Оқу жылына дайын емес

Ұстазды жақтап келген ауылдағы ағайын шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушінің қаһарына іліккен

Мақтаралда жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп әкімшілігі мен ұстаздар арасында дау туындады. Осы аудандағы “Бірлік” жалпы орта мектебінің мұғалімдері 1-ші қыркүйекке дайындалудың орнына ауыл көшелерінің шөбін шауып, білім ошағын жөндеуден бас көтермегенін айтып, арыздануда. Ал 35 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген мектепке бөлінген 47 миллион теңгеге жуық қаржы жылу жүйесі мен терезелерді жаңартудан артылмапты.

Оқу жылына дайын емес болып шықты

Шаруашылық ісі жөніндегі маманы ұстаздарды тамыздың ортасында жұмысын аяқтаған құрылысшылардан қалған қоқысты шығаруға мәжбүрлепті. Сметалық құжаттар кешігуінен жөндеу жұмысы кеш аяқталған мектептің дәрісханаларын ұстаздардың өздері жөндеуге көшкен. Талай жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ұясына бөлінген қаржының мектептің жылу жүйесін жаңалап, терезелерін ауыстыруға ғана жеткені түсініксіз. Есесіне шіріп, шұрқ тесілген шатыр мен сылағы түскен сыныптар сол күйі қалып қойыпты. Ал мектеп басшылығы сұлуынан гөрі жылуы маңызды деп отыр. Мектепті жөндеуге мұғалімдерді жегу төңірегінде туындаған даудан оқушылардың ата-аналары да шет қалмады. Ұстазды жақтап келген ауылдағы ағайын шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушінің қаһарына іліккен.

Биыл облыстағы 139 мектепке 3,7 млрд. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Өңіріміздегі 802 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 732,1 млн. теңге бөлінген.

Аты «Бірлік» болса да ынтымағы кеткен білім ошағына қатысты жергілікті тұрғындардың бірі Ыдырысхан Нұрқожаев мектептің жындыханаға не фермаға айналып бара жатқанын айтады. Мектеп қабырғасында күнде жанжал, күнде дау көрінеді. Жаңа оқу жылын осындай даумен бастаған ұжымның берекесі кеткен. Масқара болғанда алып-ұшып мектепке келген оқушыларды білім ұясы қарсы алуға дайын емес.

Белгілі болғанындай 1-қыркүйек күні бұл білім ұясына 150-дей бала сабаққа келмеген.
Себебі, дәріс бөлмелері әлі дайын емес, – дейді олар. Осыған байланысты мектептің шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушісі орнынан алынған. Мектептегі жағдайды білуге, мәселенің мән-жайын анықтауға аудандық прокуратура қызметкерлері келіп, тексеруді бастаған.