Бүгін Шымкенттегі қорғасын зауытында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Мұндағы мақсат — зауыт еңбеккерлеріне жұмыс тауып беру.
Естеріңізде болса, «А Мега Трейдинг» ЖШС-нің филиалы осы қорғасын зауытының қараша айына дейін жұмыс істеуіне рұқсат еткен. Осыған орай ҚР Еңбек заңнамасы негізінде 750 жұмысшының еңбек келісім-шарттарын кезеңдік мерзімдермен бұзу басталады.Қорғасын зауытының жұмысшылары бос орындар жәрмеңкесіне емес, көп жылдары еңбек еткен зауыттарымен қоштасуға келгендей. Көңілдері құлазулы. Өйткені оларға зауыттың қараша айының соңында жабылатыны ескертіліп, 750 адам жұмыстан шығарылатыны айтылған. Енді бұрыннан тер төккен жұмысшылар өз мамандықтары бойынша жұмыс табылатынына сенбейді.
Татьяна Менгулова , қорғасын зауытының жұмысшысы: » Жасым 53-те. Әрине , тұрақты жұмыс таба алмаймын. 36 жылымды осы өндіріс орнында өткіздім. Ал енді керек болмай қалдық. Жәрмеңкеде жұмыс тек ер азаматтарға ұсынылуда. Біз қайда барамыз. «
Мұхтар Мырзахметов , қорғасын зауытының жұмысшысы: Менің де жасым 53-те. Кәсіпорында жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі менімен қатарлы. Бізге жұмыс оңайға соқпайды. Біз үшін жәрмеңке ұйымдастырыпты,рахмет.Қазір құжаттардымды тапсырдым , байланысамыз деп жатыр. Не болары уақыт еншісінде».
Ольга Ахметова, қорғасын зауытындағы кәсіподақ комитетінің төрайымы:» Қызметкерлерімізді қолдау мақсатында біз әкімдіктердің барлығына хат жолдадық. ХаттыЕлбасына да жаздық. Президентіміз металлург емес пе Бізді түсінеді ғой. Экономиканы көтеру керек дейді. Зауытымыздың өнімі сапалы және сұранысқа ие еді. Мына жәрмеңкеде жалақы мөлшері көрсетілмепті. Біздің жұмысшылардың айлығы орта есеппен 66 мың теңге болатын. Бізге кепілдік керек,жұмыс қажет. Жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз.»
Металлургтерді қолдау мақсатында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары бөлімі жаңа ашылған жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырған. Оның барысында мамандар жұмысшыларға өз құқықтарын түсіндірді. Яғни, олардың әрқайсысының жұмыстан босаған жағдайда әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы алуға мүмкіндігі бар.
Любовь Мақашева, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы: » Қала әкімінің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылып, зауытта жұмыс істеді.Біздің бөлімнің мамандары МЖТО қызметкерлерімен қорғасын зауытының жұмысшыларына өз құқықтары , әлеуметтік қорғалатыны жайлы кеңес бердік. 4 айға дейін жұмыс істеген адамдар да жәрдемақы алады.»
Жәрмеңкеде өздеріне лайықты жұмыс таппаған қорғасын зауытының жұмысшыларын әлеуметтік қызметкерлер Төлеби көшесінде орналасқан жұмыспен қамту орталығына шақырды. Мүмкіндігінше өтініш жасаған азаматтарды жұмыспен қамтуға тырысамыз деп уәде берді олар.