Шымкентте «Бес бойдаққа бір той» болды

1219

Шымкентте «бес бойдаққа бір той» болды.  Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында Тынымбай Нұрмағамбетовтің осылай аталатын комедиясының премьерасы өтті. Қарапайым отбасындағы қызықты оқиғалардан құралған пьеса осыған дейін Алматыдағы М.Әуезов атындағы драма театрында сахналанған. Режиссер Әубәкір Рахымовты біздің театр ұжымы арнайы шақыртыпты.

Бес бойдақтың бірі Мұхан Шәкіров әйелі қайтыс болған Қырманбай қарттың рөлінде. Оқиға желісі бойынша көзі тірісінде ол балаларының отбасылы болғанын қалайды. Ал ұл-қыздары әкесіне жар, өздеріне ана болуға лайықты жанды іздеп жүр екен.

Мұхан Шәкіров, Қырманбай рөлінде: «Бойдақ болған жақсы. Бірақ комедияда ойнаған емес едім. Кішкене ауыр соғып жатыр маған. Драма, трагедияда ойнап қалғанмын. Бірақ актер болған соғ, режиссер қандай рөл берсе де  ойнап шығу парызымыз».

Үш ұлы мен екі қызы комедияның желісі бойынша өздерінің сүйгендерін әлдеқашан тапқан. Тек әкелерінің батасын күтіп жүр. Ал бұл кезде Қырманбай ақсақалға да ғайыптан қалыңдық кезіге кетеді.

Спектакльді сахналауы Алматы көрермендерінің көңілінен шыққандығынан болар, Әубәкір Рахимовты шымкенттіктер арнайы шақырған. Екі театрдың әртістерінің бір комедиядағы ойындары мүлдем ұқсамайды дейді режиссер.

Әубәкір Рахимов, спектакльдің режиссері: «Ұқсатамын десеңізде, ұқсамайды. Өйткені ондағы әртістердің бойындағы қасиет мұндағы әртістердің бойында жоқ, мұндағылардың бойындағы қасиет олар да жоқ.  Әр адам өзінше, әрқайсысының өзіндік қасиеті бар. Әрқайсысы өзінің шама-шарқынша бар қасиетін кейіпкерінің бойына салады».

Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының 80 жылдығынан орай «Бес бойдаққа бір той» комедиясын Алматыдағы құрамда ойнайтын әртістер біздің сахнада сомдайтын болады. Ал жергілікті көрермен өзіміздің өнерпаздардың шеберлігіне шын тәнті болған секілді.  Әдемі әзілді сағынған болар немесе бойдақтардың тойын көруге асықты ма, көрерменнің қарасы қалың болды. Тіпті қошеметте ұзаққа жалғасты.