Созақтық шенеуніктер тұтылған күн

Өткен бейсенбіде Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызметтік істер жөніндегі агенттігі Тәртіптік кеңесінің мәжілісі болып өткен-ді. Күн тәртібінде Созақ ауданындағы бірнеше келеңсіз жәйттер қаралды. «Даудың басы Дайрабайдың сиыры» демекші, бұл жолғы мәселе де айналып келіп бәз-баяғы тендерге қатысты даудың маңайында өрбігенін айта кетейік.

Мемлекет соңғы жылдары мектептердегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуді қолға алғаны белгілі. Қамқорлық танытып отырған ел билігіне халықтың ықыласы мен ризашылығы ерекше. Дегенмен жергілікті жерлерде әкім-қаралардың осындайдан пайда тауып қалуды көздейтін фактілері жиі кездесіп қалуда.

Әңгімені әріден бастасақ, Созақ аудандық экономика және қаржы бөлімі бастығының 2012 жылғы 13 ақпандағы №10 бұйрығымен «Аудандық мектептердегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету» конкурсына тендер жарияланып, комиссия төрағалығына Созақ ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Зейдулла белгіленіпті. Ал заң бойынша конкурс комиссиясының төрағалығына аудан әкімінің орынбасары емес, аудандық экономика және қаржы бөлімінің бастығы тағайындалуы керек екен. Белгіленген 34 лоттың тек біреуінде ғана конкурс өткізіліп, жеке кәсіпкер Г. Жұманова 641 мың теңгеге жеңімпаз боп танылыпты. Қалған 33 лот бойынша конкурс өткізілмеген.

Осы жерде шикіліктің барын сезген ОҚО бойынша қаржы бақылау инспекциясы тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтың бар екенін анықтады. Атап айтсақ, конкурсқа рұқсат беруге «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 23-бабы және «Мемлекеттік сатып алу Ережесінің» 51 тармағы 5 тармақшасының талаптарын сақталмай, жеңімпаз боп танылған Г. Жұманова кепіл жарна ретінде небәрі 8 мың теңге ғана аударған. Ал заң бойынша тендерді жеңіп алған кәсіпкер 1 пайыздық кепілдік қаражатты конкурс ұйымдастырушының есеп шотына аударуы тиіс екен. Осыны көріп, біле тұра Н. Зейдулла басқаратын комиссия өтінімді шеттетудің орнына оны жеңімпаз деп жариялап жіберген. Осы жіберген заңсыздығы үшін тексеру жүргізген аудандық прокуратура Н.Зейдулланың жеке кәсіпкер Г. Жұмановаға артықшылық көрсеткенін анықтап берді.

Тәртіптік кеңес барысында бұдан өзге созақтық «замәкім» мырзаның қатысуымен болған тағы бір осындай факті әшкере болды. Нұрлан Зейдулланың басқаруымен конкурстық комиссия Созақ ауданына қарасты Т. Әлімқұлов атындағы №14 лицей-интернатын, «Созақ» орта мектебінің жанындағы интернат, «Ертөстік» және «Созақ» балабақшаларын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін тендер жариялап, конкурс өткізген. Бұл жолы да аудандық экономика және қаржы бөлімінің бастығы конкурстық комиссияның төрағасы етіп, шені өзінен жоғары тұрған аудан әкімінің орынбасары Н. Зейдулланы тағайындапты. Осының өзінде-ақ сыбайлас жемқорлықтың құлағы қылтияды. Сонымен не керек, конкурсқа қатысқан жеке кәсіпкерлер Ереже талаптарына сай келмейді делініп, комиссия төрағасы тапсырыс беруші экономика және қаржы бөліміне конкурстың өтпей қалғандығы туралы хат жолдаған. Соған қарамастан аудандық экономика және қаржы бөлімі құжаттары Ереже талаптарына дұрыс келмейтінін біліп тұрса да, бірнеше әлеуетті өнім беруші кәсіпкерлерді жеңіпаз деп тапқан. Осылайша Созақ ауданы әкімінің орынбасары Н. Зейдулла ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабының жекелеген тармақтарына сәйкес құқық бұзушылық әрекет жасаған.

