Моноқалалардағы кәсіпкерлерге жағымды жаңалық! Енді шағын қалалардың іскер азаматтарына жеңілдік жасалып, оларға қолдау көрсетіледі. Бұл туралы кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығында өткен жиында айтылды. Мемлекеттік гранттар сияқты түрлі жеңілдіктер моноқалаларды дамыту бағытындағы бағдарламаға енгізілген.
Бақытбек Байсалов, Кентау қаласының әкімі: «Кентау қаласында өз жылу орталығы бар.Және де индустриялық аймақ та ашылған. Ол жерге инфроқұрылымдар тартуға бағдарламада үкімет тарапынан қаражат та атқаралған. Экскаватор зауытындағы өндірістік цехтарды жалға алып, не сатып алып кәсіпті дөңгелетуге болады. Егерде жер телімін аламын десеңіздар, ол жағы да қарастырылған. Несие беру моноқалаларды дамытуға ат салысқан кәсіпкерлер үшін төмен мөлшерлеме пайызын құрайды. Ол несие «Даму» АҚ арқылы беріледі. Субсидия бөлу де қарастырылған».
Кеншілер қаласының басшылығы өз ісін ашып, кәсібін кеңейтемін деген азаматтарды Кентауға шақырды. Өз кезегінде орта және шағын бизнес өкілдерін қаладағы инфроқұрылым мен субсидия секілді мәселелер қызықтырып отыр.
Бақытбек Байсалов, Кентау қаласының әкімі: «Орта және шағын бизнес өкілдеріне ұсынылатын жеңілдіктердің бірі- жарықтандыру бағытында тораптың құрылысы қарастырылған. Ол іске қосылса, онда кәсіпкерлер үшін электр жарығына тариф 10 теңгені құрайды».
2013-2015 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, Кентауда 15 жаңа жоба қолға алынбақ. Олардың қатарында Кентау трансформатор зауытында «Электроқшаулау мен механикаландыру» цехы және сағатына 140 тонна өнім шығаратын мобильді асфальт зауыты да бар. Жиынды қорытындылаған орталықтың жетекшісі кәсіпкерлерді облыстағы жалғыз моноқала — Кентауды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға атсалысуға шақырды.