Мұндай да келеңсіздіктер барын құқық қорғаушылар арасында өтіп жатқан аттестация сынағы айқындап берді. Өзгенің құқығын қорғайды дейтін мамандардың заң талаптарын білмеуі таңқалдырарлық жағдай екені рас. Бірақ…
Амал не, аттестациядан өте алмайтындарына көздері жеткендердің көпшілігі алдын ала өтініш беріп қызметтерінен кетуде. Айта кетейік, ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аттестация-лау ісі биыл бірталай былықтың бетін ашатын түрі бар. Ол жайлы кейінірек айтатын боламыз. Әзірге…
Жуырда Орталық аттестаттау комиссиясы (ОАК) ОҚО прокуратура органдары бойынша кезектен тыс аттестаттау кезеңін аяқтады. Облыстық прокуратура органдарының 25 қызметкері, оның ішінде 18 қала, аудан және арнайы прокурорлар, 4 басқарма бастығы, облыс прокурорының 2 аға көмекшісі және 1 көмекшісі аттестациядан өтті.
Осылайша жалпы қызметкерлердің 22-сі атқаратын лауазымына сәйкес келетіндігі анықталды. Ал 2 қызметкер атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және басқа қызметке (лауазымға) ауыстыру керек деген ұсыныс шығарды аттестация комиссиясы. Сондай-ақ 1 қызметкер атқаратын лауазымына сәйкес келмейді делініп, оның лауазымын төмендету ұсынылды. Бұл басшылық қызметтегілер арасында өткен аттестацияның нәтижесі. Мұнымен сынақ әлі аяқталған жоқ. Енді қатардағы мамандардың біліктілігі тексерілмек.
Жақын арада аймақтық аттестаттау комиссиясынан аттестаттауға жататын қызметкерлердің ҚР заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін тексеретін тестілеу сынағы жүргізілмек. Бұл сынаққа Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы органдарынан барлығы 261 қызметкер қатысады деп күтіліп отыр. Оның қаншасы өтетіндігін уақыт көрсетеді. Алайда, аймақтық комиссияның талабы Астанадағыдай қатаң болатынына күмәнмен қарайтындар да жоқ емес.
Ал осы кезде…
ҚР Ішкі істер министрлігінің 82 қызметкері аттестациядан бас тартқан. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестациялаудың алғашқы нәтижесіне қарап, бірқатар мамандардың аттестацияға бармай жатып-ақ өз өтініштерімен қызметтен кеткенін байқауға болады.
«Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының 2539 қызметкері аттестациядан өткен, оның ішінде 216 адам ІІМ орталық аппаратында жұмыс істейді. 82 қызметкер жұмыстан шығуына байланысты аттестациядан бас тартқан, 1758 адам аттестациядан өтіп, 236 адамның лауазымын төмендету, 117 адамды басқа қызметке ауыстыру, 197 адамды жұмыстан шығару ұсынылды», — деді Н.Ораз.
Ал, аймақтарда ішкі істер органдарының қызметкерлерін аттестациялаудың 3-ші кезеңі өтіп жатыр. Облыстық ІІД-нің қанша қызметкері сынақтан өтпей қалғанын білетін күн де алыс емес.
/strong