Оңтүстік спортының бәсі биік (4-бөлім)

Олимп тұғырында Жазира Жаппарқұл
Қарсыз өлкенің қаршадай қызы Жібек Арапбаева

Өткен жылыңыз сары құрлықтың олимпиадасына баланатын 7 Қысқы Азия ойындарында мерейіміз үстем болғанымен есте қалды. Өз үйімізде өткен байрақты додада спортшыларымыз намысты қолдан бермей, жалпыкомандалық есепте ешкім күтпеген бас бәйгені иемдендік. Осы орайда айта кетерлігі, қарсыз өлкенің қаршадай қызы Жібек Арапбаева фристайлдан күміс, ал Руслан Аблятифов қола медаль алғанда көпшіліктің таңырқай, тамсана қарағаны рас.

Жылдың төрт мезгілінде күн бетіңізден сүйіп тұратын Оңтүстікте қысқы спорт түрлерін дамыту оңай емес. Әйтсе де, басшылар бұл жолда білек түріп, іске белсене кірісті. Азиадада көпшілікті таңырқатқан Жібек пен Русланның осы мектептің шәкірттері екенін айта кетейік. Мектеп директоры Намазбай Әбдіқұловпен болған арадағы әңгімеде басшылардың Сочи олимпиадасына екi спортшы қатыстыруды мақсат еткенін аңғардық. Қазiр облысымызда спорттық диспансер жұмысты жандандырып тұр. Спортшылардың ем-дом алуына барлық жағдай жасалған мекеме өзге өңiрлерде жоқ. Бұл біздің мақтанышымыз.

Олимп тұғырында Жазира Жаппарқұл

Облыс спортының ыстығы мен суығына көндігіп жүрген Болат Наурызбайұлының еселі еңбегін де айтып өткеніміз жөн. Әрдайым әрбір споршының қас қабағына қарап, барлық жағдайды жасап жүргені. Ұлтжанды. Намысшыл. Білгір басшы. Өзінің спорттық ғұмырында да елеулі таыстарға жеткен маман. Естеріңізде болса, Қырықбаев облыс спортын басқарып тұрған 2000 жылы жарқын жетістіктерге жеткенбіз. Білетіндердің айтуынша, шәкірті Мұхтархан Рубалкабаны ұрып құлатқан кезде Болатыңыз қуаныштан егіліп жылаған көрінеді. Саттархановтың Рамазан Палианиді жолдан ығыстырған сәтінде де ботадай боздаған деседі жұрт. Мінайым маман 2009 жылдан бастап облыс спортын қайта өз қолына алды. Осы кезден бері өңір спортының бойына қан жүгіріп, жетістіктеріміз көзге көріне бастады.

Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада және әлем біріншіліктерінен жүлдені күреп алдық. Бұл орайда Арыстың алпауыт қызы Жазира Жаппарқұлдың қарымына сүйсінесіз. Ауыр атлетикадан қазақ қыздары арасында тұңғыш рет Олимп шыңын бағындырды. Таэвондошы Нұрсұлтан Мамаев та Сингапур төрінде күміс жүлдені қолтықтап қайтты. Жазираның әлеуетіне биылғы жылы тағы куә болдық. Гватемалада өткен әлем чемпионатында зілтеміршіміз бас бәйгені иемденіп, шын мықтыға тұсау жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Құдай жолын оңғарса, осы қыздың келесі олимпиадаға қатысуына мүмкіндігі мол.

Біржанның жеңісін бокс мамандары бірауыздан мойындайды

Бүгінде қазақтың брендіне баланатын бокс өнерінде де біршама табыстарға иек арттық. Түркия төрінде өткен жасөспірім қыздар арасындағы әлем біріншілігінде сайрамдық Айдана Арапбай жеңімпаз атанып, мерейімізді тасытты. Бұдан бөлек, қазақ топырағында алғаш рет ұйымдастырылған бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Бекжан Кібітқалиев үздік шығып, абыройсыздықтан құтқарып қалды. Сонымен қоса, Астанада өткен әйелдер арасындағы сары құрлық чемпионатында Жайна Шекербекованың үздік шығуы өңірімізде нәзікжандар боксында ілгерілеушілік бары аңғарылғандай еді. Шүкір дейміз. Қазір өлкеде барлық спорт түрінде алға ілгерілеу бар.

Париждегі Әлем Чемпионатына қатысушы Жазира Жаппарқұл

Біржан Жақыпов Лондоннан жүлдесіз оралды демесеңіз, жерлесіміз келесі жылы Алматыда өтетін әлем біріншілігіне қатысуға тас-түйін дайындалып жүр. Облыс құрамасындағы Алмасбек Әлібеков, Нұрғазы Жүсіпов, Қайрат Ералиев сынды жігіттердің де ұлттық құрама тізіміне енуіне мүмкіндігі бар. Сөзіміз жалаң болмас үшін, нақты деректерді сөйлетейік. Жуырда Таразда өткен ОҚО мен Жамбыл облысы құрамасының кездесуінде 52 келіде ұлттық құрамаға лайықты жаңа есімге қаныққандай болдық. Нұрғазы Жүсіповтің еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы, кадеттер арасындағы әлем чемпионы Олжас Сәттібаевты сан соқтыруы осындай ойға жетелейді. Жасөспірімдерден ересектер сапына қосылған Жазира қызыңыздың да көздеген мақсаты бар. Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген жақсы сөз бар. Бәлкім, бізді келесі Рио-де-Жанейро олимпиадасында елеулі табыстар күтіп тұрған болар. Сабыр етейік.