ЕУРОПА САПАРЫ – жаңа бастамаларға жол ашты

ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов басқарған кәсіпкерлер тобы сапар барысында Еуропа мемлекеттеріндегі бірқатар өндіріс орындарын аралап, тың жобалармен танысты

ОҚО әкімдігі және «Шымкент Инновация» ЖШС-нің ұйымдастыруымен өткен бизнес-сапар 29 сәуір мен 3 мамыр аралығын қамтыды. Облысымыздың белді кәсіпкерлері Еуропаның бірнеше мемлекеттерін аралады. Аталған шара Германия, Швейцария, Италия елдерімен экономикалық байланысты арттыруға және жаңа жобаларда тәжірибе алмасуға бағытталған. ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов басқарған кәсіпкерлер тобы сапар барысында Еуропа мемлекеттеріндегі бірқатар өндіріс орындарын аралап, тың жобалармен танысты.

ОҚО әкімі Асқар                                        Мырзахметов басқарған кәсіпкерлер тобы сапар барысында Еуропа мемлекеттеріндегі бірқатар өндіріс орындарын аралап, тың жобалармен танысты
ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов басқарған кәсіпкерлер тобы сапар барысында Еуропа мемлекеттеріндегі бірқатар өндіріс орындарын аралап, тың жобалармен танысты

Республика деңгейінде бірінші рет ұйымдастырылған өңір делегациясының сапары Германиядан басталды. Себебі Германия Еуроодақ елдерi арасындағы Қазақстанның ең жақын серiктесi. Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары қазақ-немiс экономикалық қарым-қатынасы жылдан- жылға нығайып жатыр. Мемлекеттік деңгейдегі достықтың негізінде, екі ел арасындағы өңірлік әріптестікті дамыту үшін Оңтүстік Қазақстан облысының құрамы Германияның Баден-Вюрттемберг федералды жеріне арнайы ат басын тіреді.

Әл-ауқаты жоғары өңірге келген тұста, қазақстандық делегация мен Германияның бірқатар ірі кәсіпкерлері арасында түрлі кездесулер жүргізілді. Тиісінше, ведомствоаралық және коммерциялық мақсаттағы бірнеше құжаттарға қол қойылды. ОҚО мен Баден-Вюрттемберг жерінің кәсіпкерлері өндірістегі қалдықтарды қайта өңдеу және жол салудың жаңа технологиясын енгізуде серіктес болуға келісті.

Германиялық «SOILWORKS» компаниясының жол салудағы инновациялық жобасы алдағы уақытта Қазақстанда да қолданылмақ. Яғни кәдімгі құм немесе топырақтан тегіс жол салу әдісін неміс инженерлері біздің мамандармен бөліседі. Жол салудың жаңа тәсілі кәдімгі қара топырақтың үстіңгі қабатын нығыздау арқылы жүзеге асады. Алдымен қара жолдың беті тегістеліп, одан соң оған ерекше сұйық полимерлі органикалық қоспа себіледі. Нәтижесінде топырақ өткел автомагистральға айналып шыға келеді. Мамандардың айтуынша мұндай жол ыстық пен суыққа да төзімді. Тіпті сынбайды, мүжілмейді де. Неміс инженерлері жол салуға арналған сұйық қоспаның қоршаған ортаға зияны жоқ деп отыр. Оның үстіне жаңа технология қолданысқа енсе бір шақырымдық жолды бір айда емес, 2-3 күннің ішінде бітіруге болады екен. Қазір Еуропаның біраз мемлекеттері мен Араб елдерінің шөлді өңірлерінде аталған жоба кеңінен қолданысқа ене бастаған.

Германияда қымыз өндірісімен айналысатын 50 кәсіпорын бар
Германияда қымыз өндірісімен айналысатын 50 кәсіпорын бар

Жаңа технологияны «Шымкент Инновация» ЖШС толығымен зерттеп, тың бастамаға қолдау білдіріпті. Сөйтіп «WATERLABKZ» ЖШС-і арқылы жол салудың жаңа әдісін өңірімізге әкелмек.

Сондай-ақ, осы сапар барысында Асқар Исабекұлы Баден-Вюрттемберг федералды жерінің сыртқы қатынастар министрі Петер Фридрихпен арнайы кездесті. Екі өңір басшысы, екіжақты қарым-қатынастарды жандандырудың болашақ жұмыстарын  талқылады. Тілге тиек болған тақырып кадр даярлау мәселесі. Шыны керек, жастарды салалық мамандыққа оқытып, үздік маман дайындау бүгінде күн тәртібіндегі мәселе. Кәсіптік, құрылыс, ауылшаруашылық, техникалық және қызмет көрсету салалары бойынша кадр даярлау заманның сұранысы.

