Елімізде шахмат спортына оң бетбұрыс жасалмақ. Ақыл-ойды дамытып, зиялылыққа жетелейтін зерделі ойын мектеп бағдарламасына енгізілетін болады. Елордадағы «Назарбаев Университетінде» жоғары және орта оқу орнының шәкірттеріне арнап интерактивті дәріс оқыған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай ұсыныс жасады. Президенттің бастамасы қолдау тауып жатса, құба-құп әрине.
Шыны керек, соңғы жылдары осы бір зияткерлік ойынның көкжиегі кеңейіп келеді. Жаһанды мойындатып жүрген дарынды ұл-қыздарымыз баршылық. Қаршадай ғана Жансаяның жетістігі кісі қызығарлықтай. Әлі буыны қатпаған балауса қыз биік-биік белестерді бағындырып жүр. Естеріңізде болса, газетіміздің өткен санында жеңімпаз қыз хақында «Балауса қыздың биігі» деген мақаланы мәнзелдегенбіз. Онда зеректігімен көзге түскен қызымыздың бүкіл әлемге бас идіріп, халықаралық ең жас гроссмейстер атанғанын сүйіншілей хабарлағанбыз. Үнемі жақсылықтың жаршысына айналған ол отандастарын тағы да қуанышқа бөледі. Оның Астанадағы интерактивті дәрісте «Шахмат сабағын мектепте оқытуға қалай қарайсыз?» деп Президентке қойған сауалы кең қолдауға ие болды. Елбасы: «Шахмат ойыны адамның ақыл-ойын дамытады. Есептеуге үйретеді. Мемлекет басқаратын адам міндетті түрде шахмат ойнауы керек» деп күлімсірей жауап қатты. Сонымен бірге Астанада шахмат орталығы мен академиясы ашылатыны да мәлім болды.
Шахмат — әлемдегі кең таралған ойындардың қатарында. Тұлғаның ой-өрісін дамытуда орны ерекше. Біле білсек, әлемдегі мықты-мықты саясаткерлер, топ-менеджерлер шахмат ойнап, табысқа жете білген. Американдық публицист Ричард Бах бүй депті. «Ең әсерлі білім – сені жеңе алатын бәсекелеспен шахмат ойнау». Ғалымдар дәлелдегендей, әсіресе күрделі математика ғылымын шахмат ойыны арқылы тез меңгеруге болады екен.
Батыл бастамаға алғаш болып үн қатқан қарағандылықтар болды. Облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов Президенттің пәрменін іліп ала аймақ мұғалімдеріне үндеу тастады. Оның пікірінше, шаршы тақтадағы ойын мектеп оқушылары үшін өте пайдалы. Алдағы күндері зияткерлік ойын мектеп қабырғасында-ақ үйретіле бастауы тиіс. «Бұл өте пайдалы ойын. Ол стратегиялық тұрғыдан ойлау қабілетіне, жағдайды алдын ала біліп отыруға үйретеді. Бұл ойын мектеп оқушылары үшін ақыл-ойды дамытудың жақсы жаттықтырушысы» деген Әбілғазы Құсайыновтың мәлімдемесі көпке үлгі боларлық.
Шаршы тақтада талайларды састыратын ойлы спортшылар Шымкентте де жетерлік. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін шахматқа құмар жандар табылады. Республикалық, халықаралық додаларда бәйгенің алдын бермей жүрген шеберлерімізбен мақтана аламыз. Қалалық Ләззат Тәжиева атындағы № 4 олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ойы ұшқыр ұл-қыздарды тәрбиелеуде.
