асырылады, оның ішінде Австралия, Канада, АҚШ, Франция, Жапония және әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің құрамына енетін тағы да басқа мемлекеттер бар. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет жүзеге асыратын Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының маңызды бір мақсаты ретінде білім беру мазмұнын жаңарту арқылы 12 жылдық оқытуға көшу көрсетілген болатын. Қазақстандағы 12 жылдық оқытуға көшу орта білім беруді жаңғыртудың стратегиялық қадамы ретінде қарастырылады. Қазір 104 мектепте 12 жылдық оқытуға көшу сынақ ретінде жүргізіліп жатса, соның 45-і ауылдық, 59-ы қалалық мектептер.

12 жылдық оқытуға көшу 2015-2016 оқу жылына жоспарланғанын айта кетейік. ҚР Білім және ғылым министрлігі 2015-2016 оқу жылында 1-сыныпқа баратын 6-7 жастағы балалар саны шамамен 624 мыңнан асатынын, 2015 жылдың 1-қыркүйегіне қарай 2014 жылмен салыстырғанда оқушылар саны екі есе артатынын айтады. Осылайша 12 жылдық оқытуға көшу арқылы заманауи талаптарға жауап беретін жаңа мақсаттарды алға қоюға және республикалық білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңістігімен кіріктіруге мүмкіндік тумақ.

Пахтыгүл ТАНЕЕВА, Сайрам ауданы, Байдібек атындағы орта мектептің мұғалімі

Негізі білім саласында соңғы жылдары көптеген реформалардың жүргізіліп жатқаны рас. Мұның барлығы да саналы ұрпақ тәрбиелеу, оған сапалы білім беру үшін жасалып отырған игі-шаралар деп қабылдаймын. Дегенмен, шынтуайтына келгенде 12 балдық бағалауды жалпы мектептерге емес, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептерде қолданған тиімді сияқты. Жалпы алғанда баланың ынтасын, білім алуға деген қызығушылығын арттыру жолында бағалаудың бұл түрін қолдану әрине, дұрыс. Бірақ, жалпы білім беретін мектептер оған әлі дайын емес деп ойлаймын. Сондықтан бағалаудың бұл түрі дарын мектептеріне тиімді болмақ.

Сүндет Санаев, ОҚО білім басқармасының бөлім бастығы

Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда 8 мектеп осы 12 жылдық эксперимент жұмыстарына қатысуда. Шымкент қаласындағы үш тілде оқытатын №8 “Дарын” мектебі, Созақ, Ордабасы,Төлеби аудандары мен Ленгір, Арыс, Түркістан қаласындағы білім ордалары солардың бірі. 12 жылдық білім беру жүйесіне толықтай дайынбыз деп айтуға болады. Материалдық база, ұстаздардың біліктілігі, оқулықтар мәселесі дұрыс шешімін тауып жатыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта облыстағы тағы бірнеше мектеп тәжірибелік мақсатта 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуі мүмкін.

 Сонымен қатар 2020 жылға дейін қазақстандық білім беру жүйесінде бес балдық бағалаудан бас тарту көзделіп отыр. Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков: «Біз бес балдық бағалау жүйесін дәстүрлі түрде қолданып келеміз. Бұл жүйе бізде қалыптасып қалды. Көптеген шетелдік мектептерде, әсіресе Назарбаев мектептерінде эскперимент түрінде бес балмен емес, 10 немесе 12 балдық жүйе бойынша бағаланатын аумақтық бағалау жүйесі қолданылады. Бірте-бірте 12 жылдық білім беру жүйесіне ауысқаннан соң, менің ойымша, біз бес балдық жүйеден аумақтық бағалау жүйесіне көшеміз», — дейді. Осылайша «менің балам беспен оқиды» дейтін ата-аналар үшін сәл-пәл қиындық туайын деп отыр. Вице-министрдің айтуынша, аталған жүйе оқушылардың білімін әділ бағалауға септігін тигізеді екен. Оның айтуынша, 2 мен 5-тің арасы онша алшақ емес, ал «бірлік» пен 12-нің арасындағы қашықтық оқушының теориялық әлеуетімен қатар, білімін тәжірибеде қолдана алу қабілетін де бағалауға мүмкіндік туғызады.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

p lang=»kk-KZ» align=»JUSTIFY»