Бүгін оңтүстікте «Көктем шуағы» күні

678
Батыста "көрісу" күні, оңтүстікте "Көктем шуағы" күні
Наурыз мерекесі басталды
Наурыз мерекесі басталды (сурет интернеттен алынды)

Ұлыстың Ұлы күнін тоғыз күн тойлауды ұйғарған оңтүстік жұрты бүгін, алғаш рет «Көктем шуағы» күнін атап өтуде.  Шырайлы көктемнің келгенімен бірін-бірі құттықтап жатқан ағайынның қуанышында шек жоқ. Ауа-райы да қарасып, мерекені мерекеге ұластырып тұрғандай. Күннің жылы шуағынан нұр алаған шырайлы өлкенің басшысы Асқар Мырзахметов бірінші болып қарияларға құрмет көрсетуді ұйғарып отыр. Сондай-ақ, Шымкенттегі ардагерлер үйіне арнайы барып, көктемнің келуімен құттықтап, сый-сияпат көрсетпек.

Сондай-ақ, облыстың белсенді жастары жиырмаға жуық  ардагерді құттықтап, сәлем бере барады. Оңтүстікте тұңғыш рет аталып жатқан «Көктемнің шуағы» күні, еліміздің батыс өңірінде «Көрісу» күні деп аталады. Ежелгі дәстүр.

Батыста "көрісу" күні, оңтүстікте "Көктем шуағы" күні
Батыста «көрісу» күні, оңтүстікте «Көктем шуағы» күні (сурет интернеттен алынды)

Жаңа жылды Байбақты Қазыбек календары бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады.

Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық үмытылады, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.

Дәстүрді қайта жаңғыртып, ұлыстың Ұлы күнін дәл осы «Көктем шуағы» күнімен бастаған оңтүстік облысының аудандарында да аталып өтілуде.