Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры 80-маусымын ашты

420
Спектакльден көрініс
Спектакльден көрініс

 Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры 80-маусымының шымылдығын түрді. Өнер ұжымы маусымды Сұлтанәлі Балғабаевтың «Жымбала, Мико және Қасқыр» ертегі-қойылымымен бастады. Қара шаңырақта алғаш рет сахналанған спектакльге балабақша бүлдіршіндері мен мектептің оқушылары шақырылыпты. Айта кетейік, жаңа маусымның басталуымен театр сахнасына бірқатар жас әртістер шықты.

Спектакльден көрініс
Спектакльден көрініс

Мішін мысықтың еркелігі, Тузик күшіктің аңғалдығы, Жымбаланың жалқаулығы. Шытырман ертегіге шомып отырған балалар осы оқиғаны көзімен көргендей, ішінде жүргендей әсерде болды. Бұл сәтте кішкентай көрермендер алдында әртістер де аздап қобалжыды. Себебі, театр әртісі Ержан Тұрымбеков үшін бұл қойылым – алғашқы сахнасы.

Ержан Тұрымбеков, театр әртісі: «Үлкен толқыныс болды, біраз жүрек дүрсілдеді. Басында қиналғаныммен, кейінірек ойлана келе, іздене келе, кішкене бір мінез-құлықтарын таба бастадым. Жаңағы дауыс, үн құбылысын табу қиындау болды. Алайда өзіме нәтиже жаман емес сияқты».

Қойылымдағы оқиға желісінде ертегі еліне саяхатқа шығуды армандаған Жымбаланың әлегі көрініс тапқан. Балақай үйіндегі ойыншықтар, күшік-мысығымен ойынға беріліп, мектепке баруды қояды. Бұған қарамай, досы Мико бастаған топ қойылым барысында Жымбалаға білім алудың маңыздылығын ұқтырмақ болды. Спортпен айналысуға үгіттейді. Қоюшы-режиссер спектакльдің премьерасы болғандықтан, қиындықтар кездескенін жасырған жоқ.

 Жұмабек Есімов, қоюшы-режиссер: «Қойылымның біраз тұсы өзгеріске ұшырады, бұрындары біз әндерін фонограммамен айтушы едік, ал қазір жанды дауыспен әртістердің өздері айтып жатыр. Ол өте ауыр жұмыс. Одан кейін кілең жас әртістер ойнады.»

Балалардың білімге деген ынтасын арттыратын бұл спектакль жыл бойы сахнадан түспейді дейді режиссер.