Туымыз енді төмен түспесе екен

Желтоқсанның 30-ы күні Шымкентте жерлеу рәсімі өтті
Желтоқсанның 25-і. Шымкент түбінде «АН-72» ұшағы апатқа ұшырады
Желтоқсанның 25-і. Шымкент түбінде «АН-72» ұшағы апатқа ұшырады

Егеменді ел атанған 21 жылдың ішінде көк туымыз осымен екінші рет төмен түсірілді. Екеуінде де шекарашыларымызды жоғалтқанымыз үшін ұлт болып аза тұттық. Алдымен – «Арқанкергендегі» оқиға. Сосын – Шымкент түбінде апатқа ұшыраған «Ан-72» ұшағы. Желтоқсанның 27-сі еліміз бойынша ұлттық Аза тұту күні болып жарияланды.

Желтоқсанның 27-сі. Қаралы митингке  қарақұрым жұрт жиналды
Желтоқсанның 27-сі.
Қаралы митингке қарақұрым жұрт жиналды

Желтоқсанның 30-ы күні Шымкентте ұшақ апатынан қайтыс болғандарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Туған-туыстарының өтініші бойынша кейбірінің сүйектері туған жерлеріне жерленетін болды.

«Астана-Шымкент» бағытымен ұшып шыққан «АН-72» ұшағының бортында шекара шебін шегендеп жүрген шекарашылар болатын. Ұшақ экипажындағы 7 адаммен қосқанда 27 адамды алып кеткен бұл апат Қазақ шекарасына жауапты білікті мамандардың 3/1-ін алып кетіпті.

Әрине, алғашқыда ұшақтың апатқа ұшырауының үш түрлі себебі қарастырылды. Ол Адами фактор, екіншісі – ауа райының қолайсыздығы, үшіншісі – техникалық ақау.

Ұшақтың қалдықтары апат орнынан 50 метрге дейін шашылып кеткен. Сайрам ауылы аумағында орын алған апатқа таяу маңдағы ауыл тұрғындары аң-таң. Елді мекеннен небәрі 1-ақ шақырым жердегі цемент зауытының карьеріне құлаған. «Бұл ұшқыштың шеберлігі. Өліп бара жатса да ауылға, елге зиянымыз тимесін деп ұшақты бұрып кеткені айдан анық» десті тұрғындар.

Желтоқсанның 27-сі. Қаралы митингке  қарақұрым жұрт жиналды
Желтоқсанның 27-сі.
Қаралы митингке қарақұрым жұрт жиналды

Ұшақты өте тәжірибелі мамандар басқарған. Ұшақтың өзі де таяуда ғана Украинада жөндеуден өткені белгілі болды. «АН-72» негізі кез келген ауа райында ұша алатын, дүлей дауылдарға төтеп беретін бірден-бір ұшақ екендігімен ерекшеленетіні тағы бар. Мамандар бұл ең сенімді де жүк тасымалында мықты ұшақ екенін алға тартуда. «Ан-72» ұшағының кезінде мұзды мұхиттағы ғалымдарды құтқаруға да септігі тиген. Сонда 450 шақырым мұз үстінде ұшуына тура келген. О баста ұшақтың бұл түрі Сібір мен Солтүстік мұзды аймақта қолдану үшін жасалып шығарылған екен. Яғни «АН-72» үшін ауа райының қолайсыздығы себеп емес.

Қазақстанда ұшақтың бұл түрінен 2 дана болған. Екеуі де шекара қызметінің еншісінде. «АН-72» ұшағы 7 тоннаға дейін жүк көтеріп, 60-70 әскерилерді еркін алып ұшып кете беретін.

Апатқа кінәлі шынымен де ауа райы ма? Әлде техникалық ақауы болды ма? Қазір бұл апат бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру, анықтау жұмыстары жүруде.

Апат орнынан ұшақтың қара жәшігі де табылды. Қара жәшікті тексеру жұмыстары толық аяқталғаннан соң ғана апаттың нақты себебі жарияланбақ.

Апат орнында болып, қайғы жамылған отбасыларға көңіл айтқан ҚР ҰҚК Төрағасы Нұртай Әбіқаев журналистермен өткізген брифингте «әуе көлігінің жерге қона алмай апатқа ұшырағанға дейін аспанда 4 рет айналып жүріпті» дегенін жоққа шығарды.

Айта өтейік бұл «АН-72» ұшағының әуеге 31-ші рет көтерілуі еді.

Қаза тапқан шекарашылардың отбасыларына материалдық көмек берілуде.

ҚР Шекара қызметі бастығының орынбасары Дәулет Жұмабековтың айтуынша, қаза тапқан шекарашылардың отбасына алдағы алты ай бойына соңғы бес жылдағы жалақылары төленіп тұрады. Сонымен бірге бұл отбасыларға мемлекет тарапынан пәтер беріледі. Осыған орай қазірдің өзінде Астанадан – 7, Алматыдан – 13 пәтер сатып алынуда. Шымкент пен Талдықорғаннан да пәтер сатып алынып, қайғы жамылған отбасыларға берілмек. Жалпы 26 пәтер сатып алынады.

