Шымкент адам танымастай өзгереді

Алғашқы нысан - «Нұрсәт» шағынауданындағы жылу насос станциясы

Өткен аптада облыс әкімі Асқар Мырзахметов бір топ сала мамандарымен қаладағы әлеуметтік нысандарды аралады. Алғашқы нысан — «Нұрсәт» шағынауданындағы жылу насос станциясы. Өткен жылу беру маусымында электр жарығы жиі өшірілуі салдарынан станция істен шыққан болатын. Биыл да сондай күрделі жағдай орын алмас үшін қала әкімі Қайрат Молдасейітов бірқатар шараларды қолға алғандығын жеткізді.

Облыс басшылығы алдында 2012-2013 жылғы жылу беру маусымына дайындық бойынша есеп берген Қ. Молдасейітов жылу құбырларының жөндеу жұмыстарына биыл 947 млн. теңге бөлінгенін айтты. Оның ішінде 170 млн. «3-Энергоорталық» АҚ-ның жеке инвесторлары берсе, қалған 770 миллион теңге бюджеттен қарастырылған. Қаладағы магистральдық құбырлардың ұзындығы 75,7 шақырымды құрайды. 31-ші тамызға берілген мәлімет бойынша дайындалғаны 92,2%. Ал ішкі орамдық жылу жүйелерінің (307,4 шақырым) дайындығы 86% құрап отыр. Баяндамада қаладағы 243 бюджеттік мекеменің 229-ы жылу қабылдауға дайын, 1732 көпқабатты үйдің 1106-ында сығымдау жұмыстары жүргізіліп, жылуды қабылдауға сақадай сай делінуде. Дегенмен шын жағдай шыңылтыр аязда белгілі болмақ.

«Нұрсәт» шағынауданынан кейін облыс әкімі ат басын Орталық саябаққа бұрды. Бұл демалыс аумағында үлкен өзгерістер орын алмақ. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын жобалармен БАҚ өкілдерін игі бастамаға ұйытқы болған облыс әкімінің өзі таныстырды: «Саябақтағы барлық коммерциялық нысандар толығымен бұзылады. Өздеріңіз байқағандай ол жұмыстар қарқынмен жүргізілуде» — деді ол. «Меншік иелеріне ескертілген бе?» деген тілші сұрағына әкім «Ия, соңғы мерзім 15-ші қыркүйек. Саябақты қаптап кеткен дәмханалардың орны тазартылып, жаңа нысан құрылысы жүреді, оның айналасы көгалдандырылады. Саябақтың Түркістан мен Әйтеке би көшелеріне қарайтын аумағы Тәукехан даңғылына шыға беретін аумақтағы гүлзардай көріктендіріледі. Аға буын өкілдерін қуантатын тағы бір жаңалық, ескі су бұрқағының алдындағы ескі ғимараттың орнына екі қабатты ардагерлер үйі бой көтермек. Оның бірінші қабаты тынығуға, үстел ойындарына арналса, екінші қабаты облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің кеңсесі болады. Айтпақшы, су бұрқағы орнына гүл отырғызылып, алдына немересімен тұрған ақсақалдың мүсіні қойылады екен.

Әкімдер нысандарды аралады

Жалғыз бұл емес, қаладағы тынығу орындарының қатары болашақта Бадам өзені бойындағы демалыс аймағымен де толықпақ. Өзен жағалауының керемет табиғаты мен шағын сарқырамалары ескеріліп, мұнда ірі жоба әзірленіпті.

Игі іс жүзеге асса, болашақта оңтүстікқазақстандықтардың осында келіп, демалуына жағдай жасалмақ, — дейді облыс әкімі А.Мырзахметов. Бұл үлкен жоба. Әрине, бір жылда бітпейді. Құрылысы 3-4 жылға созылатын шығар. Қазіргі таңда бірінші кезең бойынша жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге 50 млн. теңге қаржы бөлініп, құжат қыркүйектің 20-на дайын болады. Нысанның құны – 7 млрд. Бұл қомақты қаржы көлемін облыстың келер жылғы бюджетіне енгізбекпіз. Алдымен Ташкент күре жолына дейінгі 8,7 шақырым аралығындағы жағалау бетондалады, арнасы тазартылып, су жиналатындай бөгеттер жасалынады. Екінші кезеңде көпірдің арғы жағында жұмыс басталады. Сондай-ақ өзен бойында мәдени, спорт, ойын-сауық орындары мен аквасаябақтар бой көтереді. Бұл жұмыстарға кәсіпкерлер тартылады. Автотұрақтар, аяқ және көлік жолдары қарастырылмақ. Барлығы ойдағыдай болса, бұл жер қаланың көркіне айналады.

Сондай-ақ, облыс басшысы арнайы экономикалық және «Оңтүстік» индустриалдық аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Іске толық қосылуға дайын кәсіпорындардың бірі «Kagaz Shahary SEZ» ЖШС-де офистік техникаға арналған қағаз шығарылады. Қуаты тәулігіне 2 мың тонна біртекті қағаз жасап шығармақ. Өнімнің бағасы нарықтағы бағадан 15% төмен. Шикізатты кәсіпорын Ресей мен шетелден жеткізеді екен. «Оңтүстік» индустриалдық аймағында ашылатын тағы бір өндіріс орны — шөлмектерге арналған қақпақтар және көкөніс пен нан сақтауға арналған бұйымдарды шығаратын кәсіпорын. Өңір басшысының назарынан қала іргесіндегі бұрынғы шина зауыты аумағынан бой көтерген «Шаңырақ» шағынауданы да тыс қалмады. Тұрғындар осы мүмкіндікті пайдаланып, көкейдегі мәселелерін Асқар Исабекұлының алдына қойды.

– Ең қажеттісі – мектеп. Балаларымыз Сайрам ауданына қатынап, дәріс алады. Қоғамдық көлік мәселесі жақын арада шешілсе, жақсы болар еді. Шина зауытына дейін № 16 «Газель» жүреді, соның бағытын бізге дейін созса. Жаңа кәсіпорындар ашылды деп естиміз, жұмысқа орналасу жағы қиын, – дейді тұрғындар.

Облыс басшысы өз кезегінде тұрғындарды жер телімін тиімді пайдалануға шақырды: «8 соттық жердің жартысына картоп ексеңіздер қысқа азық болады. Қазір заман басқа, қол қусырып отырмай, еңбектену керек. Ауылдарыңыз жақын арада сумен қамтылады. Электр жарығы желісі тартылуда, көше – жол тегістеліп, асфальт төселуде. Міне, қала әкімі Қайрат Молдасейітов шағынаудан аумағындағы 7 гектар жер мектеп, медициналық бекет пен бала бақша салуға рәсімделуде дейді. Барлығы кезегімен шешіледі», – деді Асқар Мырзахметов.

Облыс әкімі аралаған соңғы нысан – құрылыс базарына арналған жер болатын. 20,4 гектар аумаққа қаладағы қазіргі бей-берекет орналасқан «Қайтпастағы» ағаш, «Ескі қалашықтағы» құрылыс дүкендері, С. Бәйтереков пен Т. Рысқұлов көшелері қиылысындағы сауда нүктелері көшіріледі деп жос-парлануда. Қазіргі таңда мұндағы инфроқұрылымның жобалық-сметалық құжаты жасалуда. Бұл мақсатта 375 млн. теңге бөлінген.

Шынар Оразова

Суретерді түсірген Хусан АЗИЗОВ