Оралхан Бөкей оқулары бойынша облыстық байқау мәресіне жетті

722
Оралхан Бөкей оқулары
Оралхан Бөкей оқулары

А.С.Пушкин атындағы ғылыми-кітапханада  Оралхан Бөкей оқулары бойынша облыстық байқауы өтті. «Қайдасың, қасқа құлыным» әңгімелер жинағына арналған көркемсөз оқу байқауына қаламыздағы жоғарғы және арнаулы оқу орындарынан 18 үміткер атсалысты. 2007 жылдан бері қолға алынған байқау 3 шарттан құралған.

Анығырақ айтсақ, үміткерлерге мәнерлеп өлең оқу, прозалық, драмалық шығармалардан үзінді оқу тапсырмасын орындау міндеттелді. Өңіріміздегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Ақерке Сапар бүгінгі байқауда “Жанар” пьесасындағы соқыр қыз Жанардың рөлін шебер сомдады.

Ақерке Сапар, үміткер: «Мен бұл байқауға 1 жыл көлемінде дайындалдым. Оралхан туындыларына деген сүйіспеншілігімді бүгін осы байқауды дәлелдегім келді. Көптеген еңбектерін жатқа білемін. Сонымен қатар, ата -анам да тақымын қысып үйде менің тілеуімді тілеп отырған жайы бар. Сондықтан менің де аянып қалмасым анық қой. Барымша Оралхан еңбектерін көрермендердің көз алдында нақышана келтіре оқығым келді. Алайда, мен осы мақсатыма жете алдым деп ойлаймын. Өзімнің ойымнан шықты, енді қазылар алқасының шешімін күтіп отырмын. Соқыр қыз Жанардың рөлін сомдаған соң, тіпті кірпік қақпай Жанар секілді оқып бердім өлеңді. Сенесіз бе? Кірпігімді, болмаса қабағымды бір рет те қақпадым. Себебі, көпшілік алдында Жанардың бейнесін көрсету үшін. Ең бастысы , Оралхан еңбектерінің өміршең болғанын қалаймын. Болашақта әдебиет пәнінің мұғалімі боламын ғой. Сол кезде шәкірттерге міндетті түрде Оралхан Бөкей еңбектерін оқытамын. Жанардың табиғатын танытып-көрсетуге тырыстым. Осыған қарап-ақ менің әдебиетке деген қызығушылығымды байқасаңыздар болады. Оралхан еңбектері жастардың әдебиетке қызығушылығын оятатын тамаша туындылар екені даусыз!»

Әдеби шараның шарты бойынша талапкер сарапқа ұсынуға таңдап алынған туындыларды жатқа білуі тиіс. Бүгінгі толқынның Оралхан еңбектеріне құрметін қазылар алқасы таразылады.

Мархабат Байғұт, қаламгер: «Әрине, жастар – біздің ертеңіміз! Алайда бүгінгінің жастары мүлдем кітапқа қызықпайды. Мынау өтіп жатқан Оралхан Бөкей оқуларына әдебиетке қызығатын жастар жиналды деп қуануға да болмайды, себебі, бұл байқауға қатысып отырған жастардың барлығы да жүлде үшін немесе анау байқауға қатыс деп нұсқау берген ұстазының айтуы бойынша амалсыз қатысып отырғандар дер едім. Себебі, бүгінгі жахандану заманында жастар кітап тұрмақ, қазақтың қамын ойлап өмірден өткен ақын-жазушыларды танымайды. Ал мұнда келіп қатысып отырған байқау үміткерлері көшеге шығысымен-ақ Оралханымды ұмытып шыға келеді. Ал қаламгердің тұщымды еңбектеріне қызығатын жастар жоқтың қасы деуге саяды. Бұл сөзімді ешкім жоққа шығармайтын болар, әсті?! Бәлкім,мен қателесіп те тұрған болармын. Алайда менің пікірім осы. Жастолқынның беталысын, басқан қадамын бағамдап, көріп те, біліп те жүрміз. Сондықтан, мен жастарға елдің ертеңін ойлап, әдебиет алыбтарының туындыларна кішкене болса да құрмет көрсетсе екен деймін. Көптеген ел жанашырларының тірісінде қадіріне жете алмадық қой. Ең болмағанда артында қалған том-том туындыларына лайықты құрмет көрсетуіміз қажет екенін шегелеп айту парызым деп ойлаймын».

Сонымен, әдеби өнер сайысының бас жүлдесін қаламгердің «Апамның астауы» туындысымен Айдана Айнабек қанжығасына байлады. 1-орын Айгерім Сейтжановқа бұйырды. 2-орынды ОҚМУ студенті Ақерке Сапар иеленді. 3-орынға Оңтүстік Қазақстан Фармацевтикалық академиясының студенті Нұрлан Ахметов лайық деп табылды.