Қаржы полиция қызметкерлері Созақ аудандық ІІБ-нің тәртіп сақшыларын пара алып жатқан жерінде құрықтады. Қолға түскендер – криминалды полиция бөлімшесінің бастығы мен бөлім бастығының жедел-қызмет жөніндегі орынбасары.
«ОҚО ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы және Қаржы полициясының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шараларының кезінде Шымкенттегі дәмханалардың бірінде 20 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу кезінде Созақ АІІБ бастығының жедел-қызмет жөніндегі орынбасары мен криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы ұсталды» делінген облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Тәртіп сақшыларын ұстауға оңтүстікқазақстандық кәсіпкер әйелдің арызы себеп болған. Күдіктілер шағымданушыға «Павлодар-Шымкент» мұнай құбырынан мұнай ұрлағаны үшін қозғалған қылмыстық істі оң шешіп беруге уәде беріпті. Ақысына 20 мың АҚШ долларын сұрапты. Қазіргі таңда ұсталғандар қамауға алынған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Айғақ зат ретінде олардан таңба қойылған қағаз ақшалар алынды.