Мектептегі тегін тамақтың талабы бекітілді

1364
Тамақтың сапасы

Мектептегі ыстық тағамның сапасы сын көтермейді. Біраз ата-аналар осылай дейді. Жаңа оқу жылы бастала салысымен мектептегі оқушылардың бірқатары тегін ыстық тамақпен қамтылған болатын. Алайда дәмі жоқ тағаммен, сылдыр су шырыны біразының қытығына тиіп үлгеріпті. Сондықтан да қалалық білім бөлімінің басшысына шағымданып үлгерген. Осыған орай бөлім бастығы Жанат Тәжиева оқушыларға арнап, ас пісіретін кәсіпкерлердің басын қосып, талап қойды.

Бір апталық ас мәзіріндегі тәтті тамақтың барлығы оқушылар үшін. Бүлдіршіндер күнде шырын мен сылдыр сұйық сорпа болса да мектептен тамақ ішкендеріне риза. Бастауыш сыныптың оқушысы Зарина Ырысбек мектепте картофель пюресін жақсы көретінін алға тартты. Оған тәтті шәйі мен шырынын тағы қосты. Жас балдырған үшін жегісі келмейтін тамақты мектептегі аспаздар дайындамайтын көрінеді. Оқушылардың мектепте тамақтануы олардың денсаулығын нығайту мен жақсы сабақ оқуы үшін маңызды. Сол себепті де қалалық білім бөлімі мектеп асханасын жалға алған мердігерлерге қатаң талап қойды.

Оның ең біріншісі сапалы тамақ. Оның дәмділілігі мен құрамындағы дәрумендерін сөз еткен бөлім басшысы Жанат Тәжиева жұрттың баласына тамақ беру –жауапты іс екенін қадап айтты. Сондықтан апталық ас мәзірі бірін-бірі қайталамауы керек. Кондитерлік тәттілерді сырттан емес, өздері пісіргендері жөн екенін де жасырмады. Ол үшін барлық мектеп асханасында жағдай жасалған көрінеді. Екінші талап бойынша, мердігерлер бағаның тұрақтылығын қадағалау керек. Биыл білім бөлімі бір уақыт берілетін ыстық тамақтың құны-150 теңге деп белгіледі. Оның ішінде бірінші, екінші тағамдары мен сусындары, пирожки немесе жұмсақ наны болуы керек. Алайда, асхана иелері нарық заманында бағаның тұрақтылығын ұстап тұру мүмкін еместігін алға тартты. Бірақ, жалға алушыларға қойылған талап осы баға болғандықтан, келіспеске шара жоқ. Үшінші талап, санитарлық ережені сақтау. Қаламыздағы бас ұстаз тамақ салатын тарелкеден бастап,сорпа қайнайтын ыдысына дейін мән берді. Оған асхана қызметкерлерінің денсаулық кітапшасы мен ақ халаттарын тағы қосты.

Жанат Тәжиева, қалалық білім бөлімінің бастығы:» Жалға алушылардан көп жағдайда талап етілетіні-санитарлық тазалық.Көп жағдайда сапасыз тағамның салдарынан балдар арасында көп аурулар белең алып жатады. Осы мәселені болдырмау мақсатында бірінші кұннен бастап мән беріп жатырмыз. Арнайы жоспар құрылып, арнайы ас мәзірі түзіліп, барлық мектептерге жіберліп,бір деңгейде жұмыс істеу басшылыққа алынып отыр. Ал егер талаптарға бағынбай, кемшіліктерге жол беретін болса, мектеп директорлары мен жалға алушылар арасында түзілген келісім-шарт тоқтатылатын болады».

Осылайша мектептегі асхана иелерін тазалық пен сапалылыққа шақырған жиын барысында мемлекет бөлген әрбір тиынның сұрауы бары қадап айтылды. Шымкент қаласы бойынша мектептердегі жүз он мың оқушының 19 мыңы әлеуметтік жағдайы төмен екен. Оның 5 мыңға жуығына биыл ыстық тамақ беріледі екен. Сонымен білім бөлімінің бастығы қойып отырған талап орындалуға міндетті.

Мадина Жиенбекова,№26 мектептің асханасын жалға алушы:» Бізге бағаны ұстап тұру сәл қиындау болып жатыр.Ет те, азық-түлік те әр базарда әртүрлі.Әсіресе, қыста бағасы өте қымбат. Десе де, дәмді тағамдар жасауға тырысып, бағасы арзан болуға жағдай жасап жатырмыз. Қытайдың тәтті өнімдерін асханаға мүлдем жолатпаймын. Барлығын өзіміз пісіреміз».

Бала өмірін ойыншыққа, жейтін асын сылдыр суға айналдыруға болмайды. Айтылған сөз атылған оқпен тең дегендей өз ісіне білек сыбана кіріскен білім бөлімі 15-қыркүйектен бастап мектеп асханаларында рейд жүргізіп, қойылған талаптардың орындалу барысын тексермек.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=1Tab019fOng[/youtube]