Úı ANONS Қабырғадағы өнер

Қабырғадағы өнер

Шымкенттің ескі аулалары бүгінде жаңаша келбетке еніп келеді. Жергілікті әуесқой суретші Вениамин Шульгин ескі қабырғаларға түрлі-түсті суреттер салып, оларға жаңа өмір сыйлап жүр. Арна тілшілері суретшінің еңбегін өз көзімен көріп, тұрғындардың пікірін тыңдап қайтты.

Шымкенттің бұл ауласы бүгінде шағын өнер кеңістігіне айналған. Гараж қабырғаларына салынған түрлі түсті суреттер сұр ауланы түрлендіріп, оған ерекше сән беріп тұр. Мұның барлығы — жергілікті суретші Вениамин Шульгиннің қолтаңбасы. Шебердің айтуынша, бір қабырғаға сурет салуға шамамен үш-төрт күн кетеді.

Вениамин Шульгин, әуесқой суретші: «Көңіл күйім керемет болып, шабыт келсе, осындай суретті үш-төрт күнде салып бітіремін. Алдымен грунтовка жасап, қабырғаны дайындаймын. Сосын суреттің сұлбасын түсіріп, бояуға кірісемін. Міндетті түрде арнайы бояулар қолданамын, себебі далада күннің аптабы бар, жаңбыр бар — бәріне төтеп беруі керек. Себебі суреттің түсі солып кетпеуі керек»

Қазір бұл аулада суретшінің 20-дан астам еңбегі бар. Мұндағы тұрғындар бұл әсемдікті күн сайын көріп, көңілдері шаттанып қалатынын айтады. Олар осындай шығармашылық иелерінің еңбегін жоғары бағалап, алғыстарын білдірді.

«Ол менің гаражыма сурет салып берді. Өзім өтініш білдіргем. Нәтижесі керемет болды. Шынымды айтсам, бұл адам құрметке әбден лайық деп ойлаймын. Өйткені ол айналасын, тіпті бүкіл әлемді әсемдікпен түрлендіріп жүр».

«Суретші бұл туындыларын жыл сайын жаңартып тұрады. Шынымен де, ол кісіге үлкен рақмет! Бізге осындай әсемдік пен тамаша көңіл күй сыйлағанына өте қуаныштымыз».

«Әр суретке қараған сайын көңіл күйіміз көтеріліп қалады. Осындай ерекше туындыларды халық үшін тегін жасап жүрген жандар қазір өте аз ғой. Сол үшін рақмет айтамыз. Осындай әсемдіктер көбейе берсін»

Вениамин Шульгин бүгінде ескі подьездерді де бояп, ішін сұлулыққа толтыруға кіріскен. Мына суретті осыдан 3 күн бұрын аяқтаған, соңғы туындалырың бірі. 12 жасынан бері осы салада жүрген жан әр суретті көргенде кез-келген жанның қуанғанын қалайды.

Вениамин Шульгин, әуесқой суретші: «Мен суреттерді бәріне ұнайтындай етіп салуға тырысамын. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бұл туындыларды көріп, қуанса екен деймін. Тіпті балабақша қабырғаларына да сурет салғанда әр адамға жылылық сыйлауды мақсат етемін»

Қаланың әр бұрышында — Вениамин Шульгиннің қолтаңбасы бар. Осылайша, әуесқой суретшінің 100-ден астам туындысы парктер мен аулаларға көрік сыйлап, Шымкентке ерекше бояу беріп тұр.

Лаура Бабас