Осы ретте айта кеткен жөн Баден-Вюрттемберг өңірінде  9 университет, 39 мамандандырылған жоғары оқу орны, 130-ға жуық ғылыми-зерттеу мекемесі бар. Ал Хейдельберг пен Тюбинген университеттері Еуропадағы ең ескі әрі атақты білім мекемелерінің бестігіне кіреді. Сондықтан алдағы бір-екі жылда жаңа технологияны еркін меңгерген неміс білгірлерімен бірлесіп жұмыс істеу жолға қойылады.

Өздеріңізге белгілі, облысымызда Еуропа тұрғындарын қызықтыратын экологиялық таза өнiмдер жеткiлiктi мөлшерде өндiрiледi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, көлiк-логистикалық кешеннiң дамымауына байланысты бiздiң тауарлар еуропалық нарыққа шығарылмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшiн  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тасжолының бойынан барлық инфрақұрылыммен жабдықталған заманауи iрi сауда – логистикалық орталық салынып жатыр. Осы жобаға «Метро» корпарациялар жүйесі мен бірнеше ірі компаниялар қатысуға қызығушылық танытып отыр. Бұйыртса, желілік алпауыттар Қазақстанда өндірілген сан түрлі шикізат пен дайын өнімдерді Еуропа кеңістігіне таратпақ. Осылайша қазақ-герман арасындағы сауда-экономикалық байланыс адымдап алға ілгерілейді деп күтілуде. Сондықтан немістермен өнеркәсiп, энергетика және ауыл шаруашылығы саласында әріптестік байланысты нығайту керек.

Өздеріңізге белгілі, облысымызда Еуропа тұрғындарын қызықтыратын экологиялық таза өнiмдер жеткiлiктi мөлшерде өндiрiледi
Өздеріңізге белгілі, облысымызда Еуропа тұрғындарын қызықтыратын экологиялық таза өнiмдер жеткiлiктi мөлшерде өндiрiледi

ОҚО делегациясы әр саланың бүге-шүгесін қамтыған кездесулерден соң, бірқатар неміс шаруа қожалықтарын аралады. Германияның Вальдбург аймағын­дағы қымыз бен шұбаттан әр түрлі өнім өндіретін Ганс Цольманның жылқы фермасына арнайы тоқтады. Бүгінде аталған шаруа қожалығы жылқы мен түйе сүтінің ұнтақталған түрін шығарады. Сонымен қатар сан алуан косметикалық өнімдерді де өндіреді.

Қазақстандық кәсіпкерлер арнайы қондырғылармен әзірленген қораға бас сұғып, бие сауу жұмысының жүйесімен танысты. Мұндағы жұмыс толықтай автоматтандырылған. Әдістенген құрылғылар 100 биенің көбігі бұрқыраған саумалын небәрі 2 сағатта сауып шығады. Цольман шаруашылығында қазір 400 гектардан аса  жер бар. Онда 500-ге жуық жылқы байланады. Оның 200-і сауылатын бие.

Бүгінде Германияда қымыз өндірісімен айналысатын 50 кәсіпорын бар. Мұнда 1 литр қымыз – 7-10 еуродан жоғары тұрады, ал кептірілген қымыз 20 еуро шамасында.

Ганс мырзаның айтуынша, шөлейтті, далалы алқапта, жусанға жайылған бие сүті ғана ұнтақ қымыз жасау үшін таптырмас шикізат екен. Сондықтан қазақтармен достықты арттыруға ниетім бар, – дейді ол. Кездесу барысында, инновациялық технологияны құнарлы шикізатқа бай Қазақстанға әкелу және жаңа жоба бойынша өнім өндіру кеңінен талқыланды. Осы мақсатта Оңтүстік кәсіпкерлері мен Ганс Цольман шаруашылығы бірлесіп жұмыс жасауды жоспарлап отыр. Келісім ойдағыдай болса, жалы желкенше желбіреп, жер тарпып шапқан қазақ қылқұйрықтыларының саумалынан Еуропа халқы да ауыз тимек. Әрі сан түрлі қымыз өнімдерінің түрін қазақ халқы да тұтынбақ.

Халықты тиімді әрі тәуелді энергия көздерімен және таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де атаулы шарада ұмыт қалмады. Мамандар «PROMINENT DOSIERTECHNIK» компаниясымен су технологиясының заманауи түрін қолданысқа енгізу туралы пікір алмасты.

Ал, Берфельден қаласында оңтүстік-қазақстандық құрам жаңармалы энергия көздерін өндіретін компания басшыларымен кездесті. Шара барысында «ШЫМКЕНТ-ИННОВАЦИЯ» ЖШС мен «PROMONDIS» компаниясы арасында облыстан 20 мгвт-тық ФЭС құрылысын бірлесіп салу бойынша келісімшартқа қол қойылды.

