Шымкентте Мейрамбек пен Мереке есімді сәбилер көбейді. Жаңа жыл күні қалада 100 ден аса сәби дүние есігін ашты. Олардың басым бөлігі ұл балалар. Осылайша Шымкент Астананы басып озды. Олай дейтініміз мереке күні бас қалада 90 әйел босанған. Ал Оңтүстік Қазақстан бойынша сәбилер саны тым көп болса керек, дәрігерлер әлі күнге санап біте алмай жатыр.
Таңшолпан Сауранбай тұңғышын тура жаңа жыл түнінде босанды. Жас ананың толғағы жаңа жылды тойлап жатқан кезінде қысқан. Сөйтіп тура перентханаға тартыпты. Міне әулетке Зәйтуна есімді сұлу келді. Отбасына жаңа жылдық сый ретінде келген бөбектің жағдайы жақсы.
Жаңа жылдың бірінші күнінде Шымкентте 100-ден аса сәби жарық дүниеге келіпті. Ал облыс бойынша жалпы есепті қазір денсаулық сақтау басқармасы есептеп жатыр. Сөздеріне сенсек, биыл қызбаладан гөрі ұлбаланың үлесі артық болуы мүмкін. Өйткені, қаладағы №4 облыстық перианталдық орталығында 1 қаңтар күні 21 бала туылса, соның 12-сі шекесі торсықтай ұлбала екен.
Жалпы, 2012 жылы Оңтүстікте 80 мыңға тарта бала туылған. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 500-ге кем дейді статистиктер. Ал 2013 жылы қарадомалақтардың саны қаншаға көбейерін уақыт көрсетер. Бастысы, боалашақ батырлар мен айдай сұлу арулардың бауы берік болып, дені-басы сау болғай.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=wxEjbUh510Q[/youtube]