Мектептегі асхананың жайын айтып, хабарласқан ата-ана көп. Көбі «ыстық тағамның сапасы сын көтермейді» дейді. Жаңа оқу жылы басталысымен-ақ жеңілдік жасалған тізімдегі оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Алайда….
Дәмі жоқ тағаммен, сылдыр су шырынды ішкісі келмейтіндер көп. Осындай келеңсіздіктер білім бөліміндегілердің де құлағына жеткен. Сондықтан да қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиева оқушыларға арнап ас пісіретін кәсіпкерлердің басын қосып, талап қойып отыр.
Оқушылардың мектепте тамақтануы қажеттілік. Бала денсаулығы елімізде бірінші кезекте тұр. Сол себепті мектеп асханасының міндетінен ыстық тамақпен қамтамасыз етуді алып тастауға болмайды. Бұл ата-ананың да білім бөлімінің де талабы. Ал дәмсіз тамақ мәселесін қалай шешеміз? Жанат Тәжиеваның айтуынша, асхананы жалға алған кәсіпкерлер балаларға ең сапалы, ең құнарлы тағам беруді басты жауапкершілігі санауы керек. Болмаса тексерудің қорытындысымен мұндай кәсіпкерлер екінші мектеп асханасына жолатылмайтын болады. Сосын мектеп асханасындағы апталық ас мәзірі бірін-бірі қайталамауы керек. Кондитерлік тәттілерді сырттан емес, асхана аспаздары өздері пісіргендері жөн. Ол үшін барлық мектеп асханасында жағдай жасалған көрінеді. Басты талап осы.
Екінші талап бойынша, кәсіпкерлер бағаны тұрақты ұстап отыруы керек. Биыл білім бөлімі ыстық тамақтың құны – 150 теңге деп белгіледі. Оның ішінде бірінші, екінші тағамдары мен сусындары, пирожки немесе тәтті наны болуы керек. Алайда, асхана иелері нарық заманында мұндай бағамен келіспейтіндіктерін жасырмайды. «Бәрі қымбат!» дегенді алға тартады олар. Дегенмен, білім бөлімінің талабы талқыға салынбады. Талапты орындау ғана міндеттеліп отыр.
Үшінші талап, санитарлық ережені сақтау. Қаламыздағы бас ұстаз тамақ салатын тәрелкеден бастап,сорпа қайнайтын ыдысқа дейін мән берілетіндігін ескертті. Оған асхана қызметкерлерінің денсаулық кітапшасы мен ақ халаттарын да қосты. Осылайша мектептегі асхана иелерін тазалық пен сапалылыққа шақырған жиын барысында мемлекет бөлген әрбір тиынның сұрауы бары қадап айтылды. Шымкент қаласы бойынша мектептердегі жүз он мың оқушының 19 мыңы әлеуметтік жағдайы төмен екен. Оның 5 мыңға жуығына биыл ыстық тамақ беріледі. Сонымен білім бөлімінің бастығы қойып отырған талап орындалуға міндетті. Бала өмірін ойыншыққа, жейтін асын сылдыр суға айналдыруға болмайды. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» дегендей өз ісіне білек сыбана кіріскен білім бөлімі 15 қыркүйектен бас-тап мектеп асханаларында рейд жүргізіп, қойылған талаптардың орындалу барысын тексеруді қолға алды.
Ардақ ЖАҚСЫЛЫҚОВА
- Сіз не дейсіз?
Жанат Тәжиева, қалалық білім бөлімінің бастығы
– Жалға алушылардан талап етілетіні-санитарлық тазалық. Көп жағдайда сапасыз тағамның салдарынан балалар арасында әртүрлі аурулар белең алып жатады. Осы мәселені болдырмау мақсатында бірінші күннен бастап мән беріп жатырмыз. Арнайы жоспар құрылып, ас мәзірі түзіліп, барлық мектептерге жіберіліп,бір деңгейде жұмыс істеу басшылыққа алынып отыр. Ал егер талаптарға бағынбай, кемшіліктерге жол беретін болса, мектеп директорлары мен жалға алушылар арасында түзілген келісім-шарт тоқтатылатын болады.
Мадина Жиенбекова, №26 мектептің асханасын жалға алушы
– Бізге бағаны ұстап тұру сәл қиындау болып жатыр. Ет те, азық-түлік те әр базарда әртүрлі. Әсіресе, қыста бағасы өте қымбат болады. Десе де, дәмді тағамдар жасауға тырысып, бағасын арзан етуге жағдай жасап жатырмыз. Қытайдың тәтті өнімдерін асханаға мүлдем жолатпаймын. Барлығын өзіміз пісіреміз.