Тілегін ұнатпаған қожайын қонағын мерт еткен

Торт кесіп жатып, ішіне пышақ тығып алды деп еді...
Торт кесіп жатып, ішіне пышақ тығып алды деп еді...
Торт кесіп жатып, ішіне пышақ тығып алды деп еді…

Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері бір жыл бұрын болған кісі өліміне қатысты қылмыстық істің бетін ашты. Үстіміздегі жылдың 22 қаңтарында Мақтарал АІІБ-нің кезекші бөліміне 40-жастағы жергілікті тұрғын арызданған.

Арызында бір жыл бұрын күйеуін өзінің туысқаны өлтіргені туралы айтылған. Полиция қызметкерлері тексеру барысында анықтағаны мынау болып отыр. 2011 жылы 7 қазан күні Мақтарал ауданының 1970 жылы туылған жергілікті тұрғыны пышақтан алған жарақатымен жергілікті ауруханаға түсіп, алған ауыр дене жарақатынан көз жұмған. Полиция қызметкерлері жәбірленушінің баласы мен әйелінен жауап алғанда туысқанының үйінде қонақта отырып, күйеуі мас халде торт кесіп жатып, абайсызда сүрініп құлайды. Қолындағы асхана пышағы оқыстан ішіне сұғылып, алған жарақатынан ауруханада қайтыс болды деген. Әйел тәртіп сақшыларына берген түсініктемесінде ешкімге қояр арыз-шағымы жоқ екенін де айтқан.

Арада бір жыл өткен соң, әйел пышақ жарақатынан қайтыс болған күйеуін өзінің туысқаны өлтіргенін айтып арызданады. Сол күні жәбірленуші өзінің отбасымен туыстарының үйіне қонаққа барады. Дастарқан басында отырып айтқан тілегі қожайынға ұнамай, арада ұрыс-жанжал шығады. Артынан үйдің қожайыны ашуланып жақын жерде тұрған пышақты алып, туысқандарының көзінше жәбірленушінің ішіне тығып алған. Өзінің істеген ісін кеш түсінген күдікті марқұмның әйелі мен баласына полиция қызметкерлеріне «абайсызда болды» деп түсіндіруін өтінген. Бірақ отағасының қайтыс болғанына жыл өтсе де күдікті жәбірленушінің жанұясына «егер менің жасағанымды тістеріңнен шығарсаңдар, өлтіремін» деп қоқан-лоққы көрсетуін тоқтатпаған. Әйелдің арыздануына да осы жайт себеп болған.

Жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде Мақтарал АІІБ-нің жедел уәкілдері 1973 жылы туылған күдіктіні қолға түсірді. Осы іс бойынша қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.