Өткен сәрсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиев Сарыағаш өңіріне барып қайтқан-ды. Іс-сапардың негізгі мақсаты аудан әкімінің өткен жарты жылдыққа арналған есебіндегі мәліметтердің анық-қанығына көз жеткізу, қоғамдық тыңдау өткізіп, аудан көлеміндегі сақалды құрылыстардың мән-жайымен танысу болатын.
Сарыағаш облыстағы халқы тығыз орналасқан, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласы ерекше дамыған аудандардың бірі. Және өзінің бай табиғаты, елімізге ғана емес, сонымен қатар шетелдіктерге де етене таныс курортты аймағымен де танымал. Десек те ірі ауданның шешімін таппай жатқан әлеуметтік проблемалары да шаш етектен. Бұған Сарыағаш ауданы әкімдігінде Б.Әлиевтің төрағалығымен өткен қоғамдық тыңдау барысында көз жеткіздік.
Сарыағштықтарды толғандырып жүрген мәселе қаланың бас жоспары болса керек. Облыс әкімінің орынбасары осы мәселеге қатысты егіжей-тегіжейлі түсіндіре келе қаланың бас жоспарына 37 млн. теңге қаралғанын, қала инфрақұрылымын реттеу бойынша айналма жол салынып, үлкен жолдық кеңейетінін, қаладағы кәріз жүйесі реттелетінін айтты. Сонымен бірге қала үстімен өтетін көпір жайлы да әңгіме болды. Болатбек Әлиев бұл нысан «Қазақстан Темір жолы» АҚ-нан Автомобиль жолдары комитетінің балансына өткізілгенін, ендігі жылы құрылысы қарқынды түрде басталып, көпірдің енін 1 есеге үлкейту көзделіп отырғанын жеткізді.
Сарыағаш маңындағы кейбір ауылдарға апаратын жолдардың жарамсыздығы да отырыс барысында талқыға түсті. Мәселен аудан орталығынан 14 шақырым қашықтықта орналасқан Тасқұдық ауылына баратын жол жарамсыз халге жеткен. Аудан басшылары келесі жылы бұл жолдың құрылысы басталатынын айтып, халық қиналмайтын болады деп уәделерін берді.
Қоғамдық тыңдауға шағым айта келгендердің басым бөлігі ауданның шалғай ауылдарындағы перзентхана, аурухана тапшылығы мәселесін көтерді. Мәселен Қапланбек ауылдық округінен келген ақсақал Қуаныш Төлепов қатар орналасқан Ақниет, Жонарық, Қанағат ауылдарына дәрігерлік пункт қажет екенін, бүгіндері ауыл мешіті осындағы жалпы саны 2154 адамды құрайтын халыққа емхана мен аурухананың міндетін атқарып жатқанын, өркениетті мемлекетіміз үшін бұл жағдайдың ұят екенін айтты.
Осыған қатысты жауап берген Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов медпунктке қажетті арнайы жер бөлінгенін, және оның құрылысына қажетті қаражат келесі жылдың бюджетінде қарастырылғанын, келесі жылы салынып, пайдалануға берілетінін жеткізді. Сонымен қатар 9200 халық қоныстанған Жылға ауылындағы жабылғанына 1 жылдан асқан перзентхана жайлы да сөз етілді. Ауыл биі Тұрсын Халықұлы кезінде осы презентхана округке қарасты шалғай ауыл тұрғындарына да қызмет көрсетіп келгенін айтты. Аудан орталығынан 150-200 шақырымдай алыста орналасқан елдімекендерегі аяғы ауыр әйелдер көп жағдайда Сарыағаштағы перзентханаға жете алмай қиналып жатса керек.
Жылғалықтарды қинап отырған тек перзентхана жайы емес. 4.5 мың халық осындағы жалғыз су шығаратын скважинаның қасында күндіз түні кезекке тұратын көрінеді. Біраз уақыт бұрын басталған ұңғыма қазу жұмыстары тоқтап қалған. Ақсақал осы мәселелерді шешіп беруді өтінді. Б.Әлиев аудан басшысына осыларды жіті қадағалауға алып, зерттеу жүргізуді, халықтың ауыз-сусыз қалмауын басты мақсат етуді тапсырды.
22 мың халық тұратын Ақтөбе ауыл округінен келген қария Серікбай Дүйсенов те перзентхана мәселесін сөз ете келіпті. Айтуынша перзентхана былтыр жабылып қалған. Жергілікті халық қатты қиналып жатқан құсайды. Жұмағали Исмаилов шалғай ауылдарда перзентхана ашу үшін әрқайсысына реанимация, анестезиология бөлімдері қажет екенін, ол үшін білікті дәрігерлер қажет екенін, бұл мемлекет үшін қазіргі жағдайда тиімсіз болып отырғанын айтып өтті. Еліміздің барлық жерінде шалғайда орналасқан болса да ауыл тұрғындары міндетті түрде аудан орталығындағы немесе облыс орталығындағы перзенханаларда босануы тиіс екенін айтты.
Себебі әйелдің денсаулығына қатысты қиын жағдай туындап жатса ауылдағы орта білімді акушерлер тиісті ем-домдарды жасай алмауы мүмкін екен. Соған қарамастан алдағы жылдары ауданда 7 медициналық нысан салынбақ және 66 санитарлық көліктер сатып алынып, халыққа қызмет көрсетпек.
Қоғамдық тыңдаудан кейін Облыс әкімінің орынбасары Б. Әлиев аудан әкімдігінде кеңейтілген мәжіліске қатысты. Аудан әкімі Ә.Мақұлбаев баяндамасында өзіне 28 тапсырма берілгенін, бүгінгі таңда оның 5-уі толық орындалғанын айтты. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша 297 адам жұмысқа орналасып, 370 адам кәсіптік білім алуға жіберілген. Аудан бюджетіне тапсырмаға сай ай сайын талдау жасалынған. Рейтинг көрсеткіші бойынша төмен нәтиже көрсеткен әкімдер орынынан айырылып, 6 меткеп директоры жұмысынан қуылған. ҰБТ-да өте төмен нәтиже көрсеткен себепті аудандық білім бөлімінің бастығының ісі қаралып жатса керек.
Жиын барысында кеткен кемшіліктер мен олқылықтар турасында да сұраулар алынды. Мәселен ауданға қарасты 500 жер учаскесі жеке тұлғаларға заңсыз беріліп кетсе керек. Сондай-ақ, Ақтөбе, Жылға ауыл округтеріндегі жайылымдық жерлер кезінде жекешелендіріліп кеткен. Б.Әлиев бұларды жыл соңына дейін мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырды.
Аудандағы заңсыз жұмыс істеп жүрген тасилер туралы да сын-ескертпесін білдірген облыстың «замәкімі» аудандық ішкі істер бөлімі мен жол инпекциясы басшылығының жұмыстарына көңілі толмайтынын білдірді. Көлік салығы жинау небары 25 пайызға орындалған. Бұл құқық қорғаушылар мен заң қызметкерлерінің дәрменсіздігін көрсетеді деді Б.Әлиев. Аудан әкімі Ә.Мақұлбаевқа аудандағы күрмеулі мәселелерді таяу арада шешуді тапсырды.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