Хандар есімі тасқа жазылды

«Ер түріктің бесігі» деп әспеттейтін Түркістанда тағы бір тарихи ескерткіш ел игілігіне берілді. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» аумағынан бой көтерген пантеон-ескерткіштің ашылу рәсіміне жергілікті ақсақалдар, зиялы қауым өкілдерімен бірге облыс әкімі А. Мырзахметов те қатысты.

 Атаулы ескерткіштің ерекшелігі сонда, тарихи нысан өткеннен сыр шертіп, ұрпақты ұлағаттылыққа тәрбиелейді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолға алынған нысанға қазақтың айтулы абыздары, хас батырлары мен сұлтандарының есімі қашалып жазылыпты. Әрине, мұндай өткенімізді зерделейтін айшықты, құнды ескерткіштің келешек ұрпақ үшін зор мәнге ие екендігі даусыз. Қазақ хандығының тұсында Түркістан топырағында ел билеуші хандар мен билердің сүйектері жерленгені тарихтан мәлім. Бүгінге дейін Қ. А. Ясауи кесенесінде 25 қазақ сұлтаны, 26 би-абыз, 49 батыр және 61 игі жақсы жерленген. Ал кесененің маңына жерленген тарихи тұлғалардың нақты саны қанша екендігі әлі жұмбақ. Сондықтан да, жаңадан ашылған мәдени мұра тарихымызды түгендеп, ұрпаққа аманат қалдырары анық. Айта кету керек, бұл А. Мырзахметовтің тікелей бастамасы болатын. Ол зиялы қауым өкілдері арасында қолдау тауып, енді міне, ерекше ескерткіш ашылып отыр. Тарихи жәдігердің ашылу салтанатында игі жайсаңдар ізгі лебіздерін іркіп қалған жоқ. Зиялы қауым өкілдерінің қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын, «Құрмет» орденінің иегері Елтай Бимахамбетұлы сөйледі. Сонымен қатар, облыс әкімі Асқар Исабекұлы да өз қуанышын көпшілікпен бөлісті. «Бүгінге дейін бірқатар өткенімізді сабақтайтын нысандар халықтың игілігіне берілді. Ал мына ескерткіштің жөні бөлек. Жастардың патриоттық сезімін оятып, ескімізді дәріптеуге зор мүмкіндік бермек. Алдағы уақытта да мұндай бастамаларды іске асыруға күш саламыз», – деді облыс басшысы өз сөзінде.