Шымкенттегі «Дельфин» аквабағының тағдыры мәдениет министрлігінің қолында

348
Дельфин аквабағының
Дельфин аквабағы Абай саябағының маңында орналасқан

Ыстық күнде қалалықтарға жайлы демалыс орны «Дельфин» аквабағы көшіреле ме? Бұл мәселе кәсіпкерлердің құқығын қорғаушылардың назарынан тыс қалмады. «Дельфин» аквабағының құқығын қорғау үшін сауықтыру кешенінің басшылары тиянақты дайындалыпты. Қонақтарға арнайы бейнематериал көрсетілді, онда демалушылар бірауыздан демалыс орны жайлы жақсы пікір айтуда. Алайда, Абай саябағының ішіндегі осынау күрделі құрылыс нысанын көшіру жөнінде соттың шешімі шығып қойған.

Виталий Чепала «Дельфин Аквабағы» кешенінің бас директоры: «18-қыркүйекте облыстық экономикалық соттың аппеляциялық алқасының шешімі шықты. Ол бойынша «Дельфин» аквабағының Абай саябағына тиесілі жерде салынған нысандары көшірілуі тиіс. Біз Жоғары Сотқа да жүгіндік. Алайда барлық жерде алғашқы аудандық соттың шешімін дұрыс деп танылды».

Кәсіпкердің құқығын заң шеңберінде қорғауға дайын екенін бұрын өзі кәсіпкер болған қазіргі қала басшысы да айтты.

Қайрат Молдасейітов, Шымкент қаласының әкімі: «Мен де осындай жағдайға тап болғанмын. Басқа қаладағы саябақтан жер аламын деп әрекеттеніп едім, оған мәдениет министрлігінің рұқсаты керек екен. Бұл дұрыс. Өйткені заң талаптары орындалуы тиіс. Ал сіздерде министрліктен мұндай рұқсат болмағанын білгенмін. Мен аквасаябақтың жұмыс істегеніне қарсы емеспін. Тек оның қоршауын жаңалауларыңыз керек».

Дельфин аквасаябағының осы күнге дейін жұміс істеп, көшірілмегеніне облыстық мәслихат депутаттарының да еңбектері бар. Халық қалаулылары Дельфинді кез келген жерде қорғауға дайын.

Аманолла Раманқұл, облыстық мәслихаттың депутаты: «Осы жер қоқысқа толғанда облыс әкімдігінің сұранысы бойынша кәсіпкерлер саябақтарды көріктендіруге ат салысты. Аквасаябақ осылай салынды. Нұрғали Әшімов облыс әкімі болғанда ол нысанды көшіруден аман алып қалдық. Енді жағдай тағы қайталануда. Егер қажет болса облыс мәслихаты сессиясының қарауына ұсынайық. Қажет болса өзіміз сол жерде тұрып, бұзылуына жол бермейік».

Айгүл Соловьева, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Сорғыш пен киім ауыстыратын орындар қоғамдық пайдалану жерінде орналасса, онда заң бойынша сіздердің әрекеттеріңіз дұрыс емес. Саябақтың жері болса, нысандарды қайтару мәселесі міндетті түрде қолданыстағы заңдар шеңберінде шешілуі тиіс».

«Кәсіпкерлерді қорғау одағы» қоғамдық бірлестігіндегілер де аквасаябақ басшыларына халыққа, қалаға қажетті сауықтыру кешенін қорғау бойынша кеңес беруге дайын екендерін жеткізді.

Василий РЕЗВАН, заңгер: «Тезарада мәдениет министрлігіне хат жолдауымыз керек. Қала әкімі, депутаттар қарсы емес. Ал «Атамекен» Одағы прокуратураға соттың шешімін орындауды тоқтата тұруға хатпен шығуы керек. Менің тәжірибемде мұндай жағдай болған. Барлығы бастапқыдағы шешімге тіреледі».

«Атамекен» Одағы Аквабақты қорғау бойынша барлық материалдарды тиісті құрылымдарға жолдауға және бұл мәселені қадағалауға аламыз деп уәде берді.