Желтоқсанның 30-ы күні Шымкентте жерлеу рәсімі өтті
Желтоқсанның 30-ы күні Шымкентте жерлеу рәсімі өтті

Тексеру, анықтау шаралары барысында ұшақты таяуда ғана жөндеуден өткізген Украинадан мамандар келді.

– Апаттың мән-жайларын зерттеуге Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер, Әділет және Денсаулық сақтау, сондай-ақ авиация органдарының ең білікті сарапшылары мен криминалистері тартылды. Сонымен қатар ұшақтың құлауының мән-жайын тергеуге қатысу үшін Украинадан «УкрСпецЭкспорттың» және Украина авиациялық-жөндеу зауытының 7 маманы келді, – дейді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Н. Сүйіндіков.

Айта кету керек, арнайы құрылған комиссия апаттың себеп-салдарын бір айдан соң анық айтатын боламыз деп отыр.

Апаттан дене мүшелері адам танығысыз күйге түскен 27 адамның тек 9-ының ғана сүйектері бүгінге дейін ресми түрде танылды. Марқұмдардың сүйектерін тану үшін Шымкентке туған-туыстары келіп, олардан ДНК анализі алынған болатын.

Танылғандар – подполковниктер А. Айымбетов, С. Досыбеков, А. Шуканов және В. Рахманов, майор шеніндегі А. Ибраев пен О. Голубев. Сондай-ақ аға сержант М. Қонақбай, сержант Г. Доланбаева және кіші сержант П. Вязоков. Қалғандары әлі де тексеріліп жатыр.

Осы бір қайғылы оқиғадан соң Парламентте алдағы кезде бір ведмостваның басшылары топталып, бірге іссапарға шықпау, бірге ұшаққа мінбеу керектігі талқыға түсті. Мұндай іссапарларға тыйым салу керектігі айтылды. Әттеген-айы сол, қайғыға тап болған соң ғана барып тыйым салатынымыз өкінішті…

Айтпақшы…

Көңілге бір өкініш, бір қуаныш сыйлаған жағдай да болмай қалмады. Ол подполковник Мұхамадиев Қайрат Ахметқалиұлының апат болған күннің ертеңіне дүниеге ұлының келуі болды. Жары дүниеге ұл әкелгенімен, қайғыдан қан жұтып отырғаны анық. Дегенмен, артында ізі қалғанын медет тұтқан жамағат басу айтуда. Бұл тек 27 отбасының ғана емес, бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған қаза болды.

Көкте қалықтаған көк байрағымыз енді төмен түспесе екен. Мұндай қайғылы жағдай болмасын деп тілейік!

 

Әуе апатынан қаза болғандардың тізімі

Ұшақ экипажы:

Экипаж командирі – майор Нұрахметов Марат Тұрсынұлы;

Штурман – майор Голубев Олег Александрович;

Аға бортмеханигі – капитан Үсенов Марат Еркенұлы;

Командирдің көмекшісі – аға лейтенант Лұқпанов Аслан;

Аға бортмеханигі – прапорщик Вологжанин Александр Петрович;

Аға бортмеханигі – сержант Мысаев Ренат Қанапияұлы;

Бортсерігі – сержант Доланбаева Гүлнұр Жүнісқызы;

Шекара қызметінің мамандары:

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры полковник Стамбеков Тұрғанбек Мұхаметқалиұлы;

ШҚ Бас басқармасы бастығының міндетін атқарушы полковник Нұрлашев Ерғали Нұрғазыұлы;

«Оңтүстік» өңірлік басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Доценко Павел Михайлович

«Оңтүстік» ӨБ бастығының орынбасары полковник Базарбаев Қайрат Күлкешұлы

ШҚ бөлімінің бастығы полковник Қабдылғазезов Қанатбек Тоқтарбекұлы

ШҚ басқармасының бастығы полковник Махаев Ерлан Мейрамбекұлы

ШҚ аға консультанты подполковник Дмитриев Александр Игорьевич

«Леңгір» шекаралық бақылау бөлімі штабының бастығы подполковник Кущь Валерий Николаевич

Жеке инженерлік-саперлік батальоны командирі Қожахметов Бауыржан Зарқымұлы

«Меркі» шекаралық бақылау бөлімінің бастығы майор Ибраев Алмаз Шаймұхамбетұлы

ШҚ күзет және қамтамасыз ету комендатурасының коменданты Досыбеков Сәулебай Сатыбалдыұлы

«Оңтүстік» ӨБ шекара жасағының қызметкерлері:

подполковник Рахман Вячеслав Александрович

подполковник Мұхамадиев Қайрат Ахметқалиұлы

подполковник Шұқанов Аманбек Пердешбекұлы

подполковник Айтманбетов Асуан Бақбергенұлы

ӨБ шекара жасақтарының бастықтары:

подполковник Рахман Александр Александрович

«Оңтүстік» ӨБ әскери қызметшілері: 

аға лейтенант Филипко Анатолий Олегович

аға сержант Қонақбай Мақсат Жұмабайұлы

кіші сержант Вязиков Павел Константинович

 

Стамбекова Сәуле Айтмұханбекқызы