Масқара! Шымкенттік қылықты қыздар бүлік шығарды. Шамамен 25 жастағы қос бірдей бойжеткен полицейдің жағасына жармасып, төпелеп тастады. Тіпті, тәртіп сақшыларының бет-аузын тырнап, шу көтерген.
Бұл оқиға қаладағы дәмханалардың бірінде болды. Түн ортасы ауғанша отырып, спирттік ішімдік ішкен қыздарға кафе әкімшісінің «Біз 12-ден кейін кафені жабамыз» деген сөзі ұнамай қалса керек. Ал отырыстың ақысын төлеуге келгенде тіпті айқайға басыпты. Содан екі бойжеткен жасы келген апайды тырнап тастаған. Мұны көрген кафе қызметкерлері дереу полицейлерден көмек сұрайды.
Алайда, оқиға орнына келген бір топ тәртіп сақшысы ащы суға сылқия тойған екі қызды әрең тынышталдырады. Онда да «қылықты» қыздар бір полицейдің білегін, екіншісінің мойнын, ал үшінші бір тәртіп сақшысының желкесін осып тастапты.
Оқиға мұнымен аяқталмайды. Бойжеткендердің мас екенін анықтау үшін оларды сараптама орталығына апару керек. Дегенмен, бұл іс полицейлерге оңайға түскен жоқ. Жолда қыздардың бірі полицейдің галстугын жұлып, неге екені белгісіз, сөмкесіне салып алыпты. Мұнда келген соң да айқайға басқан қыздардың бірі көпке дейін тынышталмады. Тіпті, бейнекамераға да тап бермек болды.