Шымкент тұрғыны айдың-күннің аманында темір торға қысылып қалды. 26 жастағы тепсе темір үзетін жігіт темірден «таяқ» жейтінін мүлдем ойламаса керек. ОҚО төтенше жағдайлар департаменті мамандары анықтағанындай, үйде масаң халде жалғыз қалған ұлын анасы сырттан құлыптап кетіпті.
Ащы суға еліткен қайбір оңсын, тәлтіректеген бейбақ бойына дарыған «тылсым күштің» әсерімен балконнан тысқа шықпаққа әрекеттенген. Бірақ жоспары ойындағыдай іске асқан жоқ.
Темір тормен қоршалған балконнан өте бере басы қоршауға кептеліп, желімдей жабысып қалған. Жаны көзіне көрінген ол жедел-құтқару тобы келгенше 4 сағат бойы шыңғырып жатыпты.
Абырой болғанда құтқарушылар жәбірленушіні аман-есен «темір сауыттан» босатып алды. Айта кетейік, нәпсіқұмар пенде Республика даңғылы бойындағы № 36 «б» үйдің тұрғыны екен. Қу арақ не істетпейді десеңізші..