Герман федеративтік республикасынан кейін ОҚО делегациясының сапары Швейцария-да жалғасты. ОҚО әкiмiнiң орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен бірқатар кәсiпкерлер Цюрих қаласында да кездесулер ұйымдастырды. Швейцария кәсiпкерлерi де логистика, туризм және өндiрiстегi қалдықты қайта өңдеу салаларын жетілдіруде әріптестік танытатын болды.

Аталған елдегі туризм және текстиль салалары бойынша үздiк атанған компаниялардың өкiлдерi шымкенттік топты жылы шыраймен қарсы алды.

Қазақстандық кәсіпкерлер ірi өндiрiс орындарын аралап, текстиль өнеркәсiбiндегi тоқыма тауарларын өндiрудiң жаңа технологиясымен танысты. Сапар барысында «ШЫМКЕНТ ИННОВАЦИЯ» ЖШС мен Швейцариялық тоқыма кластерінiң үздiгi «RITER AG» компаниясы арасында  инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды мiндеттейтiн меморандумды бекітті. Сонымен қатар бiлiктi маман даярлауда жаңа оқыту жүйесiн енгiзу жоспарланды.

Сондай-ақ, туризм саласы бойынша да бірқатар кездесулер өтті. Әсіресе таулы аймақтардағы аспалы жол салу мәселесi кеңiнен талқыланды. Оңтүстіктегі Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас сынды аудандар туризмді дамытуға таптырмас қолайлы мекен. Әсіресе, Төлеби ауданының тау жоталары мен қыраттары кімді болса да тамсандырмай қоймайды. Алатау, Жабағылы, Бұғылытау сілемдері көпке таныс. Бірақ осы аумақта арнайы демалыс, оның ішінде қысқы демалыс орындарын дамыту бүгінде толғандырар тақырып.

Және осы жиында машина жасау, логистика және бiлiм тақырыптары да тiлге тиек болды. «BUHLER» компаниясы макарон өнiмдерiн өндiруге қажеттi құрал-жабдықтардың жаңа құрылғыларын ұсынды. Сонымен қатар нан шығару цехтарындағы инновациялық жобаларды да таныстырды. Екi жақты кездесудiң соңында швейцариялық кәсiпкерлер осы жылдың күзiнде Шымкентке арнайы келетiн болды. Сапар барысында олар қараша айында өтетiн инвест-форумға қатысуға ниет бiлдiрдi.

Ал қазақстандық «WaterlabKZ» компаниясы су тазалайтын жабдықтар шығаратын және өңдейтiн кәсiпорын ашу үшiн «Arionex» компаниясымен келiсiмшартқа отырды. Бұйыртса  алдағы бiр-екi жылда ОҚО өңiрлерiн таза ауыз сумен қамтамасыз ететiн заманауи құрал-жабдықтар өзiмiзде жасалынады. Сол арқылы шетелдiң бiлiктi мамандарымен тұрақты түрде тәжiрибе алмасу жүйеленбек.

Жаңалыққа жол ашқан бизнес-сапар мүшелері Италияның Бергома қаласында «Italcementi Group» компаниясында да болды. Алпауыт кәсіпорын цемент өндіруден әлем бойынша бесінші орында. Жылына 75 млн тоннадан астам цемент өндіреді. Дүние жүзінің 21 мемлекетінде 55 зауыты бар өндіріс жүйесінің бүгінде жылдық өнімін сату бағасы 4,7 млрд евро.

Жалпы Оңтүстік өңірінің экономикалық белсенділігін бүгінде кәсіпкерлік сала әжептеуір серпін беріп, өсу қадамын қуаттай түсті. Сонымен қатар индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламалары да әлеуеттің артуына сеп болды. Соның арқасында бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында тың жобалар табысты жүзеге асуда. Мәселен сұрыптық тұқым өндіру, керамика жасау, мақта өсіру мен еспелі және талшықты жіп иіру, яғни текстиль саласы бүгінде біріздендірілген. Сонымен қатар цемент, битум, металлургия және жылыжай зауыттарының жұмыстарында да ілгерілеушілік байқалады. Ендігі мақсат осы салалардағы жүйені жаңалау. Яғни қалыпты стратегияға тың инновацияны енгізу. Еуропаға жасалған экономикалық құндылығы ерекше сапар, осы мақсаттарға жасалған алғашқы қадамдар. Сондықтан Оңтүстіктегі игі бастамалардың болашағы баянды боларына сенеміз.

Нұрлыбек ЖЕҢІСБЕК