Атап айтқанда, Гүлісхан Нақпаева, Гүлмира Дәулетова, Ілияс Садықов сынды саңлақтарымыздың есімі алысқа жайылған. Ел біріншілігінің жеңімпазы атанып, шетелдік ареналарда атой салып жүр. 1967 жылы ашылған спорт мектебіне 1986 жылы белгілі шахматшы Ләззат Тәжиеваның аты беріліпті. Десек те, атаулы спорт мектебі қызметкерлерінің айтар уәжі бар екен. Бізге аға әдіскер Бейбіт Медетбек мектептің әлі күнге дейін жеке дербес залының жоқтығын айтып, мұңын шақты. «Көптеген халықаралық дәрежедегі шахматшыларды тәрбиелеп жатырмыз. Алайда өзіміздің жаттығатын жеке залымыздың болмауы жанға батады. Әлі де болса, өзгенің залына телміріп, жалға алуға мәжбүрміз», — дейді Б. Медетбек.
Міне, талай тума таланттарды түлетіп ұшырған спорт мектебінің сиқы осындай. Бізде жастарға қарағанда қариялардың қызығушылығы басым. Шымкенттің орталық саябағындағы «Шахмат клубында» күні бойы зияткерлік ойын ойнап, уақыт өткізетін қарияларды көзіңіз шалған болар. Ондағы қариялардың «текетіресі» таңертеңгі сағат 10-нан кешкі 6-ға дейін созылады. Алпыстан асып, тоқсанға таяған қартқа дейін жиналатын клубтың өзіндік турнирі де бар. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен әр мереке сайын кішігірім дода өтіп тұрады. Жастар жалқау дегенімізбен, қарияларымыз осындай.
Осылайша аузы дуалы ақсақалдардың жайын білмекке шахмат клубына бас сұқтық. Әдеттегідей алпысты алқымдаған қариялар ойынның қызығына кірген. Шүйіркелескен алқалы қауымның араларында еңбек ардагері де бар екен. Олар күн сайын осы аймаққа атбасын бұруды әдетке айналдырғандарын айтады. Байқағанымыздай, клубтың ахуалы сын көтермейді. Ескі, тозығы жеткен ғимараттың ішінде жел азынап тұр. Күрделі жөндеу көрмегелі де біраз болыпты. Амал жоқ, қазыналы қарттар клубтың ішінен гөрі саябақта отырып, құмарларын қандыруға әуес.
Осылайша, біршама жәйтке куә болып, көңіл шіркін құлазып қайтты. Бұйыртса, Президенттің пәрмені Шымкенттің мектептерінде орындала жатар. Салауаттылыққа үндейтін шахмат пәні мектеп қабырғасында-ақ оқытылып жатса бек қуаныштымыз. Біздің көкейде осынау ойлы спорт түрінің көсегесі көгерсе деген тілек қана. Бірақ күннің астында зерек ойыннан зерікпейтін ақсақалдардың жайын ұмытпайықшы.
Аманбек КҮЗЕНБАЕВ, «Ақ тұлпар» шахмат клубының директоры:
– Әрине, шахмат ойынының адамға берер пайдасы көп. Кемелділікке, алғырлыққа тәрбиелейді. Елбасының көтерген бастамасы өте құптарлық. Мектептен бастап оқытыла бастаса, ұтарымыз көп еді. Жастарға үлгі көрсету үшін күні бойы осы клубтан шықпаймыз. Бұрын қыстыгүні де шахматтың қызығына кірген кезіміз болды. Клубты облыс ақсақалдарына арнайы келіп, сыйға тартқан Асқар інімізге алғыс айтамыз. Енді жетіспей тұрғаны, арнайы қызметшілерді тағайындаса дейміз. Қала басшысына кіріп, мән-жайды түсіндіргенмін. Алайда әлі ешбір нәтиже көрінбейді.Сапархан АТЕМОВ, еңбек ардагері:
– Президентіміз ел спортын өркендетуге көңіл бөліп отыр. Соның арқасы шығар, кешегі олимпиада ойындарында толағай жетістіктерге жеттік. Барлық өңірлерде спорт жанданып келеді. Бірақ біздің Шымкентте шахмат спортына бетбұрыс қажет. Мынау ардагерлерге берілген клубтың жағдайы ойлантарлық. Осыны қолға алып, күрделі жөндеуден өткізетін адам табылмай тұр. Сол себептен енді облыс, қала басшылары назар аударса екен. Біздің осы күйімізді келіп көрсе екен.