Тәртіптік кеңес мүшелері осы Созақ ауданы әкімі аппаратының басшысы Қ. Оразовқа да қатысты заң бұзушылықты күн тәртібінде қарады. Бұл шенеунік те кезекті бір мемлекеттік сатып алу комиссиясының төрағасы болған. Оның басшылығымен аудандағы бірнеше білім нысанының қазандықтарына, су жинайтын мұнарасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тендер жарияланған көрінеді. Екі конкурсты да «BR-construction company» ЖШС-і жеңіп алса керек. Сөйтсе бұл ЖШС-нің бұрындары салықтан қашып, жұмысшыларының зейнетақы, басқа да әлеуметтік жарналарын төлемегені былай тұрсын, конкурсқа қатысуға қажетті салық органынан берілетін анықтамада салық органы басшысының қолы да, мөрі де қойылмапты. Және де анықтаманың қосымшасы санды символдармен рәсімделген. Яғни, алаяқ компания деген сөз. Осындай кемшіліктерді көре тұра, конкурстық комиссия бұл жолы да жеңімпаз компанияны белгіленген талапқа жауап бере алмаса да жеңімпаз ғып жіберген. Осының негізінде Қ. Оразов ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес құқық бұзушы деп танылды.

Бұл екеуінен өзге Созақ аудандық экономика және қаржы бөлімі бастығының орынбасары М. Архарбековтың да арты таза емес екеніне Тәртіптік кеңес отырысында көзіміз жетті. Ол аудан әкімінің шешімімен бірнеше мемлекеттік сатып алу конкурсы комиссиясының төрағасы болып бекітілген екен. Жоғарыдағы екі шенеунік секілді бұл да конкурстық Ережеге сай келмейтін бірнеше жеке кәсіпкерді балабақша, мектеп және басқа да нысандардың құрылысын жүргізу үшін жеңімпаз деп жариялаған. Заң бұзушылық әрекеті білініп қалған бөлім бастығына жемқорлыққа барды деген айып тағылды.

Тәртіптік кеңес мүшелері өзара келісімді түрде Созақ ауданы әкімінің орынбасары Н. Зейдулланы, аппарат басшысы Қ. Оразовты, экономика және қаржы бөлімінің бастығы М. Архарбековты қызметінен шеттету туралы осы ауданның әкімі Аманғали Аймұрзаевқа ұсыныс жолдады.

Десек те, тәртіптік кеңес жазаның жеңіл түрін белгілеуді ұсынғандай әсер қалдырды бізге. Жиынға қатысқан бақылаушылардың бірі, тіпті әлгі заңбұзарларды қорғаштағандай кейіппен «бұлар білмей қалған, түсінбей қалған тірліктері үшін жазалай берсек, мемлекеттік қызметте істейтін ешкім қалмайтын шығар» деп қойып қалды. Осыдан байқағанымыз, біздің елде сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаза тағайындағанда кешірімшілдікке, мүмкін түзеліп кетер, жас екен дейтін көңілжықпастыққа көп баратын секілдіміз. Осыдан барып, не істесе де жазадан жеңіл құтылып кететінін білетін шенеуніктер жемқорлықты қоюды тіпті ойламасы анық. Қытай, Араб елдеріндегідей өте қатаң жаза қолданбайынша, біздегі әкім-қаралар мемлекеттің есіл ақшасын керегінше жымқырып қалудан бас тартпасы белгілі. Неге екенін қайдам, билік органдары жемқорларды аямай жазалайтын тұста бармақтарын тістеп, «мүмкін түзелер» деген ойдан арыла алмай жүр. Әлі күнге дейін тегін ақшаны бір жеп үйренген шенеуніктің екінші мәрте ол қылығын қойғанын көрген ешкім жоқ. Қашан абақтыға түскенше, не болмаса сол күйі қылмысы әшкереленбей о дүниеге аттанып кеткенше, қоймағаны қоймаған.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