Бапкерлер техникалық дайындыққа көп мән береді

Бразилияның «Оле Бразил Клаб» футбол академиясында 25 отандасымыздың тәлім алып жүргені мәлім

Бразилияның «Оле Бразил Клаб» футбол академиясында 25 отандасымыздың тәлім алып жүргені мәлім. Олардың арасында шымкенттік Бекжан Тоқтарбай да аяқдоп өнерінің қыр-сырына қанығып жүр. Жуырда жерлесіміз Пеленің отанынан елге оралған екен. Демалыста жүрген болашақ футбол «жұлдызымен» әңгімелесудің сәті түскен еді.

Бекжан Тоқтарбай
Бекжан Тоқтарбай

– Елден жырақта жүріп, тәлім алған оңай емес екен. Үнемі ата-ана, бауырларымды ойлап жүремін. Әрине, жерлестерімді де сағынғаным рас. Онымен қоса, үйдің тамағын, әсіресе, етті сағынғаным бөлек әңгіме. Онда көбіне күріш жейді екен, – деп бастады әңгімесін жасөспірім футболшы.

– Сендермен бірге тағы қай елдің футболшылары болды? 

– Бізбен қатар, Қытай, Гаити, Бениннен келген спортшылар жаттықты. Шынын айтсам, олардың көпшілігі елімізді біле бермейді. Картада Ресейдің маңындағы елдердің бірі деп ойлайды екен. Қазақстан десе «Бораттың» елі ме деп сұрайтындар бар. Бетіңе қарап күлгенде не айтарыңды да білмей қаласың.

– Сабақ қай тілде жүргізілді? 

– Португал тілінде оқыдық. Алғашқыда тілден қиналып, аудармашының көмегіне жүгінген едік. Кейін үйреніп кеттік қой. Мойындаймын, мектеп бағдарламасына онша қызығушылығым жоқ. Уақытымның көбісін футболға бөлемін.

– Бразилияда футболға деген көзқарас өзгеше шығар…

– Рас. Бірақ әсіресе сонда білім алып жүрген француздардың футболмен өмір сүретінін ұғындым. Бізде ата-аналар балаларын бокс пен күреске бергіш қой. Олардың балалары футболға құмар екен. Әсіресе, Сан-Паулуда футбол алаңдарынан көп нәрсе жоқ. Алаңдары да көзтартарлық.

– Бұл жолы талапкерлерді бразилиялықтар арнайы келіп, өздері таңдап кетті. Алдыңғылардың арасында «құрығы ұзындардың» балалары кетіп еді дейді білетіндер. Осы рас па?

– Шынында, кейінгі лек іріктеліп алынды. Бразилиялықтар өздерінің қателеспегеніне көздері жетіп отыр. Өйткені, қазақстандық футболшылардың өнеріне таңырқайтындар көп. Аяқдоп өнерін жете меңгергеніміз шығар, біздің команда академияда өтетін турнирлердің алдыңғы орынынан көрініп жүр.

Бразилияның «Оле Бразил Клаб» футбол академиясында 25 отандасымыздың тәлім алып жүргені мәлім
Бразилияның «Оле Бразил Клаб» футбол академиясында 25 отандасымыздың тәлім алып жүргені мәлім

– Академиядағы жаттықтырушылар мен біздегі бапкерлердің қандай айырмашылық бар екен? 

– Менің байқағаным, академиядағылар техникаға көп мән береді. Түрлі әдіс-тәсілдерді үйретуден жалыққан емес. Ал біздегі жаттықтырушылардың физикалық дайындыққа көңіл аударатыны белгілі.

– Отбасыңда өзіңнен басқа спортпен айналысатындар бар ма?

– Әкемнің де футболға қызығушылығы бар. Өзі достарымен жиі ойнап тұрады. Негізгі кәсібі – бригадир. Ал анам информатика пәнінің мұғалімі.

– Қазақстан футболының болашағын қалай елестетесің? 

– Қазір еліміздің намысын боксшылар абыроймен қорғап жүр. Алдағы уақытта футболшылар да бұл қатарға қосыларына сенемін. Өйткені, футболды дамытуға көп қаражат бөлініп жатыр. Бразилияда тәлім алып жүрген біздер келешекте ел футболын дамытуға күш салмақпыз. Себебі, халқымыз бізден үміт күтіп отыр ғой.

– Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан – Мақпал ЖОЛДАСБЕК