Сарыағаш ауданында өз енесін бауыздап өлтірген күйеубала қамауға алынды. Полиция қызметкерлері қылмыс орын алғандығы жөнінде хабар жетісімен тез арада әрекет еткен. Тамыздың 28-і күні Сарыағаш ауданының тұрғыны, 1955 жылы туған А. деген азаматшаны өз күйеубаласы бауыздап өлтірген.
Полицейлер қылмыскердің ізін суытпай қолға түсіреді. Күдікті ретінде қолға түскен 1985 жылғы жігіт. Ол өлген әйелге күйеубала болып келетіндігін, әйелі екеуінің арасындағы ұрыс-керістің соңы осылай аяқталғанын айтып берген. Әйелі өзге біреумен көңіл қосып, мұнымен ажырасатындығын айтып, төркініне кетіп қалады. Қаншама рет татуласуға әрекет еткенімен, еш нәтиже шығара алмай салы суға кеткен жігіт тағы бір мәрте татуласудың жолын іздеп көрмек болып, қайынжұртына келген.
Есік алдында енесі қарсы алады. Ол қызына тыныштық беруін, ажырасуға келісімін беруін талап етеді.
Ашуға булыққан күйеубала «осының барлығына сен кінәлісін» деп енесіне пышақ сұғып алады. Егде жастағы әйелдің кеңірдегін пышақпен осып жіберіп, үйге енеді. Баса-көктеп, оның үстіне анасын бауыздап кіріп келген күйеуін көргенде жас келіншектің есі шығып кетеді. Ал жігіт болса, одан сайын қорқытып, аузы, қолын байлап, «егер менімен татуласпайтын болсаң, сені де өлтіремін» деп өз үйіне қарай сүйреп ала жөнеледі. Қорыққанынан амалсыз келіскен келіншек, ебін тауып, қашып құтылады. Полицияға хабар берген де сол.
Қазір қылмыстық іс қозғалып, осы іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қылмысы дәлелденсе, қанішер күйеубаланы абақты күтіп тұрғаны анық.