Медпаспорт алудың машақаты

ОҚО-да биыл 56 мың бала бірінші сынып табалдырығын аттап, оқушы атанды. Бірақ, бұл балалардың барлығы бірдей мектеп алды профилактикалық бақылаудан өтті деп айту қиын. Себебі, қай емханаға барсаңыз да, ұзын-сонар кезек. Ал ата-анада уақыт жоқ. Одан да диагнозды, дәлірегі «дұрыс» диагнозды «көзбен қойдырып» ала салған әлдеқайда тиімді, әрі тез. Сонда баланың денсаулығы қайда қалғаны?

Баланы мектепке қабылдау шарттары бойынша оның денсаулығы туралы арнайы паспорты болуы керек. Аталған құжатта бала денсаулығы жайындағы барлық ақпарат тіркелген. Яғни, дәрігер дерматологтан бастап, көз дәрігеріне дейін болашақ оқушының саулығын сарапқа салып, жеке дара қорытынды шығарулары тиіс. Егер саулығы сыр берсе, тиісті ем-дом тағайындалады. Бірақ осы тексеру-байқаудан өтуден күрделі нәрсе жоқ. Мұны көзбен көргеннен соң айтып отырмыз. Қаладағы бір емханаға бас сұқтық. Жұмыс күні енді басталса да ығы-жығы адам. Әрбір маманның алдына тізілген «тірі» кезек. Тіркеу бөліміне бардық. Ол жерде де кезек. Ең соңғы болып, олардың жұмыс істеу ережесіне ден қойдым. Бақылаудан өтуші баланың жеке картасын қарап, дәрігерлерге бағыттап отырады екен. «Мына дәрігерге талонмен барасыз, ал мынаған кезекке тұрасыз» деп бірден ескертеді. Сағат 10-ға қарай келгендерге талон жоқ. Амал жоқ, кезек бойынша қабылдайтын дәрігерге жазылады. Ол дәрігердің жұмыс бөлмесінің алдында 50 жұп (ата-аналар балаларымен бірге) тұр. Дәрігер түске дейін-ақ қабылдайды, үлгерсеңіз жақсы. Ал үлгере алмай қалсаңыз, келесі күні таңертеңгі сағат 8-де келіп, кезекке қайта тұрасыз. Дәрігерлердің уақыты жоқ. Заң бойынша түске дейін-ақ бала қабылдап, түстен кейін учаскелік жұмыстарын атқарулары тиіс. Мәселені шешудің ең оңай жолы бар екен. Ол бала денсаулығы туралы паспорттың ішіне 2000 теңге салып, жауапты медбикеден ұзатып жіберу. 20 минуттың ішінде мөр басылған анықтамалар тұрады. Алыңыз да жөніңізге жүре беріңіз. Бірақ балаңыздың денсаулығы ше? Қағазда «жақсы» болғанымен, болашақта қандай болмақ? Мұны тағы да «құдай сақтасынға» саламыз.

Дәйекті деректерді сөйлетер болсақ, қазір дені сау бала аз. Ресми мәліметке сәйкес, елдегі мектеп оқушыларының 54 пайыздан астамы суық тию мен созылмалы аурумен ауыратыны белгілі болып отыр. Балалар денсаулығының нашарлауына экологиялық жағдай, азық-түліктің сапасы мен аз қимыл-қозғалысты талап ететін өмір салты әсер етіп отыр деп қорытынды жасайды мамандар. Гастрит, суық тию, қан аздық сияқты т.б толып жатқан ауруларға дәрігерлердің айтуынша, өңірдегі әрбір бесінші мектеп оқушысы шалдыққан. Бұл жүре пайда болатын дерттер. Ал мектеп жасына толған балалардың ағзасы ше? Үнемі бақылауда бола тұра неліктен кінәрат табылады?

Мұны дәрігерлер ата-ананың бала денсаулығына тым немқұрайлы қарайтындықтарымен түсіндіреді. Қарапайым ғана мысал, баланы 3 жасқа толғаннан кейін, тіс дәрігеріне алып келетін ата-ана саусақпен санарлық. Дәл осы жаста баланың денсаулығы сыр бере бастайды екен. Оған баланың күнделікті тағамын қосыңыз. Құрамы түрлі жасанды өнімдермен «байытылған» тағамдар міндетті түрде ішкі ағзаның ауруларына шалдықтырады. Қытырлақ нан, чипсы, шырындар, шоколад, тіпті газдалған сусын да бүгінгінің балаларына таңсық емес. Демек, баланың ауру табуына ең алдымен ата-ана кінәлі. Ал жоғарыдағы тақырыпқа қайта оралар болсақ, тағы да жұмысбастылықпен баланың денсаулығына жүрдім-бардым қараймыз. 2000 теңгеге «жақсы» деген денсаулық сатып алғанша, тиянақты түрде профилактикалық бақылаудан неге өтпеске? Заң бойынша сәбиіңізді әрбір дәрігер жарты сағат қарап шығып, диагноз қоюы керек. Педиатр маманнан бөлек, тіс дәрігері, невропатолог, ЛОР дәрігері және көз дәрігерінің кеңесін алсаңыздар болғаны. Парақорлыққа өзіңіз жол бермеңіз.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА.