Шымкентте халық әртісі Роза Рымбаева өнер көрсетті

717
Роза Рымбаева Шымкентте шығармашылық кешін өткізді

Шымкентте Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Рымбаеваның шығармашылық кеші өтті. «Менің елім» тақырыбы аясында өрібген кешке Оңтүстік өңірінің тұрғындары көп жиналды. Айта өтейік, сахна төрінде әнші жанды дауыста 20 ән орындады. Жыл сайын Оңтүстікте есеп беру кешін өткізуді дәстүрге айналдырған Роза Қуанышқызымен өнерсүйерқауым бұл жолы да қуана қауышты.

Роза Қуанышқызы Оңтүстік жұртшылғы алдында басымды иемін дейді
Роза Қуанышқызы Оңтүстік жұртшылығы алдында басымды иемін дейді

Роза Рымбаева, әнші: «Ең алдымен Оңтүстік жұртшылығын өткен 16-желтоқсан мерекесімен құттықтаймын. Бұл мерекені 21 жылдан бері тойлап келе жатырмыз. Жаңа мемлекетіміздің қабырғасын қалап келе жатырмыз. Енді өнер адамдары осы әнімізбенен осы елімізді, жерімізді дүниеге паш етіп, мақтан етіп шырқап жүрміз. Әрине, осылай бола берсін деп ойлаймыз. Бұл тәуелсіздігіміз жаңа жыл мерекесіне ұласуда. Қазақта жақсы бір сөз бар ғой, «тойдан тойға ұласып» деген. Сондықтан тәуелсіздігіміздің арқасында тойдан тойға жете берейік дегім келеді. Мен әлі талай бұл өңірге келемін! Себебі, бүгін де мені ерекше құрметпен қарсы алды. Қарап отырсам көрермендер залында ине шаншырлық орын жоқ. Сондықтан, өнерге жақын өңір тұрғындарына менің айтар алғысым шексіз. Басымды иіп, рахметімді айтамын. Және тыңдармандарымды сағынамын, көруге асығамын. Ал менің концертімнің әрдайым ерекшелікке толы болатыны белгілі. Жаңа әндер орындаймын. Менің бір өзгелерден ерекшелігім сол – мен әндерімнің барлығын жанды дауыста орындаймын. Фонограммамен алдамаймын көрерменді. Бүгін Дүйсенхан Сыздықов, Талғат Сарыбаевтың жаңа әндерін орындаймын. «Жаңа жыл» атты жаңа ән де осы кеште тыңдарманға ұысынылатын болады. Ал Оңтүстіктің өнерсүйер қауымына әрдайым осылай жайнап, жарқырап жүре беріңіздер деп тілеймін!»

Өңіріміздегі «Оңтүстік Цирк» ғимаратында өткен халық әртісінің шығармашылық кешіне келген көпшіліктің қошемет-ықыласы да ерекше болды. Өздерінің Розасымен қауышқан олар кештен алған әсерімен бөлісті.

Марат Бақытжанұлы, көрермен: «Мен Роза Рымбаевның концертіне алғаш рет келгенімді жасырмаймын. Бұрындары жол түспеді ме әйтеуір келмейтінмін. Бүгін тек теледидардан ғана көретін өнер жұлдызын көзімізбен көріп, тұщымды әндерін тыңдап, тәнті болып отырмын. Әндері неткен керемет! 1000 жылда бір туатын талант иесі ғой бұл! Қосыла шырқап отырмын! Ең бастысы, терең тынысты дауысы мен жүрекпен орындау шеберлігіне ризамын!»

Жанат Белгібай, көрермен: «Жыл сайын Роза Қуанышқызы келеді дегеннен-ақ отбасымызбен осы күнді асыға күтеміз. Себебі, қазақ эстрада жұлдыздарының ішіндегі ең асылы да осы Роза апамыз емес пе?! Әр кеші ерекше өтеді. Бұл жолы патриоттық әннен бастады концертін. Бұл да болса желтоқсан айына деген құрметі болса керек-ті. Сондықтан Біз халық әртісіне деген құрметіміз арта түсетініне сеніміміз мол!»

Осылайша Оңтүстік өнерсүйерқауымымен қуана қауышқан Роза Рымбаева тыңдармандарына жаңа әндерден шашу шашты. Халық әртісі өнердің қаймағы бұзылмаған өңірге жаңа бағдарламасымен келіп, Оңтүстік оркестрімен концерт өткізуді жоспарлап отыр.