Оқырмандар сауалына, тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.
Сұрақ:
– Күз келісімен оқу жылы да басталды. Енді көптеген орта мектептерде оқушыларды сенбілікке қатысуға мәжбүрлейтін болады. Мектеп басшылығы тарапынан бұл әрекет заңды ма?
Жауап:
– Біздің Ата Заңымыз Қазақстан Республикасының Конституциясының 24-бабының 1-тармағына сәйкес әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар жәнеерiксiз еңбекке соттыңүкiмi бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 8-бабы бойынша мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған және мәжбүрлі еңбек тек мынадай жұмыстарды:
жұмыс мемлекеттік органдардың қадағалауымен және бақылауымен жүргізілетін және жұмысты орындайтын адам жеке және (немесе) заңды тұлғалардың билігіне берілмейтін немесе тапсырылмайтын жағдайда қандай да бір адамнан соттың заңды күшіне енген үкіміне байланысты талап етілетін;
төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында талап етілетін жұмыстарды қоспағанда, қандай да бір адамнан қандай да бір жаза қолдану қаупімен талап етілетін, оны орындау үшін бұл адам ерікті түрде өз қызметін ұсынбаған кез келген жұмысты немесе қызметті білдіреді.
«Баланың құқықтары туралы » Қазақстан Республикасының Заңының 16-бабының 2-тармағына сәйкес балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсiп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға құқтары бар. Яғни, бұл баланың міндеті болып табылмайтын құқығы.
Оқушыларды сенбілікке қатысуға еңбек етуге мәжбурлеуге мектеп басшылығының құқығы жоқ. Оқушыларды сенбілікке қатыстыру, еңбек еткізу үшін оқушылардың ата-аналарының рұқсатымен оқушылардың өздерінің келісімімен және бұл оқу процессіне кедергі тудырмауы қажет.
Жалпы менің ойымша егер қоғамдық пайдалы еңбек балалардың оқуы мен денсаулығына зиян келтірмейтін болса, оқушыларды мұндай жұмыстарға қатыстыру қажет, өйткені бұл жай еңбек ету болып табылмайды, бұл оқушылардың жас кезінен бастап қоғамдық өмірге үйренуі болады. Ал бұл келешекте қазіргі оқушыларға өзінің көптеген пайдасын тигізетін болады.
Сұрақ:
– Қандай жағдайда көлік құралын айдауға меншік иесінің сенімхаты керек емес?
Жауап:
– Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы Ережелерінің 2.1.1. тармағына сәйкес көлік жүргізушісімыналарды өзiмен бiрге алып жүруi және iшкi iстер органдарының (полиция) оған уәкiлеттi лауазымды адамдарының талап етуi бойынша оларға тексеруге беруге:
көлiк құралын жүргiзу құқығына жүргiзушiнiң куәлiгi (жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлік және жүргiзушiнiң жеке басын куәландыратын құжат);
көлiк құралдарына тiркеу құжаттары;
көлiк құралының иесi болмағанда басқарған жағдайда — осы көлiк құралына иелiк етудi немесе пайдалануды, немесе билiк ету құқығын растайтын құжат;
мемлекеттiк техникалық байқаудан өткендiгi туралы құжат;
заңнамада белгіленген жағдайларда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисі және/немесе жолаушылардың алдында тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисі;
белгiленген жағдайларда жол қағазы мен таситын жүкке құжаттар.
Яғни, көлік иесінің сенімхатынсыз жүргізуші тек көлік иесі қасында отырғанда ғана көлікті жүргізуге құқылы болады.