Оңтүстік Қазақстан өзендерінде тазалық жоқ. Жағалауда қордаланған қоқыстар мен тұрмыс қалдықтарынан аяқ алып жүре алмайсыз. Мұны облыстық табиғи ресурстар басқармасының бастығы Мұхит Отаршиев айтып отыр. Қазіргі таңда Оңтүстікте су қорғалатын аймақта 800 нысан бар.
«Ол нысандардың қатарында шаруашылық құрылыстары мен жеке аулалар, т.б. құрылыс нысандары бар. Барлығында дерлік қолдарында рұқсат қағаздары бар. Өйткені су қорғалатын аймақ аумағы аса үлкен емес еді. Бұл нысандардың иелерімен сот арқылы шешуге тура келетін түрі бар. Қазір қорғалатын аумақта жаңа нысандар салынбас үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр,»-дейді М.Отаршиев.
Мұндай түсіндіру жұмыстарын талай жылдан бері облыс экологтары мен СЭҚ мамандары жүргізіп келеді. Бірақ мамандардың дәйектері дәлелсіздеу болды ма, әлде тұрғындар түсіністік танытқысы келмеді ма, жағалау аймақтарында құрылыс жүргізу тоқтаған жоқ.
Кезек-кезеңімен жаңа жобалар, жаңа жоспарлар қолға алынып жатқанда, ал өзендер тұрмыстық қалдықтарға толы. Тіпті сорақысы сол, кейбір тұрғындар әжетханаларын жағалауға жақын соғып алған. Қаланың кейбір тамақтану орындары да өзен-көлдердің тұнығын лайлауда алдына жан салмауда.