Эльмира Мықтыбаева: «3 айлық қызымды құшақтап, телеарнаға оралғанмын»

Әріптеспен бірге...
Ең алғашқы тікелей эфир…

Эльмира Мықтыбаева – 2002 -2007 жылдар аралығында «Отырар» телеарнасында «Топжарған», «Нұрлы арай», «Аман бол», «Ботақан» бағдарламасын жүргізген. Ең алғаш тікелей эфирде жаңалықтар жүргізген журналист. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып істейді.

 Ең алғаш эфирге шыққан кезіңіз есіңізде ме?

– Әрине. Отырарға 2002 жылы тамыз айында келдім. Валентина Куликовамен сөйлесіп, сол күні жұмысқа кірісіп кеттім. Жаңалық жүргізетін дайын маман болып келгендіктен, телеарна басшысы апта өтер-өтпес қорытынды жаңалықтарды жүргізуге мүмкіндік берді. Журналист Жанар Барлыбаева орыс тілінде, мен қазақ тілінде тікелей эфирде жаңалықтар жүргізуге шығатын болдым. Әдетте біз бағдарламаларды алдын ала жазып алғанға үйреніп қалғанбыз ғой. Бір сөзден қателессек операторлар қайта түсіретін. Видеомонтаж жасайтындар кем-кетігімізді, күзейтін, қысқартатын. Ал тікелей эфирде бәрі басқаша. Сенің дәл сол сәттегі көңіл-күйің, сөйлеу мәнерін, тіпті үстіңдегі киімің – бәрі-бәрі халықтың назарында. Іштей жүрексіну, қобалжу басым болды да, бір сөзден жаңылысып қалдым. Тікелей эфирде жаңалықтар жүргізіп отырғаным есімнен тарс шығып кетіпті. Еркелеп, қасымдағы әріптесіме қарасам, көзі шарасынан шығып, абыржып отыр. Маған «читай» деді. Ары қарай ақпаратты оқып, іліп әкеттім. Жаңалық біткеннен кейін ұжым қызметкерлері есіктің алдында құшақ-құшақ гүлдерімен қарсы алған. Валентина апай құттықтап, бетімнен сүйгені есімде. Солай қателесіп, бір-бірімізден үйреніп жүріп, тікелей эфирде жаңалықтар жүргізуге төселіп кеттім. Мұнан соң ол кезде «Нұрлы арай» деген таңғы бағдарлама болатын. Соны жүргізе бастадым. Спорттық «Топжарған» бағдарламасын жүргіздім. Әлі есімде, жүктілік мерзімім 6 айдан асып қалса да, стадионда камера алдында жұмысымды істеп жүрдім. «Аман бол» бағдарламасының тізгіні де тиді. Медициналық бағдарламаны алғаш рет тікелей эфирде жүргізуді өзім бастадым. Тікелей эфир сол кезде бізге ұйымшылдықпен жұмыс істеуге үйретті, уақытты үнемдеуге септігін тигізді.

Кейде телеарнада түн жарымына дейін қалып жұмыс істеуге тура келеді. Бұл әсіресе қыздар қауымына қиын. Сіз бұл қиындықты қалай еңсердіңіз?

– Ол рас. Түнгі сағат 1-ге дейін қалып, жұмыс істеген күндеріміз болған. Мен осы арнаның қабырғасында жүріп, тұрмысқа шықтым. Қыз сүйдім, ұл сүйдім. Кәсібіме шексіз берілгенімді көргеннен кейін жолдасым әркез түсіністікпен қарады. Қолдау танытты. Қазіргі жастар ырымшыл ғой. Сәбиінің біраз буыны бекіп өскенге дейін тіл-көз тиеді деп көрсетпейді. Ал мен «Аман бол» бағдарламасын ұлды болған соң да жүргізуді жалғастырдым. 8 айлық Мақсатымды көтеріп әкелетінмін. Эфирден шыққанша, әріптестерім қолдан-қолға жеткізбей, көтеріп жүретін. Қызымды босанғаннан кейін де 3 ай болар-болмас құшақтап, жұмысқа келгенмін. «Ботақан» деген айдар аштым. Сәбидің дүниеге келуінен бастап, даму сатылары туралы айтатынбыз. Оған өзімнің балалы болғаным көп көмегін тигізді. Ләззатым мен Мақсатымды телеарна ұжымымен бірлесіп жүріп өсірдім деп айта аламын. Қазір екеуі де мектепте оқиды. Қызым бимен, ұлым каратэмен айналысады. Көмекшілеріме айналған. Мұның бәрі сол кездегі жастықтың жалыны шығар, екінші жағынан сүйікті ісіме шын берілгендік болар.

Әріптеспен бірге…

Егер сізге телеарнаға қайтадан оралуға мүмкіндік берілсе, қандай бағдарлама ашар едіңіз?

– Адамға көбірек қуаныш сыйлайтын бағдарлама ашар едім. Қазір қай телеарнаны қоссаңыз да немесе газетті ашсаңыз да атыс-шабыс, төбелес, адам өлтіріп кетіпті деген ақпаратқа толы. Жүрегіңді ауыртады. Халық жағымсыз жаңалықтардан, берері жоқ бағдарламалардан шаршады. Сондықтан мен әдемі өмір сүруді, бірлігі жарасқан отбасыларды, өз ісін дөңгелеткен кәсіпкерді, қиындыққа мойымаған қайсар жандарды насихаттайтын бағдарлама жасар едім. Бір сөзбен айтқанда, көрерменнің деңгейін өсіретін, жақсы өмір сүруге ұмтылатын бағдарлама болатын еді. Титтей жақсылықты көре білген, түйсіне білген кез келген адам жанындағыларға да қуаныш шаттық сыйлауға тырысады деп ойлаймын

«Отырар» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына тілегіңіз?

– «Отырар» мен үшін берекелі болған жұмыс орны. Қазір екінші үйіме келгендей күй кешіп отырмын. Еңселі ғимарат. Заманауи техникамен жабдықталған студия. Білікті журналистер. Біздің кезіміздегідей емес, алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай жасалынған. «Отырардың» ғұмыры ұзақ болсын деп тілеймін.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=AJlK-wgV3hQ[/youtube]