Келімсектен келер қауіп көп

Жалпы, заңсыз келген мигранттар бүгінде отандық еңбек нарығын жаулап алды
Жалпы, заңсыз келген мигранттар бүгінде отандық еңбек нарығын жаулап алды

Келімсектер проблемасы бүгінде әлем елдерінің бас ауруына айналып отыр. Біздің еліміз мигранттарды көп қабылдайтын ғана емес, шетелге аса көп «қонақ» жіберетін мемлекеттердің қатарында екен. Зерттеу мәлiметтерi бойынша, әлем елдері қатарында 11 орынды иеленіп тұрған Қазақстаннан шетелге кеткен мигранттар саны – 4 миллион 150 мың адамды құрапты.

Ал ОҚО Көші-қон полиция басқармасының 2012 жылға жүргізген жұмыстарының қорытындысына үңілер болсақ, келімсектерге қатысты ретсіздіктерді тыю мақсатында жасалып жатқан шаралардың сансыз екеніне қарамастан өңірге шекара асып келгендердің жолын кесу мүмкін болмай тұрғанына көз жеткізуге болады. Мәселен, сала мамандарының заңсыз келген азаматтардың жолын қию мақсатында «Мигрант», «Заңсыз келуші», «Құқық тәртібі» және «Участок» деген атаумен алдын алу шараларын жүргізген. Мамандар келімсектердің уақытша тұрып жатқан мекенжайын, құрылыс жүріп жатқан мекемелерді, жертөлелерді, сонымен қатар халық көп шоғырланған орындарды, оның ішінде базарлар мен автотұрақ және теміржол вокзалдарды, жеке жайларға түгелдей тексеріс жүргізген. Ресми мәліметке сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысына келіп тіркелген азаматтардың саны 126 мыңға жеткен.

Оның ішінде 5408 азаматтың алыс етелдерден келгендері мәлім болып отыр. Оның ішінде Өзбекстан азаматтарының үлес салмағы басым. Олардың саны 110 мыңнан асып жығылды. Ресейден келген азаматтар саны 7 мыңды құраса, Қырғызстаннан келген азаматтар саны 1500-ге жуықтайды. Ал түрік елінен келген азаматтардың саны 2700-ден асып отыр. Жүргізілген тексеру кезінде, елімізге өзге елден келген азаматтардың 7482-сі Көші-қон заңдылығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 425 азамат елден аластатылған. Шетелдіктерді заңсыз тұрғын үйлермен қамтамасыз еткені үшін 524 өз азаматымыз жауапкершілікке тартылған. Онымен қоса, 298 Қазақстан азаматы шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін және 181 азамат төлқұжат немесе есепке алу, тіркеу ережесін бұзғаны үшін заң алдында жауап берген.

Жалпы, заңсыз келген мигранттар бүгінде отандық еңбек нарығын жаулап алды. Мемлекеттің қаржысына салынып жатқан әлеуметтік-маңызды құрылыс нысандарында да қаптаған келімсектер. Араларынан ара-тұра кәсіптерін дөңгелетіп отырғандарын да жоққа шығара алмаймыз. Есесіне, өз азаматтарымыздың арасында «екі қолға бір күрек таппай» сандалып жүргендердің қарасы әлі күнге сиремей келеді. Міне, парадокс! Олардың еңбек нарығын жаулап отырғаны өз алдына, тіпті тұтастығымыздың кепілі – дәстүрлі дініміздің діңгегін бұзып, әртүрлі секталарды насихаттап жүрген фактілер де аз емес бүгінде. Тіпті, еш жерде тіркелмеген мигрант қандай ауру таратып жатқанынан да бейхабармыз. Бәрін айт та, бірін айт, келімсектерден келер қауіп көп боп тұр қазір. Ал сол шетелдік келімсектер шекарадан қалай өтіп кетеді? «Күзеті қатаң, күші мығым» деп мақтанатын шекарашыларымыз қақпада ай қарап тұра ма екен?..