Шымкент көшелерінде жаңа автобус көрінбейді

447
Ескі автобустар есіріп жүр

Қаладағы жол жүру ақысын айтып жүріп 10 теңгеге қымбаттатқан тасымалдаушылар жолаушылардың жағдайын жасаймыз деген болатын. Алайда, Шымкент көшелерінде жаңа автобустар көрінбейді. Сонда, келісім-шарт мемлекет тарапынан жүзеге асқанымен, компаниялар өз уәделерінен тайқыды.

Қоғамдық көліктердің бағасы көтерілгенімен, сапасы сын көтермейді. Қала көшелеріндегі ескі автобустар тұрғындардың есін шығарды. Шымкенттік жолаушылар қашан жаңа автобусқа мінеді?

Бұл сұрақтың жауабы биылғы жылы шешілмейді. Себебі жолақысы 45 теңге болғалы ештеңе өзгерген жоқ. Сол сақырлаған автобустар, оларға лық толған жолаушылар, дөрекі жүргізушілер мен кондукторлар — бәз-баяғы қалпында. Санаулы орындықтары былай тұрсын, бір аяқтап тұрып, баратын жеріне ит қорлықпен жететін тұрғындар мұндайдан мезі болған.

Шымкенттіктердің шағымына облыс әкімдігі де қанық. Халықтың тілегіне жолаушы тасымалдайтын компаниялар пысқырып қарамайтынынан да хабардар.

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Көтереміз,келісім-шартқа қол қоямыз, сосын жаңарту болады деп келіскенбіз басында.Керек болса, «Бизнестің жол картасы»арқылы қаржыландырамыз деген болатынбыз. Қаржыландыру болатын болса, арзан несиемен көмектесейік. олар неде болса, келісім-шартта көрсетілген қызметті жасаулары шарт. Өйткені ассоцациясы уәде берген. Тіптен болмаса, басқа ірі инвесторларды тартайық».

Ал қала әкімі өзге инвесторларды шақырып жатырмыз. Бірақ, жолаушы тасымалдау ісіне қызығушылық танытып жатқандар атымен жоқ дейді.

Қайрат Молдасейтов, қала әкімі: «Ия, рас қай маршрутты алып қарасаңызда, кемшілік көп. Тым болмаса, қаланың орталық көшелеріне жаңа автобус алып келейік деп, қанша кісілермен сөйлестік, бірақ нәтиже жоқ. Егер инвесторлар келем десе, кез-келген мартшрутты босатып береміз, ол жағынан ешқандай проблема жоқ».

Жақында, қазанның бірінен бастап жолақысы 5 теңгеге тағы қымбаттап, 50 теңге болады. Көнбіс халық қалтасына ауыр тисе де ол бағаға үйренері сөзсіз. Алайда, жолаушыларды тасымалдайтындарды кім жолға салады? Жаңа автобустарды армандамақ түгілі, ескілерін тазалап, уақытылы жүргізу үшін қала басшылығы әзірге қауқарсыз болып тұр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=CI1b7m09W7Q[/youtube]