Оңтүстік Қазақстан облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекемесінде дұрыс жағдай жасалмаған. Арнамыздың тілшілеріне мүмкіндігі шектеулі жандардың жақындарынан осындай шағым түсті. Қариялар мен жарым жан азаматтарға берілетін тамақ тартымсыз, жуынуға шектеу қойылған. Ең сорақысы, олардың зейнетақысын мекеме қызметкерлері алып қоятын көрінеді.
Шағым бойынша біздің арнаның түсіру тобы қарттар үйінің есігін қақты. Күзетшілер мемлекеттік мекеменің қақпасына салғыласып жүріп, әрең кіргізді. Аулада отырған мүгедектер басшылықтың жоқтығын пайдаланып, бірден ащы шындықты жайып салды. «Өте нашар тамақтандырады», — дейді ашуға булығып.
Басшылық келген соң қарттар мен мүгедектер көптеген кемшіліктер туралы тіс жармады. Керісінше, «Бізде бәрі керемет» деп, басын алып қашты. Мекеме директоры барлығының аузына түкіріп қойған болса керек. Бірақ жағдайдың жақсы емес екенін асханада босап тұрған тоңазытқыштардан да байқауға болады. Қарттар мен мүгедектерге берілетін азық-түлік жоқтың қасы екен. Жан басына мемлекет қазынасынан айына 29 мың теңге арнайы бөлінсе де, қариялар мен жарым жандардың көрген күні осы. Дегенмен, мекеме басшылығы бәрі тамаша деп ақталуға тырысты.
Нұрғали ЕШЕНҚҰЛОВ, ОҚО Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекемесінің директоры: «Пенсиясын өздері алып жатыр. Пожалуйста тексеріп алыңыздар. Любой адамның пенсиясын тексеріңіз. Қазір барлығын жинап кіргізем.
— Тамақтану өте нашар дейді ғой?
— Столовыйға барайық. Көресіз. Кухняны көресіз. Егер тамақтану өте нашар болатын болса, ол жердегі столовый басқаша болар еді».
Сөйтіп, қарттар мен мүгедектер үйінің басшылығы жаманын жасырып, жақсысын асыруға тырысты. Дегенмен, жарым жандар текке шағымданбаса керек. Өйткені жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды.
Мақсат ЖАҚСЫБАЙҰЛЫ
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=CMZnxz73Q2w[/youtube]