Аяз атаға хат жазуға бола ма?

Тілекті Аяз атадан емес Алладан тілейік

Көптен күткен жаңа жылан жылы табалдырықтан аттағалы тұр. Ескі жылмен қоштасып, зымыраған уақыттың жаңа кезеңімен қауышатын қуанышты күнге де аман-есен жеттік. Жаңа жыл әсіресе балаларымыз үшін шат-шадыман мейрам. Олар шабыттана қауға сақалды кісіден сыйлық дәметіп, жапа-тармағай хат жазу науқаны басталады. Дегенмен, әрбір нәрсенің сұрауы болатыны секілді мейрамды тойлаудың да жөн-жосығы бар екендігін айтқымыз келеді.

Тілекті Аяз атадан емес Алладан тілейік
Тілекті Аяз атадан емес Алладан тілейік

Тым тойшыл, қонақжай қазақ халқы әлем жұртшылығына ортақ мерекеден қалыс қалмақ емес. Әрбір ел мейрамды өздерінің дәстүріне сай, ерекшеліктерімен атап өтеді. Зайырлы қазақ елі бағзы дәуірден бері қатардан қалмай, маңызды мейрамды аста-төк тойлап келе жатқандығы мәлім. Тәуелсіздігімізге тәу еткеннен кейін жаңа дәуірді күтіп алуға ойысамыз. Дала мен қала тұрғындары жадырап, көше-кеңселер түрленіп шыға келеді. Биліктің жоғары буындарынан бастап, балабақшаларға дейін бәрі-бәрі «құтты қонақты» күтіп алуға әзірлік көре бастайтындығы рас. Дастарқанымыз дәмге, үйіміз сәнге толып жайдары қазекең шашылады-ай кеп.

Одан қала берді шыршалардың шырайы кіріп, Аяз атаның сыйлы қонаққа айналатыны бар. Жас өскіндердің Аяз атаға мұң-мұқтажын жазып, арман-қиялының орындалуын тілейтіні де осы сәт. Мойындайықшы, көпшілігіміздің аңғал кезімізде осынау үрдістен аттап кетпегеніміз рас қой. Біздің балаларымыз үшін Аяз ата әлі күнге дейін сыйлық үлестіргіш, мейірімді жан. Қазіргі балалар ойыншықтар, кәмпит, тәттi күлшелер ғана емес, «крупный» сыйлықтар дәметеді. Мәселен, кейбіреулері ұялы телефондар, компьютер сұраса, енді біреулері әкесіне қымбат маркалы көлік, шешесіне құндыз тон, тіпті ипотекалық несиені төлеп беруді де сұрайтын көрінеді.

Бүлдіршіндеріміз бұған дейін «үкілі үміттерін» Ресейдің «Великий Устюг», Исландиядағы Лапландия қаласына жолдап келсе, бүгіндері хатты «Бәйтерек» немесе «Ақорда» мекенжайларына бағыттап жүр. Әлемде қаншама жасөспірімнің Аяз атадан «көмек сұрайтыны» еріксіз таңдандырады. Сарапшылардың айтуынша, жомарт жанның поштасына жер-жаһанның түкпір-түкпірінен 200 мыңға жуық хат келеді екен. Расын айтқанда, бүгінде «ескі дәстүрді» одан әрі жаңғыртып, даңғаза іс-шараға айналдырып жіберген өзіміз. Бүлдіршіндеріміздің «арманын» орындау мақсатында жер-жерде байқау ұйымдастырылып, іс-шаралар жүдә көбейіп келеді. «Қазпошта» АҚ-ның өңірлік бөлімшелері «Аяз Атаға хат» акциясының өрісін кеңейтіп, насихаттауға бел шеше кіріскендей.

Ербосын ОРЫН, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары

– Жаңа жыл таяуда ғана пайда болған мейрам емес. Оның тарихы тереңде жатыр. Мемлекеттік мереке болғандықтан, ел-жұртпен бірге тойлауға міндеттіміз. Біз басшыларымызға бағынуымыз тиіс. Қасиетті Құран Кәрімнің көптеген аяттарында бүлік шығармаңдар, басшылардың тілін алыңдар деп баян етілген. Осы себептен, зайырлы мемлекетімізде тойланып келе жатыр. Дегенмен, бірқатар жағдайларды естен шығармасақ екен. Дінімізде тыйым салынған, күпірлік ету, ішімдік ішу, зина жасау сынды арсыз әрекеттерден аулақ болғанымыз жөн.

Десек те, көкжиегі кеңейіп келе жатқан ауқымды іс-шараның берер пайда-пайымы мен тигізер зардап-залалдарына бір сәт үңіліп көрдік пе? Науқандық мерекеде қаперімізде ұстайтын кейбір жағдайлар жөнінде Ислам діні ғалымдарының айтар уәжі бар. Имамдар мен дін ғалымдары әрбір істе шектен шықпау керектігімізді меңзейді. Имамдардың айтуынша, ең әуелі әрбір істе ел басшысына, билік басындағыларға бағынуымыз керек.

Біз ең алдымен бата-тілектерімізді Аяз атадан емес, Жаратушы Алладан тілесек орынды болар еді. Кішкентай бүлдіршіндердің санасында мұндай ой қайдан болсын. Сондықтан ата-аналар періште пейіл сәбилерді өтірікке үйретпей, ақиқатты айтуы қажет. Хадис шәріптерде Алла елшісі (с.ғ.с) кішкентай балаларды алдарқатуға да болмайтындығын айтқан. Балаларымызды қызыл шапанды ақсақалға хат жаздырып, ақиқатты бұрмалауымыз теріс тәрбие болары анық. Бір айта кетерлігі, ізгі тілектер һәм ақжарма қуаныштар тек мерекеде ғана емес, әр күнімізде өміріміздің мәніне айналса құба-құп.