Әйел – қоғамның ұйытқысы

576
Теріскейдің әйелдері бас қосты
Теріскейдің әйелдері бас қосты
Теріскейдің әйелдері бас қосты

«Әйел – қоғамның ұйытқысы». Осындай тақырыпта Созақ ауданында әйелдер форумы ұйымдастырылды. Онда отбасылық құндылықтар насихатталып, бала тәрбиесі жайындағы ойлар ортаға салынды. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан әйелдер марапатталды.

Өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп-өсіріп, тіршілікке тірек болған ардақты ана мен асыл жарға, аяулы қа¬рындасқа құрметтер шексіз. Себебі, әйел – бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді. Бала тәрбиесіндегі әйелдердің ролі зор. Алайда, қоғам алдында бір осал тұсымыз бар дейді, форумға қатысушылар.

Нұржамал Төлеуова,«Қайрат» балабақшасының меңгерушісі: «Біз бірінші кезекке баланы киіндіру, тамақтандыру, материалдық жағынан қамтамасыз етуді қойғанбыз. Оның тәрбиесіне онша мән бермей келе жатырмыз. Балабақшаға келетін баланың өзіне ата-анасы «не үйретті, қандай сабақ өтті» деудің орнына, «не іштіңдер, кім ұрысты» деп сұрайды. Отбасының бала алдындағы тәрбиенің ролін әлсіретіп алғанбыз. Жасөспірімдер арасында қылмыс көбейді. Бірінші кезекте ата-ана оған өзінен бұрын мектепті кінәлауды үрдіске айналдырған».

Бұл тек Созақ елінде емес, бүкіл әлемдегі өзекті мәселе. Ұлын жарығым, қызын жалғызым деп ешкімнен кем қылмай, қалтасына ақша салып мәпелеу – тәрбие емес дейді ұлттың болашағын ойлағандар. Баланың бір тәулік өмірінің төрттен бірі ғана мектеп қабырғасында өтеді. Сондықтан, әркім өз баласына егелік қылсын.

Нәзік жандылар өзекті мәселелерді көтерді
Нәзік жандылар өзекті мәселелерді көтерді

Аманғали Аймырзаев, Созақ ауданының әкімі: «Қалай мектептің директорын немесе сынып жетекшісін кінәлауға болады. Ол өз сабағын береді, қалғаны ата-ананың қолында. Бәрінде төрт түлік мал бар, ақсақ тоқтысы келмей қалса іздеп шығады, ал балалары түнгі он екіге дейін келмесе де іздемейді. Оқиға содан басталады. Құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс істеп жатырмыз, алайда басты тұлға ата-ана».

Жиын барысында Созақ ауданының өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан арулар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Құмкент ауылында жұмысын тоқтатқан текемет цехы қайтадан қолға алынса деген ұсыныстар айтылды. Ол әйелдердің жұмыспен қамтылуына септігін тигізе бермек.